Айтақын мен Әзімбек айтысы (3-бөлім)
Айтақын Бұлғақов, Әзімбек Жанқұлиев · 2 мин оқу
Айтақын:
Игәйіңә мына жұрт таң қалмайды,
Жалықтырсаң бұл жерде жан қалмайды.
Арық қойдың сорпасында дәм болмаса,
Ақылсыздың сөзінде мән болмайды.
Көресің енді бағыңнан,
Өз обалың өзіңе,
Өзіңнен көр қағынған,
Ұқсаймын деп тотыға,
Шықылықтап сауысқан,
Жүрісінен жаңылған.
Мына заман қай заман, түрі жаман,
Қасқыр құсап жортатын ұры заман.
«Мен сенбеймін байыма», – дегендейін,
Зар жылатқан халықты сұры жаман.
Мына заман қай заман,
Арбаны жарға айдаған.
Екі қадам аттасаң,
Базар толған айналаң.
Бұлбұлдардың үні өшіп,
Әтештері сайраған.
Саудагердің заманы,
Басы айналған пайдадан.
Қылмыскердің заманы,
Болып кеткен хайуан аң,
Соның бәрін тиятын,
Қайда тәртіп, қайда заң?
Біреу кедей, біреу бай,
Ұшынып тұрған бұл заман.
Жомарттың қолын жоқ байлап,
Қысылып тұрған бұл заман.
Қолынан келген қонжиып,
Қонышын басқан бұл заман.
Социализм сансырап,
Мерт болғанда қансырап,
Қайта туып капитал,
Орнын басқан бұл заман.
Күні үшін күйбеңдеп,
Қазақ деген қайран ел,
Малын сатқан бұл заман.
Желбір жекен желігіп,
Арын сатқан бұл заман.
Доллар үшін домалап,
Тәнін сатқан бұл заман.
Шешіп беріп шекпенді,
Алтынын да, мысын да,
Мұнайын да, құсын да,
Шедірейген шетелге,
Бәрін сатқан бұл заман.
Ақын қайда сөзінен жау жасыған,
Аққан бұлақ секілді тау басынан.
Әзімбекке «бас десең құлақ» дейді,
Саудагердей жаңылған саудасынан.
Өлеңіңнің ұйқасы,
Шала піскен бөлкедей.
Олақ әйел құраған,
Көк жібі кеткен көрпедей.
Шайнауға тіпті келмейді,
Тарамыс болған желкедей.
Әзімбек:
Батырлар ел қорғауда өтті арланбай,
Жайың бар оны айтуға оқталғандай.
Жаудың бәрін шаптырып болдың ғой сен,
Арпа, бидай ас деген күн кеп қалғандай.
Қайран ел, бастан нені өткермедің,
Қанатты қиындықта көп сермедің.
Өз туың, әнұраның, елтаңбаң боп,
Байрағы азаттықтың көкке өрлегін.
Шайқалмай шаңырағың шарықтай түс,
Жаратқан, осыны тек көп көрмегін.
Байқасам бұл Айтақын теңіз дейді,
Жыртықтың бәрін түгел негіздейді.
Ағындап алға қарай жылжымасақ,
Жыламаған сәбиді емізбейді.
Жатқандай көкейіңнен от өріліп,
Отырсың елдің жайын өте біліп.
Одан да жақсылыққа жорысаңшы,
Қалсын бір ел көңілі көтеріліп.
Қосылып көпшіліктің жарысына,
Салайық қамшыны біз намысына.
2030-ыншы жылды күтпей,
Айналайық Азияның барысына.
Қазаққа бақ пен қыдыр қона жатса,
Құдайым, сөйтіп елім пана тапса.
Бүйрегі бюжетіңнің томпаймай тұр,
Жабылып жатқанымен балабақша.
Ауызынан сәбилердің жырып алған,
Кімге опа болып жатыр арам ақша.
Айтақын, әңгімеңді бастай бергін,
Тағы да сауалыңды тастай бергін.
Әйтеуір көзі ашық ақынсың ғой,
Манағы сөздеріңді қоштай келдім.