Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Есенқұл мен Тәушен айтысы (1-бөлім)

Есенқұл Жақыпбеков, Тәушен Әбуова · 3 мин оқу

Есенқұл:

Ассалаумағалейкүм,
Арнайы келген қонақтар,
Саңлақты біздің қазақтар,
Құр қалмаған өнерден.
Домбыра қолға алайын,
Әніме біраз салайын.
Көптен бері сағындым,

Аманбысың, ағайын!

Тәушен:

Армысың осы отырған барша қазақ,
Ақ тілекті келіп ем, арқалап ап.
Сіздерді көрмегелі он жыл болды,
Жүрсіздер ме бәріңіз сау-саламат.

Жасымда ақын болып білінбедім,
Ешбір жанның көзіне ілінбедім.
Маған берген құдайдың абыройы,
Айтысқанда шалдардан сүрінбедім.
Жүрсінжан әдейілеп шақырыпты,
Мақтан етіп мен бұған дүрілдедім.
Егемендік алғандарың құтты болсын,
Содан бері мен сіздерді бүгін көрдім.

Құрметпенен шақырған соң келіп едік,
Сөз білмесек бұл жерге неге келдік.
Нұрсұлтаннан айналдым асыл халқым,
Қазаққа алып берген Егемендік.

Бізге бақыт – өркендеп өскендердің,
Өз қолың өз ауызыңа жеткендерің.
Ақмоланы атантып Астана ғып,
Құтты болсын тұсауын кескендерің.

Жігітсіңдер барлығың жанып тұрған,
Анадан ақылды боп, алып туған.
Айналайын мен дағы Президенттен,
Қазақты жер жүзіне таныттырған.

Әлімнің келгенінше жыр арнадым,
Не деймін деп, құдай-ау, қиялдадым.
Еске алып ағасына кеше ғана,
Қабыл болсын оқытқан құрандарың.
Жақсының өзі өлсе де, ісі өлмейді,
Ұмытпайды ұрпағың, ұландарың.

Өнер деген өмірмен бірге келер,
Айтыссаң сиқырлы сөз тілге келер.
Айтыс десе қоятын ішкен асын,
Қазағымның қанына сіңген өнер.
Халқым, тамашаға келгенсіңдер,
Талай-талай доданы көргенсіңдер.
Қол соғып, жұма сайын ақын қылған,
Мына мені, ағайын, сендерсіңдер.

Өмірге келгеннен соң адам болып,
Жүресің әр нәрсеге алаң болып.
Айналайын, Есенқұл, енді саған,
Мен сөйлеймін қарағым анаң болып.

Мінезіңнен айналдым қыздай болған,
Өлең-сөзің ұп-ұзақ жырдай болған.
Сен енді ұлымменен жасты екенсің,
Көзіңнен айналайын тұздай болған.

Анаңнан қатты сөйлер мен емеспін,
Артықсың көп ақыннан кем емессің.
Жүрсіннен айтысам деп сұрап апсың,
Айта қойшы, қарағым, не демексің?

Есенқұл:

Ассалаумағалейкүм Алматыма,
Жиналған үлкен-кіші, кәрі-жасыма.
Жамбылдың жолбарысы жүр ме екен деп,
Қараймын қайта-қайта тау басына.
Армысың аңқылдаған, Тәушен апа,
Келтірген талай шалды тәубасына.

Апасы, қартайдым деп жорта айтасың,
Өлеңіңмен көңілді марқайтасың.
Осындай қарқыныңыз бола берсе,
Әлі талай шалдарды қартайтасың.

Қартайған деп сізді осы,
Жүр екен, апа, кім санап?
Кәріден озып кетпейді,
Бүгінгі туған мың талап.
Қызыл ауыз қызталақ.
Қазақтан қалған бір мақал:
«Кемеліне келгенде
Кемпір де болса қыз табад».

Қазақтың қасиетті кемпірлері,
Өткен өмір суреті өң түрлері.
Өз үйінде өзі келін сияқтанып,
Келінінің алдында елпілдеді.
Жүрсіннен мына сізді сұрағанда,
Діңкелетіп отырғам жоқ өлтіргелі.
Жүрсіннен сізді әдейі сұрап алдым,
Құдіретті білсем деп кемпірдегі.

Тәушен апа, болам дейсің анам бүгін,
Өз ұлыңдай сенің де болам бүгін,
Өздеріңдей аналар тірі жүрсе,
Заманның байқамайсың зұлымдығын.

Апамның айтқан өлеңі
Мына бізге сабақтай.
Жас балалармен айтысып,
Шалдарды қойдың жаратпай.
Шалдарменен айтыссаң,
Қадалушы едің өкпеге,
Өкімет салған налогтай.
Мені де қуып жүрмегін,
Алды-артыма қаратпай.

Тәушен:

Көңілімізге кәрілік байқалмайды,
Нағыз ақын айтыстан тайсалмайды.
Есенжан, біз қартайдық, мойындаймыз,
Өнер, шіркін, бірақ та қартаймайды.

Алпыстан алда қашан асқан шағым,
Жетпісті алқымдатып жатқан шағым.
Апаммен айтысам деп жабысқан соң,
Қалай енді мен сенен бас тартамын.

Талай жасқа, қарағым, келгенім шын,
Талай шалмен айтысып көргенім шын.
Тілегіңнен айналдым, асыл халқым,
Қол соғып, ақын қылған өздеріңсің.

Айтпасақ та, Есенжан, біліп жатыр,
Құлағын ақындарға іліп жатыр.
Қазақтың сылпылдаған кемпірі көп,
Сахнада қай кемпірі жүріп жатыр.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз