Мэлс пен Оразалы айтысы (1-бөлім)
Мэлс Қосымбаев, Оразалы Досбосынов · 2 мин оқу
Мэлс:
Арнасы кеуіп тартылса,
Су болар дейді болмашы.
Ассалаумағалейкүм,
Ақындар хандық құратын,
Мыңнан тұлпар шығатын,
Айтыстың Алтын Ордасы.
Жырласаң жанарыңнан жалт ұшатын,
Айтыста қарпысатын, тарпысатын.
Оразжан, ойың бөлек, сойың бөлек,
Тайсалмай топқа түссе тартысатын.
Жаңалықтың көкесін сен көрсеттің,
Бір күнде бес ақынмен айтысатын.
Беліңе байлағаның берен болсын,
Айдынға шығарардай кемең болсын.
Жұртымыз зейін қойып тыңдайтындай,
Жүректен шыққан нағыз өлең болсын.
Жылқының жүйрігі де жыр секілді,
Жаз мініп, күз жіберген көбең болсын.
Кемдігі білінбесін шабысыңның,
Ендігі сөз кезегі сенен болсын.
Оразалы:
Бәйгеге тұлпар қоспас таң асырмай,
Қайнатпас қаймақ үшін қара суды-ай.
Қарсылас, қарсылас боп шыққанменен,
Көзіме көрінеді-ау жанашырдай.
Себебі семсер ұстар бір қазақтың,
Екеуміз ақын едік баласындай.
Ендеше Мэлс аға, менменсіме,
Өзіңе сәлем бердім нағашымдай.
Ал, мынау халқымызға бас иейін,
Жемісі жерге иілген ағашындай.
Отыр ем сізді күтіп бас қалада,
Армысың, адуынды аптал аға.
Ауыздық қиған езуін тайдай болмай,
Біз бүгін жүгінейік ақ, қараға.
Тас тессем де шығайын, тамшыдай боп,
Менен де сыбағаңды ап қал, аға.
Азуың өткенімен жас балаға,
Адымың жетпей қап жүрме масқараға.
Ақырғы айтыста «Аһ» ұрып кетпегейсіз,
Ақырғы оқты атқандай бос далаға.
Ал, ендігі жол болса, аға сізден,
Хан туа жатар сосын қараша үйден.
Алпамыстай арындап отырсыз ғой,
Аңырап алпыс жаста бала сүйген.
Қанша тұлпар болсаң да кез болғандай,
Тасырқап тұяғыңа таға киген.
Тоба деп топқа түсіп отырған соң,
Шананы біз сүйрейік шамамызбен.
Ағалық ақ қызмет болса сізден,
Інілік ізет болар аға бізден.
Бурадайын бұлқынып келгеніңде,
Бұзаудай боп кетпегін, тана сүзген.
Мэлс:
Сырыңды Оразалы білген жоқпын,
Әсерсіз әңгімеңе күлген жоқпын.
Айдалаға оқ атып айтысқанда,
Ауғанның соғысында жүрген жоқпын.
Айтысқа бүгін шыққанда,
Біз сегізбіз, сегізбіз.
Жақсылардан жалғасқан,
Жаңғырыққан лебізбіз.
Шабыты келсе шалқыған,
Ауасы жұпар аңқыған,
Тулаған асау теңізбіз.
Өзіміз емес сөзіміз,
Сере шыққан семізбіз.
Алдыңа келді әлеумет,
Айтыстың сегіз баласы.
Алдыңнан бүгін өтеді,
Сен көретін айтыстың,
Құласы менен аласы,
Шаңқаны менен қарасы.
Айтылған сөздің берілер,
Көрерменнің атынан,
Көрікті болса бағасы.
Айтысқа келмей жатып-ақ,
Қылдың ғой мені нағашы.
Ақыннан өлең қашпайды,
Аузында болса тобасы.
Шамшырақ жанған түбінде,
Мұхиттан терең нәрсе жоқ.
Тектілерге бұйырған,
Тереңдіктің наласы.
Аспанннан биік нәрсе жоқ.
Астары төмен қарап тұр,
Құдіретке кімнің шарасы.
Айналайын, әлеумет,
Ойыма келген өлеңнің,
Осылай болды шамасы.
Оразалы:
Маңызды ойлар қозғадың масаттанбай,
Ағасы, жарақ қандай, жасақ қандай.
Жөніменен жырлаушы ең, жолыменен,
Құдаға құйрық-бауыр асатқандай.
Қамшы ұстап қарагерге жайдақ мініп,
Қатар шауып көр бүгін хас сақтардай.
Ауғанды айтқаныңда бір мән бар ғой,
Шарасыздық емес пе шатасқандай.
Ал, енді ары қарай соз қапастанбай.
Тағы да өлең-жырды мен қозғайын,
Жиен боп өзіңізге тақасқандай.
Аға десем, әрине, тіл батпайды,
Ол да маған емес қой құрғақ қайғы.
Нағашы десем жарасар айтысымыз,
Нағашыға жиен жақсы қылжақтайды.