Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мэлс пен Дәулеткерей айтысы (3-бөлім)

Мэлс Қосымбаев, Дәулеткерей Кәпұлы · 3 мин оқу

Өзіңе жырдан бүгін кит беремін,
Ағама ақыл айтып сүйт демедім.
Ағасы, сөздің салты емес пе еді,
Мақалда бар қоян мен ит дегенім.

Айналайын, ағайын,
Алдыңда бүгін Алла деп,
Ақжаңбырдай толассыз
Сіркіресем деп келгем.
Асқарынан Алтайдың
Асып аққан өзендей
Күркіресем деп келгем.
Тас түлек тектес өлеңмен
Алдыңа шығып тұңғыш мен
Бір түлесем деп келгем.
Бәрін айт та, бірін айт,
Айтыс айтыс болғасын
Мэлстей мынау ағаммен
Сілкілессем деп келгем!

Ағаға іні неге елірмейді,
Кемесін жалған шабыт жел үрлейді.
Қалайша Мэлс толғап кеткенінде,
Көңілі інісінің семірмейді?
Ағасы, арындамай, байқап сөйле,
Қубас айғыр құнанын кемірмейді.

Мэлс:

Сілкілесуге тұрмайтын
Ақын іні сен емес.
Інінің сөзін тыңдамас
Ақымақ аға мен емес.
Қубас айғыр деп қалдың
Үйімде күндей қызым бар,
Қубас дегенің жөн емес.
Балқы Базар айтатын:
«Жақсы менен жаманның
Арасы жер мен аспандай».
Жүректе толған жырым бар,
Болашақта жазылар
Дүркіреген дастандай.

Намысың болса бойыңда
Көрінерсің сен ертең,
Айтыста тұрған асқардай.
Білемін сөздің қадірін.
Әлдекім сынды мастанбай.
Қыздар да саған шай құйған
Жауқазын бейне жас талдай.
Арқырап бастағанымен
Інім де менің сасқандай.

Аманаттап ойды айтамын
Ойымда жүрген отпенен.
Жаманатқа қалмайсың
Жарысқан кезде тектімен.
Әуеніммен жырласаң,
Айтыстың бүгін өсетін
Мәртебесі деп білем.

Мен сайрайын, сайрайын,
Көктем де болып жайнайын.
Ізімнен ерген інім бар,
Аспанда тұрып қарасаң,
Он төртінші айдайын.
Ағалығымды көрсетіп,
Көңіліңді жайлайын.

Мен сені тастамаспын күресінге,
Айтысып ағаңменен жүресіңде.
Дәулеткерей атыңнан айналайын,
Ұқсасын деп қойыпты ұлы есімге.
Мың жерден шапқанменен арқыратып,
Тұз көзір менде отыр ғой, білесің бе?!

Бұл жерде бұйырылмас айыпқа жыр,
Көрейін әзіл айтып халыққа бір.
Алматыда айтысып отырғанмен,
Дәулетжанның көңілі Жайықта жүр.

Көркіне айналғасын сахнаның,
Айтпай ма алаулатып ақын әнін.
Іні болып сен тұрсаң ізетпенен,
Алдыңда жыр-теңізді сапырамын.
Елге келген қадамың құтты болсын,
Ерулік деп Ауылға шақырамын.

Тұлпар-жырдың тайдырмас тағасы елім,
Өлеңмен тарқатайын дала шерін.
Бұйырса, күткен жерден шаң беремін,
Маған да үмітпенен қарашы, елім.
Батырлықтан бақ тапқан алмас қылыш,
Ақындықтан бәрібір аласа едің.
Малың менен жаныңды садаға деп,
Ардың туын көтерген Алаш едің.
Өлеңменен аштырған оразамды,
Барыс жылғы бір шалдың баласы едім.

Дәулеткерей:

Ағамның айтыс деген ұраны бар,
Ағызған арындатып бұлағы бар.
Сөйлесе төкпелетіп текті жырмен,
Көпшілік көкейінде тұнады бал.
Бүгін де алдарыңда жарқыратып,
Өлеңмен жағатұғын шырағы бар.
Қубас деп айтқаным жоқ мен ағамды,
Артында еріп жүрген құнаны бар.

Айтыстың кетпесін деп арманда ері,
Талқыға салып отыр талғамды елі.
Ағасы, арман деген үлкен, асқақ,
Шақырады алаулаған таңнан мені.
Еліңнің тұлпары едің тұмарлаған,
Саңлақ сахнаның сандалкері.

Мэлс:

Айналайын көрермен,
Ақындарың біз едік
Алқаға түссе сайраған.
Дәулеткерей, сөз айттың
Шығарып жауап майдадан.
Көл қорыған қызғыштай,
Сен десе салам байбалам.
Өлеңнің құнын біледі

Өзіңнен артық қай балаң?
Жайықта жүр жақсы қыз
Күн-түні сені ойлаған.
Сол қызға сабақ беретін
Мұғалім Мелс – қайнағаң.

Оқыдым өлеңіңді «Парасаттан»,
Тамаша бұлақтайсың жараса аққан.
Өнердің шын жолына түсем десең,
Аулақ бол арзан атақ, ағаш аттан.
Өкпесін өнерге айтып кейбіреулер,
Адамдай тызылдайды ара шаққан.
Қазақтың айтысының сен болашақ
Даңқты жүйрігі бол дара шапқан!

1998 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз