Бекжан мен Мұхамеджан айтысы (2-бөлім)
Бекжан Әшірбаев, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу
Алысып арнасымен теңіз біткен,
Ауызға толтырып ап қобыздық дем.
Аңсатып жаялықтан тән иісті,
Ақ жырдың адал сүтін еміздік тең.
Ешкіммен бөліспейтін сенім күшін,
Тұрамыз болат мінез сегіздіктен.
Атағы Аспан сүйген серігім ең,
Қиын-ау сәттеріңді егіз күткен...
Сарайдан сауат ашып сан мұраға,
Бабында отырғанда бар құрама.
Мүмкіндік екеумізде тең болмаса,
Шығарып сахнаға пар қыла ма?
«Келсең-кел» айтысына шақырайын,
Көршілер араласпаған заңды бала.
Зор екен Сізге деген ел құрметі,
Шапалақ ұрып қояр алдын-ала.
Өзіңді «еркін баға» заманында,
Балапты феноменге Арғын аға.
Азуыңды айналып өтіп кетсем,
«Жол тәртібін бұздың» деп зар жылама.
Мұхамеджан:
Құрметтеп ұлы өнерді жүрген ерсің,
Қадірін әріптестің білген ерсің.
«Азуыңды айналам» деп отырсың,
Талай-талай додаға кірген ерсің.
Азуымды айналып өтемін деп,
Өңештен өтіп кетіп жүрмегейсің.
Қолда деп батыр бабам, ақын бабам,
Атадан сөз асырар ақылды адам.
Балбырап балалардың шабысына,
Көкжиекке жамбастап жатыр далам.
Қызыл тіл – қынсыз қылыш, тіс – ақсауыт,
Ауыз – ошақ отты сөз лапылдаған.
Бастамаң дұрыс болды, Бекжан ақын,
Ал, енді тартысқа шық тақымдаған.
Жеңіс күн жер қозғалар сөз айтпасақ,
Көркімізді көруге шақырмаған.
Сұм соғыс ұмыттырып балалықты,
Түтінге тұншықтырған даналықты.
Сол кездегі солақай саясат та,
Пайдалана біліпті-ау шалалықты.
Орта Азиядан барғандар неміс үшін,
Қайтпайтын қара орыс боп саналыпты.
Сонда да олар Отан деп, орда бұзып,
Берлинге барып танытқан даралықты.
Міне, Бекжан, сол жеңіске елу үш жыл,
Болып тұр ел ырысты, дала құтты.
Енді ешқашан соғыстың кілті ашпасын,
Қаһармандар сап кеткен қара құлыпты.
Айтқаны ақындардың ұғынықты,
Ғаламға жүргізеді кім үгітті.
Соғыс жылы Жеңіске деген сенім,
Левитанның даусымен тіріліпті.
Сол секілді халықты рухтандырып,
Бұл Бекжандар танытсын ірілікті.
Жәкеңнің «Ленинградтық өренінен»,
Фашистің танкілері сүрініпті.
Қажымұқан самолеті сезіндірген,
Әке-шешең бермеген жылылықты.
Ер боп туған Әлия, Мәншүгіңнен,
Еркектердің тізесі бүгіліпті.
Баукеңнің қаһарынан қорыққандар,
Әйелдің етегіне тығылыпты.
Рейхстагқа ту тігер ұлды берген,
Қайдасыңдар, қазақтар, діні мықты.
Ақынсың жүйрік болып саналғандай,
Шабуылға шыға қалсам шараң қандай?
Артық қимыл жасамай, сақ отырсың,
Арланның апанына қамалғандай.
Борықтай борпылдаған бозбаласың,
Құс мұрын, құмай кеуде, марал маңдай.
Жүректі солқ еткізер сөз айтайық,
Қара жерге найзағай қадалғандай.
Ал, ақыным, сөз баста арқаланып,
Арқардың құлтекесі жаранғандай.
Көзің сүзіп қарайсың көрерменге,
Ерініңе насыбай сап алғандай.
Бекжан:
Саралар азаматты дос елегі,
Дұшпандық ақырында бос өледі.
Тек қана ауа райы тәуелді еткен,
Бабамның рухы мықты, есен еді.
Айтысу, көкпар тарту қиқулатып,
Қазақтың қасиетті қос өнері.
«Өңешке кіріп кетпе» деп отырсың,
Айтысым бұлай болса өсер ме енді?
Қарсылас жеңісіне сенімді екен,
Ал, оның болған екен не себебі?
Бәйгенің ауылына апаратын,
Әкеңнің атындағы көше ме еді?