Бекжан мен Мұхамеджан айтысы (5-бөлім)
Бекжан Әшірбаев, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу
Ұят-аятын білместер,
Құлағын түрмес есті үнге.
Бес парызын өтеуде,
Бейтараптар бес тілде.
Баптистерге иланып,
«Илла-лаһқа» қиналып,
Болашақтың ауызымен
Құттықталмайды ешкім де.
Құдайдың үйін келіспес,
Уәделермен бітірген.
Қағып түсер қарғыс бар,
Қате кетсең үтірден.
Мултьфильмдегі қояндай,
Мүфтиің қойды-ау оянбай,
Пікір айтуға көшті ғой,
Қалтасы толып пітірден.
Сәлем саған сан рет,
Ниеттілер мекені.
Бабаға берген сертінен,
Сырғымаған екі елі.
Табиғат сенің ділің ғой,
Шариғат сенің дінің ғой,
Рәтбектерге осыны
Ескертсеңдер не етеді?
Алланың атын аз көрме,
Басқарып тұрған пультпенен.
Құндылықтарын өлтірсе,
Ұмытылады ұлт деген.
Мырқымбайларға айтыңдар,
Қыртымбайларға айтыңдар,
Елінен жеген арам ас,
Жерінен шығар күтпеген.
Мұхамеджан:
Адалдың аспанында бұлт болмайды,
Арамның ауласына құт қонбайды.
Жүрегінде иманы жоқ адамның,
Жүрген кезде табаны нық болмайды.
Аллада адамдарды алалау жоқ,
Тәубе қылсаң күнәңнан түк қалмайды.
Бара алсаң адалдықтың ақ жолымен,
Пейіштің есігінде құлп болмайды.
Қыздарға дейді қырық үйден тыйым,
Бұл күнде олай болуы мүлдем қиын.
Әке мен шешеден де әсерлірек,
Тәрбиелеп жатқанда видео-фильм.
Қай қазақ өз иманын тірнектемес,
Қай мұсылман өз дінін құрметтемес.
Шапаның қырық жамау болса дағы,
Ағайын, иманыңды кірлетпе еш.
Адамдар пейіш-баққа бару үшін,
Меккеде өмір сүруі міндетті емес.
Уа, Бекжан, қиядан жол табатынбыз,
Тәрбиені жиі еске алатынбыз.
Ал, бүгінде кісілік кісенделіп,
Қасиеттің кестік-ау қанатын біз.
Еліктеуге келгенде есерлерге,
Өзгелерден оқ бойы дара тұрмыз.
Бұл адамдар маймылдан шыққан жоқ деп.,
Рас, кейде кісі боп қалатынбыз.
Адамдықтан азғындап, азып-тозып,
Біздер қайта маймыл боп баратырмыз.
Салмақты сөздерің бар төкпе жырдай,
Дегенмен, бәрі сіңбес бетке нұрдай.
Сорпа суы болмаса сіңіретін,
Кісі де жалығады еттен ыңғай.
Қасыңдағы қарсыласты сен ұмытып,
Еуропаша ойлаумен кеткенің-ай.
Суырып сап жорғалық көрсетелік,
Сүйінбайдың шыңына жеткен ұлдай.
Қарасам қарсыласқа қапталдағы,
Сабыр сақтап отырса, сақтанғаны.
«Біздің Бекжан байсалды» деген сайын,
Көрінбейді күлгені, шаттанғаны.
Қабақ шытып қарайсың айналаңа,
Сіңірлі сілеусіндей қақпандағы.
Ақын деген арқырап тұрушы еді,
Ішін тартан бурадай ақпандағы.
Ал, сенің қозғалатын түрің жоқ қой,
Қонжиып, қонжық құсап шатқалдағы.
Бекжан:
Бабымды бекемдесем бір іс тынар,
Шабытым шетінемес ұрыс құмар.
Көңілдің хат тасушы кептері боп,
Жаңалық әкелуге тырыссын Ар.
Болсаң да айтыстағы реформатор,
Шама бар қарқыныңды ығыстырар.
Мұхажан, суырып сап айта қалсаң,
Оныңды атап өткен дұрыс шығар.
Даламның даңқын дәріптер,
Қайда Сері, қайда Сал?
Ауылдың сәнін кетірген,
Кәсіпсіз кемпір, майда шал.
Ханыңды тақтан алардай,
Арыңды ақтап алардай,
Құдірет керек ақынға,
Құран Кәрімге ой қосар.