Айтақын мен Әзімбек айтысы (4-бөлім)
Айтақын Бұлғақов, Әзімбек Жанқұлиев · 2 мин оқу
Айтақын:
Бөбекті айтып Әзімбек дау қылады,
Жамандаған жақынын жау қылады.
Детсад деген түк емес, біздің қазақ,
Туберкулез, мерезбен ауырады.
Айтқаныңнан не пайда,
Төрде отырған төрелер
Сөзіңе құлақ салмаса.
Аштан қазақ өлмейді,
Меңдеп жатқан індеттен,
Қырылып бір күн қалмаса.
Қасіреттің жамылдық бүгін торын,
Байқайсың ба, ақыным, мұның сорын.
Орта Азия ішінде Қазақстан,
Алады екен СПИД-тен бірінші орын.
Жүйрігі сенсің Тараздың,
Ел мақтаған ақтабан.
Биі де сенсің Тараздың,
Дауы болса жатпаған.
Көсемі сенсің Тараздың,
Көш-керуенін бастаған.
«Қазақ елі» газеті,
Жар салып жүр жаһанға,.
Жамандық жерде жатпаған.
Қарағанды жерінде,
Қазыбектің елінде,
Үш жүз елу адамы,
СПИД-пенен ауырып,
Қазақты сыртқа жау қылып,
Ел намысын таптаған.
Құдіретті құдай да,
Сақтанғанды сақтаған.
Ұрпақ жайын кім айтар бұл ертеңгі,
Жұбатпайды көңілді жыр-ертегі.
Ұстаз қайда бұл күнде ұлағатты,
Ақша жинап балдардан күнелтеді.
Мектепке бармай кей бала,
Қатардан қалып мұңайды.
Кітап пенен жылуға,
Ұстаз ақша жинайды.
Айтатын болсам мен шындық,
Соқыр адам жылайды.
Әзімбек:
Айтақын осы қап ед жетпегендей,
Отырсың бір асауды ерттегендей.
СПИД-ті айтып сен өзің қоймайсың ғой,
Осыны он жыл бойы зерттегендей.
Қарайсың қайта-қайта оң жағыңа,
Ойыма көңіліңіз толмады ма.
Мынадай сөздеріңмен Айтақыным,
Қалдырарсың жарты жолда молданы да.
СПИД пен мерездердің бәрін зерттеп,
Доктор боп кетпесеңіз болғаны да.
Әрине мұғалімдер жылайды ғой,
Олар тек шәкіртімен шырайлы ғой.
Болмаса білім берер ұстаздарың,
Мектебің бір-ақ күнде құлайды ғой.
Айтақын біраз жайды ұқпады ғой,
Айтқаны құлағыма жұқпады ғой.
Келе сап қара аспанды су алдырдың,
Ауызыңнан бір жақсы сөз шықпады ғой?
Еліміз болашаққа беттесін де,
Қайғы-азап, қияметті шекпесін де.
Жақсылыққа жорып айт сен одан да,
Жамандық шекарама жетпесін де.
Белгілі көсемдігің, даналығың,
Қалмапты қырықта да балалығың.
Өзіңді күтіп едім он сағаттай,
Осы ма айтатұғын жаңалығың.
Сен бүгін айттың біраз ойларыңды-ай,
Сарқытпен келуші ме ең тойға мұндай.
Сөздерің шашыраңқы болып кетті,
Қойшының қасқыр шапқан қойларындай.
Шабыттың айналдырып диірменін,
Отырасың, келіспейді күйінгенің.
Тағы да айтысатын ақындар бар,
Айтеке, осыменен түйіндегін.
Айтақын:
Айып па екен мен мұны ашып айтсам,
Жол бермеймін, жол сұрап қарсылассаң.
Табылады қысыр сөз іздегенге,
Сылтау қылып өлеңді салғылассаң.
Өлеңің теңіз тереңі,
Айтақын елге сенеді.
Жаманды айтпай жақсылық,
Әзімбек, қайдан келеді?
Елбасының талқылап жолдамасын,
Қалай мұны ақындар қолдамасын.
Дұрыс болса бағыты, қарашасы
Хан жарлығын қалайша қорғамасын.
Жүзеге асса әр ісі,
Қолдаса жас пен кәрісі.
Қазақстан болады,
Орта Азия барысы.
Жүрегінің түгі бар,
Жолдан таймас жолбарыс,
Мұқалмаса намысы.
Қыран қонар өр болсын,
Көңіліңіз көл болсын,
Тілерім сол Тәңірден,
Төрт құбылаң тең болсын!
Әзімбек:
Көрермен, ошағыңнан от кетпесін,
Өмірің қиындықпен тек кетпесін.
Айтақын, бұдан былай шіренбегін,
Тартпаңыз байқаусызда шорт кетпесін.
Айбатты арыстандай ақырайық,
Бұл айтыс біздер үшін болды лайық.
Қоштасайық сахнадан қимастықпен,
Тату-тәтті достардай, ал тұрайық.
1998 жыл.