Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бекарыс пен Оразалы айтысы (3-бөлім)

Бекарыс Шойбеков, Оразалы Досбосынов · 2 мин оқу

Егесін таба алмастан ескегіміз,
Белгісіз болып жүр ғой не істерміз.
Жаңалығын елімнің сұрадыңыз,
Сұраққа жауап берсек, қош дедіңіз.
Оңтүстік-солтүстік деп бөлері жоқ,
Бір күн ғой бәріміздің кешкеніміз.

Айтайын мына жайды елесеңіз,
Жан едік өзені мен кемесі егіз.
Екі зауыт тірілді Шымкентімде,
Қалғаны да деп жатыр теңесеміз.
Әзірге осыған біз мәз боп жүрміз.
Жылы сөзін айтқандай жеңешеміз.
Одан басқа айтарлық жаңалық жоқ,
Кішкене күн жылынды демесеңіз.

Ниетін ақындары білдіріп жүр,
Біреулер елді бекер бүлдіріп жүр.
Тағы да бір қауесет шығып жатыр,
Оның анық-қанығын кім біліп жүр.
Жақында Президент келеді деп.,
Оңтүстіктің өлкесі дүрлігіп жүр.
Қазақтың қанға сіңген әдетімен
Біраз басшы мұрынынан сүрініп жүр.

Жайғасып жайлауына көш біткенің,
Көрсетіп жатыр қонақ-дос күткенін.
Бойдақ шал көбейді ме деп сұрайсың,
Мен сенен ондай сауал еш күтпедім.
Шымкентте бойдақ шалдар көбейердей,
Кемпірлер қырылды деп естіп пе едің?

Оразалы:

Ардақ керек, әрине, айтысқа да,
Ақылды сөз жеңеді қай тұста да.
Тайсонға мен айналып кетсем бүгін,
Арман айта алмай кетерсің, байғұс бала.

Естігем жоқ кемпірлер қырылды деп.,
Апаларым жатыр ғой бүгін жүдеп.
Барлығы шұбырып кеп базарда жүр,
Үйдегі еркегінің күнін тілеп.
Әселхандай апаң да айтып еді,
Арттағы ұлдарына «тірілші» деп.
Осындай жағдайды айтпай бұл ініміз,
Құрғақ сөзге құлағын бұрын тігед.

Сақтамай көңіліңе кекті қандай,
Жайың бар еді сенің тек тұрардай.
Апа мен жеңгелерің жүр осында,
Арманын оңтүстікке жеткізе алмай,
Базарды күндіз-түні жағалайды,
Қап-қара шемішкесін өткізе алмай.

Бекарыс:

Ораз-ау, сөз қорыңды молайтқайсың,
Ойыңды түсіндіріп көп айтқайсың.
Бойдақ шалды сөз қылып отырғанша,
Одан да базарды айт деп неге айтпайсың?

Ертеңгі егелері болашақтың,
Бүгінде базарларда ала шапқын.
Тонын сатып жесе де, тойып жату –
Бүгінгі проблемасы бар ошақтың.
Біз бұған қыңқ етпейтін болып алдық,
Таяздығын көрсетіп парасаттың.

Бұл өзі ашылмаған әлем емес,
Құр мақтау өкіметті дәлел емес.
Мен қанша әдемілеп айтқаныммен,
Бәрібір елдің жайы әдемі емес.

Секілді жаңа өмірдің баспалдағы,
Халықтың өзгеше бір басталды әні.
Талай жыл түскеннен соң арасына,
Көліне қайта оралды қасқалдағы.
Бірақ бізге әділет жетпей жатыр,
Қол жетпейтін ай сынды аспандағы.
Құзғынның көмейінде қалып жатыр,
Тауықтың тамағы үшін шашқан тары.

Шулатып кәрі кемпір, жас баланы,
Нарық деген заманы бас салады.
Жұмыстан біржолата бос қалғалы,
Халықтың толмай қойды тостағаны.
Үкімет те, ауысты әкімдер де,
Тойдырса қайда қалды аш баланы.
Жаңадан іске келген жақсы ағалар
Тірлікке бастар ме екен дос-жараны.
Тәуіптің ең жақсысы, ағайындар,
Ауруға ауру жамап, қоспағаны.

Құдайым құлқындыны шектесе екен,
Жақсыларды қолдасын, көктесе екен.
Ертеңге еге болар ұрпақтардың
Өмірі өкінішпен өтпесе екен...

1998 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз