Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Есенқұл мен Тәушен айтысы (2-бөлім)

Есенқұл Жақыпбеков, Тәушен Әбуова · 3 мин оқу

Бақыт тілеп сендердей балдарыма,
Жетсін деймін аңсаған арманына.
Айтысып ел-жұртыма таныс қылған,
Рахмет айтамын шалдарыма.

Бұл дәстүр шығады деп білген жоқпын,
Дегенмен жаман өмір сүрген жоқпын.
Әріптес болғаныма бақыттымын,
Жеңдім деп сол шалдарды жүрген жоқпын.

Қарапайым мен жүрген бір кісімін,
Ескіліктің көзіндей үлгісімін.
Кейбіреу оқымаған деп айтады,
Оқымаған Сараның сіңілісімін.

Есенқұл:

Даусыңнан айналайын, асыл анам,
Тағдырдан не көрсе де жасымаған.
Ақын кемпір болсаң да оқымаған,
Түріңіз көрінбейді тоқыраған.
Өзіңізбен айтысқанда кейбір шалдар,
Секілді жеңіл асық шашыраған.
Өмірбақи шалдармен айтыссаң да
Таңдайыңа ешбір шал татымаған.

Кемпір боп осы жерге келсең-дағы,
Қайтасың қыздай болып сахнадан.

Шалдарын апам жаман демейді екен,
Ескі көз ескі көзді жебейді екен.
Тасбақаның өзіне лайықты,
Болады махабаты демей ме екен.

Тәушен:

Жүзден жүрік деген бар, мыңнан тұлпар,
Көркім жаман болса да сөзім – сұңқар.
Талай шалды жеңдің деп сен отырсың,
Талай шал сыртымыздан болған іңкәр.

Кемпірдің шалға айтатын назы жоқ па?
Шалдардың кемпірге айтар зары жоқ па?
Сұрастырып көрсейші мына залдан,
Айтысатын бұл жердің шалы жоқ па?

Мен отырмын өзіңнен сасайын деп,
Отырмысың көңілімді ашайын деп.
Байқап тұрмын, Есенжан, іркініңді,
Бірдеңе отырсың-ау жасайын деп.
Бұл күнде қыздарыңнан кемпір қымбат,
Отырсың ба бір шалға сатайын деп.

Жалтақтап қарай берем жан-жағыма,
Шалдар шыдас бермейді-ау жанжалыма.
Сатсаң егер, қарағым, бай шалға сат,
Тамақ болып қалсыншы балдарыма.

Есенқұл:

Балаң сенің отырған жоқ сасайын деп,
Өзіңе отыр бір жақсылық жасайын деп.
Өзіңіздей, апасы, тұлдыр кедей,
Отырмын Әлімқұлға қосайын деп.

Апасы, даусың сенің жадырады,
Мейірімді даусың мынау аңырады.
Өз еліне қонбайтын сал кемпірді,
Бай шалдар-ау, апасы, не қылады?

Тәушен:

Апаңа айтқан бұл сенің сырың ба еді,
Өтірік пе, кім білед, шының ба еді.
Әлімқұлға қоссаңыз жаман емес,
Сом алтынның ол да бір сынығы еді.

Ақындар бір бастаса тоқтамайды,
Айтысқанда уәжден бос қалмайды.
Әлімқұлға егерде мені қоссаң,
Туамын-ау, қарағым, Тоқсанбайды.

Есенқұл:

Әлімқұл жүр қайратты, қуатпенен,
Өзіңізге деген бір шуақпенен.
Қазақта бір нақыл сөз бар емес пе,
«Батырдан барымташы туад» деген.
Әлімқұлдың тұқымын алғың келсе,
Шалыңнан екі-үш күнге сұрап берем.

Тәушен:

Бағымызды ол кезде ашпас па екен,
Кім біледі кемпір-шал саспас па екен?
Құдай білед мен барсам Әлімқұлға,
Менен бұрын ол шалың қашпас па екен?

Іздегенге бұл апаң табылатын,
Көпшілікті көрмесең сағынасың.
Әншейін әзіл қылып жатырмыз ғой,
Қажап сен кемпір-шалды не қыласың.

Сенен мен ұтылмаспын, арғымағым,
Тілімді терең сөзге барғызбадым.
Ағайын, бұл сөзімді айып етпе,
Жай әншейін балам деп қалжыңдадым.

Небір сөз сөйлей берсең сөз болады,
Төмпек сөз айта берсең кез болады.
Қайтеді осыменен аяқтасақ,
Естігеннің құлағы мезі болады.

Есенқұл:

Әлімқұл – қартаймайтын қатқан шалым,
Жанына көп кемпірдің жатқан шалым.
Боз биенің сүтіне шомылдырсақ,
Артығырақ болады жастан шалың.

Бір сынап, ақын апа, кеттің мені,
Көңілім өзіңменен көп гүлдеді.
Айтысайын өзіңмен деп келгем жоқ,
Келіп ем қыр-сырыңды естіргелі.

Тәушен:

Ақын інім, бәрін де біліп тұрсың,
Өнеріңді мына жұрт сүйіп тұрсын.
Апаңды мақтадың-ау, айналайын,
Мәртебең әр уақытта биік тұрсын.

Әр бір сөзің, қарағым, келісті еді
Бір сөзіңді келмейді теріс дегім.
Анаңның ақ тілегі осы айтылған,
Шалынсын құлағына періштенің.

Әркімдер сөз айтады досыменен,
Көңілдің біз де айттық қошыменен.
Тірі болсақ, ағайын, кездесейік,
Аман болыңдар әйтеуір осыменен.

Есенқұл:

Жарықтық, жалпақ қана шешем едің,
Жарылып, желімделген кесем едің.
Адам біліп болмайды әлі күнге,
Қай күні бейнетіңнің өтелерін.

Өзіңдей аман болсын енелерім,
Көтерген бәрін бірдей қара жерім.
Бөленіп шуағына мына өмірдің,
Қызығын көре бергін немеренің.

Жамбыл атам сияқты
Жүзге, апа, келіп кет.
Немере мен шөбере,
Ары қарай өріп кет.
Жүзден жасың асқанда,
Шөберенің боғына
Тайып-жығылып өліп кет.

1998 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз