Бекжан мен Мұхамеджан айтысы (3-бөлім)
Бекжан Әшірбаев, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу
Бағамдап қарсыластың шартты райын,
Шекара күзетінде сақ тұрайын.
Табиғат заңы емес қой – жеңе беру,
Бағамды бара-бара арттырайын.
Ерлікке бару үшін себеп керек,
Оған да дайын адам боп тұрайын.
Адамдар сұлулықты сурет көріп,
Айнадан іздейді екен жоқ шырайын.
Саусақтар қайталауға ұшырайды,
Қазақтың санай берсең көп «құдайын».
Спорттық сипат алды айтысымыз,
Мұхажан, ұғымыңды нақтылайын.
Солақай боксершының тәсілімен,
Күтпеген қапталыңнан соққылайын.
Николай Озеровтың дауысыменен,
Қақпаға кіріп кетер доп қылайын.
Ақ айдыннан алыстап шортан балық,
Бостандығын ап қойды ортаңғы арық.
Нарықтық заң орнады зәлім ниет,
Капиталист қоғамнан қолтаңба алып.
Қырық бірдің қырғыны сынап берген,
Әлеуметтік орта бар кемтар, ғаріп.
Ордендерін сатқыздық соғыста алған,
Окоптағы дауыстан дерт арналып,
Өгей көзбен қарайтын өлкелерден,
Бос бөтелке іздеді дел-салданып.
Әр әжімнің тарихын жатқа білмей,
Қарт танымын отырмыз келте аңғарып.
Бар ошақта олардың болуы шарт,
Мәртебесі – Әнұран, Елтаңбалық.
Мәншүктер өлтірмесе немісті егер,
Қазіргі әрекетің теріс келер.
Анаңның ақ жүрегі ақ парақтай,
Қалдырған автограф періштелер.
Баһадүр ұлдарыңа пейілді боп,
Бойында базар ашқан келісті өнер.
Ұлылық егіз туса қайтер еді,
Табиғи дауыс бар да тең естілер.
Қарсылас қорғаныста ойнайды екен,
Алдағы жоспарына тегіс сенер.
Жасанды «офсайд» қылу ойымда бар,
Әйтпесе, түрің жоқ қой жеңіс берер.
Мұхамеджан:
Бекжан, мен отырмын жайыңды ұғып,
Сөйлейік сүре, түре, қайым қылып,
Озеровты айтасың, қақпаны да,
Тыңдап тұрмын сөзіңді пайымды ғып.
Болаттай ағамызды демеуші ғып,
«Қайратқа» жіберейік ойыншы ғып.
Өзіңе қарсылас боп, жақын қылып,
Отырмын кеудеңдегі сәтіңді ұғып.
Әкемнің атындағы көше де жоқ,
Бір құдайым жаратқан ақын қылып.
Жеңіске жетсем, Бекжан, жетіп жүрмін,
Қазағымның көңілін көпір қылып.
Бабаңның ұлық тұтсаң бар мұрасын,
Жартастағы дауыстай жаңғырасың.
Жігітсің бұлттан биік, ұлттан төмен,
Жасықтық жігеріңді жаншымасын.
Жиырма бестің қайратын көрсет бүгін,
Халқыңның бір толтырып қанжығасын.
Балалықта даналық танытпаса,
Ақыл тіс кімге керек алжығасын?
Ұстаған суретшідей қыл қаламын,
Сөзден сурет салсам жанар мұнда бағым.
Халық жайлы толғанып, ойды айттың,
Төмен түсіп кеткендей бір қабағың.
Балықтар басынан кеп шірігенмен,
Айтайықшы көңілде тұрған әнін.
Бүгіндегі жастарды ойланам да,
Жан-жағыма қарап мен мұңданамын.
Ештеңе тіліп айтпас тіл секілді,
Жырлайық, туған елім, бір шетіңді.
«Бұл дүние біреуге бақ, біреуге сор»,
Дегені бабалардың шын секілді.
Соқыр ішектей шошайып жүргендер көп,
Сәлем берсең, шалқаяр пір секілді.
Халықтың көңілі қазір мұң шертіп тұр,
Қобызға қолдан таққан қыл секілді.
Ұлттық рухын жоғалтқан ұлдарың көп,
Қылышына тар келген қын секілді.
Тамырын тарата алмас қыздарың бар.
Шелекке отырғызған гүл секілді.
Құдайсыз ұрпақты да өсірдік-ау,
Құмырадан шығарған жын секілді.