Мэлс пен Дәулеткерей айтысы (1-бөлім)
Мэлс Қосымбаев, Дәулеткерей Кәпұлы · 2 мин оқу
Мэлс:
Армысың, асқақтаған Алатауым,
Далама айбат берген дара тауым.
Ассалаумағалейкүм, көрермендер,
Алтыннан қымбат маған алақаның.
Алдыңа сар желдіріп мен де келдім,
Мінгесін сағыныштың сары атанын.
Өлең-қызды алмасам өкпелетіп,
Бұрымын талдап өріп, таратамын.
Армысың, Дәулеткерей ақын інім,
Мен бүгін бауырыңнан жаратамын.
Ей, тәкаппар дүние, тас та болсаң,
Мойыныңды бір бұрғызып қаратамын.
Бағаласа халық пен қазыларым,
Бұл жерде керегі не базынаның?!
Көк байрақты көтерген қыран құстың,
Қанатындай қайтадан жазыламын.
Қанағат болған жерде қасиет бар,
Алтынның дұрыс көргін азырағын.
Сандығын ашады деп саған сендім,
Айтыстай қасиетті қазынаның.
Бұл өлең бермейді ғой жанға тыным,
Айтары жоқ адамның алма тілін.
Намысыңның көрсетші найзағайын,
Жарқылдап аспанында Алматының.
Көп айтыстың болар ма бірі мұндай,
Аталы сөз ұлтымның ұғымындай.
Азаматтар демеуші болып жатса,
Көрмейік Шығайбайдың шығынындай.
Ағалы-інілі боп біз де келдік,
Айтыстың құлыны мен жұлынындай.
Дәулеткерей:
Жұртымды бөлеп жырдың құндағына,
Салиқалы сөз салдым сындарыңа.
Махаббатпен жыр сыйлап мәуелі елге,
Шапағатпен үн қаттым шыңдарыңа.
Томағамды сыпырдым тобыңа кеп,
Жаратқан жар болсын деп жырларыма.
Жүрегімнен жыр-сәлем жолдай келдім
Құдайдың құлақ кесті құлдарына.
Жырымнан жан ләззатын алсаң абат,
Сөйлейін сөз киесін сан салалап.
Ағайын айтшылап кеп, айтыс көрген
Қабыл болсын, тіледім баршаңа бақ.
Рамазан айында ықыласпен
Айтылар бір Пайғамбарға бар салауат.
Иманын кәмілдеген қазағымның
Жүрегін отты өлеңмен алсам орап.
Сара сөздің саңлағын сыйлаған ел,
Сағынышпен жеттің бе сау-саламат?!
Тәңірім өнерліге өріс берді,
Бармақтай бағы барға жеміс берді.
Арғымақ ағамменен жұптасқасын,
Демеспін несібем де кем үстелді.
Бақ сынасып көрейін алдарыңда,
Иығыма қондырып періштемді.
Дүбірі дүниені дүрсілдетіп,
Жерден Мәді шыққандай Мэлс келді.
Жұртым бар өнеріңді байқас деген,
Күбісін қара өлеңнің шайқас деген.
Алмастай ағам едің жарқылдаған,
Айтыста суыратын айқасқа өлең.
Ал, ағасы, бірақ та ұмытпағын,
Алмасты да жүздейді жай таспенен.
Кей ақын көбік сөзге көп семірген,
Көбік сөз ілесе алмас көшке мүлдем.
Айтыстың ақтангері өзің едің,
Бағасын баталы ойдың беске білген.
Ағасы, өзің мінген қайығыңды,
Өзіңнің жүздіремін ескегіңмен.
Өйткені, әуеніңді алып шықтым,
Аулақпын бүгін сізден сескенуден.
Сынады деген сөз бар қазағымда,
Сексеуілді ұрсаң тек сексеуілмен.
Айтыстай аршындаған ақ күлікпен,
Сөйлейін қыран қанат қақтырып мен.
Тақым қысып отыр ғой тыңдармандар,
Тілменен тұлпарларын шаптырып тең.
Отырсаң бірлігіңмен мамыражай,
Алашым, басыңа кеп бақ біріккен.
Татулықтың тартайын таралғысын,
Тіл үйіршы ал, аға, тәттілікпен.
Мэлс:
Мұнар да мұнар, мұнар күн,
Бұлттан да шыққан шұбар күн.
Қай жерде айтыс бар десе,
Жарысуға құмармын.
Шабытым менің шапқыла,
Тұлпарындай Тұранның.
Қасиетті дінім бар
Құбылаға қаратқан,
Құдіретіндей Құранның.
Басыңнан бір күн айығар,
Торлаған мына тұман күн.
Дәулеткерей, саған да