Бекжан мен Мұхамеджан айтысы (4-бөлім)
Бекжан Әшірбаев, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу
Келмейді бұл қазаққа сырттан қайғы,
Сырттағы елге өзі де сұқтанбайды.
Алдын алып көрмеппіз аурудың,
Дертің де дер кезінде құнтталмайды.
Есіріп, есі кеткен жас буындар,
Ертең ұлық болғанда ұлтты алдайды.
Жастарында тәрбие-тәлім болмай,
Жұлдызы жанып тұрған жұрт болмайды.
Ағаштың да діңгегін ақтап тұрсаң,
Өріктің өзегінде құрт болмайды.
Бұл заман байқап тұрсаң, күрес кілең,
Шайқасады бір ессіз бір естімен.
Құс базары дегенді білуші едік,
Қыз базарын, Бекжан-ау, кім естіген?
Тағдырдың татпаса да жұмсағынан,
Қазақ қызды сыйлаған гүл шағынан.
Жер-әлемді жаулаған Шыңғысхан да,
Қыпшақ қыздың шықпап па ед құрсағынан?
Азияға әйгілі Әлия, Мәншүк,
Аман еді өсектің бұршағынан.
Ал, бүгінде жан-жаққа қараймын да,
Ілгергі ізгілікті шын сағынам.
Сұлулар суға еритін шекер ме еді,
Көргенсіздік жайлап тұр көп елдерді.
Талдай түзу жігіттер тағыланып,
Мейіздей сұлу қыздар мекерленді.
Ар, иманы ақаусыз болса егерде,
Арабтарға сатылып кетер ме еді?
Аймақтың гүлі болған ару қыздар,
Байлардың күңі боп жүр шетелдегі.
«Ауруды ажал кеп әшкере етер»,
Бетімізді баспайық бекерге енді.
Сүйгендей айым-асқар, күнім-шыңды,
Еріген май боп елге үнім сіңді.
Батысты оқып, Шығысты тоқығалы,
Ой өсіп, санам сергіп, тілім сынды.
Заңды ұрпағы болар ек заңғарлардың,
Заман жайлы шерте алсақ бүгін сырды.
Біздің дәуір қорабы темекінің,
Жылтырлармен ораған күлім сіңді.
Ұрпақты улап келген жиырма ғасыр,
Жанып біткен жиырма тал шылым сынды.
Бекжан:
Осылай сахнаға ұшар денем,
Әрине, қарсыластан күш ал деген.
«Қайратқа футболист бол» деп отырсың,
Мұхажан, сөйлеп едім мысалменен.
Барондар бара қоймас қате істерге,
Боп шығар мансаптыға шатыс пенде.
Қоғамдық акустика әлсіреген,
Кім айтар ақиқатты қатысты елге?
Лениндік сенбіліктің «көрермені» –
Қазақтың жалқаулығы таныс перне.
Ойнайтын эпизодтық рольдерді,
Ұқсайды тағдырымыз әртістерге.
Болдық-ау анекдоттар кейіпкері,
Жас әулет әуестеніп жат істерге.
Тағдыры ел мен жердің былай қалып,
Тек қана ұлтшылмыз-ау ас ішкенде.
Қашан да ұлы айтыстың тың тәлімі,
Ысырмас ыдыс-аяқ ынталыны.
Патефон, пілтешамның дәуірінде,
Атомның ақиқатын кім таныды?
Тарихты паралаудың құрамындай,
Патшаның пайымында пұл қадірі?
Баласы Конторбайдың сабақта жоқ,
Ап кеткен бөтелкелес бір тамыры.
Тілге еркіндік бердік деп,
Дінге еркіндік бердік деп,
Ділге еркіндік бердік деп,
Кімге еркіндік бердіңдер?
Пушкасы келіп үйді атқан,
Пушкині келіп миды атқан,
Әселханға ұқсамас
Пілге еркіндік бердіңдер.
Академиялық білімді
Әкеден алу – әділ жол.
Қазақша біткен қарын да
Қанағатымен қадірлі ол.
Азаттығыңның жолында,
Қазақ тілінің жолында,
Аспан көздермен атысқан,
Дудаевтардай әділ бол.
Миссионерлерден жыйсын да,
Мәсісін киген ел есін.
Бейітке белгі болғанша,
Бұл жерге өзің егесің.
Кришнайтқа өткендер,
«Крышалары» кеткендер.
Махамбетіңді мазақ қып,
Мияулап өткен демесін.