Айтақын мен Әзімбек айтысы (1-бөлім)
Айтақын Бұлғақов, Әзімбек Жанқұлиев · 2 мин оқу
Айтақын:
Амансың ба, Алатау асқаралым,
Сен тұрғанда мен кімнен жасқанамын?
Амансың ба, көңілі жаз гүліндей,
Жомарт елі оңтүстіктік астананың.
Ақ пейілі ұқсайтын,
Алатаудың қарына.
Алматылық ағайын,
Келдім сені сағына.
Сүйінбайға сиынсам,
Дем береді жаныма.
Бақтыбайға сиынсам,
Сөз салады жағыма.
Ал, Әзімбек, көмілме,
Енді менің шаңыма.
Өкіметті көшірдік Ақмолаға,
Енді Алматым қазаққа жат бола ма?
Шенеуніктер кеткенмен мафия бар,
Айналмаса болғаны атқораға.
Зиялы қауым мұндағы,
Көктегі күн, ай болса,
Аппақ қардай Алматым,
Атына заты сай болса,
Қарма жеген жарлы да
Байпаңдаған бай болса.
Алатаудың бөктері,
Иран баққа айналса.
Азаттықтың айналған ақ туына,
Жандайшаптың көнбеген жаттығына.
Қасиетті Желтоқсан себеп болған,
Бодандықтың қамытын лақтыруға.
Қанмен жуған Желтоқсан,
Қасиетті алаңды.
Сүріндірген Желтоқсан,
Дінмұхаммед данамды.
Дүр сілкінткен Желтоқсан,
Он сегіз мың ғаламды.
Бұйырмады демесем қыз жаныма,
Құдай әкеп байлап тұр тұзағыма.
Желтоқсанда Әзімбек жолығыпсың,
Тоңдырайын өлеңнің ызғарына.
Ала жаздай гөлайттап,
Желпілдеген Әзімбек.
Желтоқсанда отансыз,
Селкілдеген Әзімбек.
Крыловтың шегірткесі,
Секілденген Әзімбек.
Әзімбек:
Жүйріктің мініп келдім жарамдысын,
Өлеңнің өріп келдім орамдысын.
Ақынға одан асқан бақыт бар ма,
Халқының арқаласа бар алғысын.
Тараздан ал, ағайын мен де келдім,
Тең ұстап үзеңгімнің таралғысын.
Айтыс десе арқасы бірге қозар,
Көрермен астаналық, аманбысың.
Жалаңдап сол жағымда сен отырсың,
Секілді Айтақыным, жаналғышым.
Ал енді ақтарайын өлең кенін,
Қайран ел, сен болмасаң келер ме едім?
Халықтың біз білеміз баяғыдан,
Киелі өнерменен көгергенін.
Астана көшсе-дағы Ақмолаға,
Көшпеген аманбысың, көрерменім.
Көп боп еді келмегелі астанаға,
Астана боп кетіпті басқа қала.
Кеткендердің орынын қытай басып,
Қазақтар, қап қоймайық масқараға.
Бар нәрсе Ақмолада іліп алар,
Бұл жақта бірі қалып, бірі барар.
Егер де жүз мың бойдақ қыздар қалса,
Олардың кім кеп енді сырын алар.
Жекеше үйі болса сол қыздардың,
Қытай кеп пропискаға тұрып алар.
Болмаса қамыңды ойлар бір адамың,
Алашым, ашыла ма сірә бағың.
Еліне жағатындай ісі жоқтар,
Білеміз Заманбектен құлағанын.
Кешегі Премьерді қуған Зәкең,
Қытайдың таппас па екен бір амалын?
Кеп жүрген Әзімбектің аты дара,
Бұл күнде ақын деген аты ғана.
Атағым болмаса егер бір кездегі,
Айтысқа Жүрсін мені шақыра ма?
Әкім боп қайта келген Заманбектей,
Ақын боп қайта шықтым сахнаға.
Ал, халқым, барлығыңды жыр етемін,
Құлпыртып тотыдайын түлетемін.
Көзіңмен көріп қалшы енді бүгін,
Әйтеуір Әзімбектің тірі екенін.