Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бекжан мен Мұхамеджан айтысы (6-бөлім)

Бекжан Әшірбаев, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу

Зиялы қауым зеріктің,
«Зекетін» беріп ши бұттың.
Кеңсайға тұрып кезекке,
Ақсайдан тәуір үй күттің.
Дорбаңның түбін қағатын,
Докторлық қорғап алатын.
Безендірілуі мықты ғой,
Беделі азған биліктің.

Заңдар шығып жатыр ғой,
Тілек айту түрінде.
Велосипедтен құлаудай,
Беделден құлау бұ күнде.
Бастықтарды кекірген,
Мінбелерден лепірген,
Бұрышқа ғана тұрғызып,
Жазалаймыз-ау түбінде.

Октябряттар орнына –
Ақпа құлақтар келді ғой.
Пионерлер орнына –
Зиян ерлер келді ғой.
Комсомолдар орнына
Нан соғарлар келді ғой.
Коммунистер орнына –
Коррупистер келді ғой.

Дамыған шалдар ауылда,
Домино ойнап жүр дейді.
Кемпірлеріне кездеспей,
Әр үйде ойнап жүр дейді.
Емізік ему ауыр деп,
Есірткі шегу тәуір деп,
Құдайдың салып суретін,
Сәбилер ойнап жүр дейді.

Қайық қайда барарын ағыс біліп,
Жағалаудан күтуде алыс күдік.
Таныстырып ойнайтын басшыларды,
Аспанында қазақтың тағы үскірік.
Сексен бестен басталған реформаға,
Ел сенбеске айналды әдісті ұғып.
Таныта алған бір кезде жүйріктігін,
Кәрі тарлан шабады намыс қылып.
Әлиханның заманын бара жатыр,
«Алихандра» сериялы ауыстырып.

Осынау тауқыметке тола ғасыр,
Әліптің артын бақсаң болады асыл.
Мысалы, Мырзалиев мұрат еткен,
Атанар қазақ тілі төраға тіл.
Ұрлана қарап қойып «шпорына»,
Халықпыз айта білер молаға сыр.
Тек бізге екі ауызды болмау керек,
Айтарым ініге де сол-ақ ақыл.

Мұхамеджан:

Жыр кетті тарихтардың жағасында,
Сүт кетті ғасырлардың сабасында.
«Екі ауыз болма» десең мен болмайын,
Бір ауыз бола білсем нанасың ба?
Құранға ой қоспай-ақ қояйықшы,
Ой алса да жетер елдің ағасына.
Пешенелі пенденің соқпағы бар
Бесік пенен бейіттің арасында.
Елдің жайын жырладың, жердің жайын,
Соны айтып көкейге ой саласың да.
Жерініп биліктінің тоқтығынан,

Жалдың қылы ұшқандай шоқтығыңнан.
Соның бәрі, Бекжан-ау, өрістейді,
Бойындағы тектіліктің жоқтығынан.

Желісін ғасырлардың желі үзбеген,
Тарих пен тағылымды егіз көрем.
Кешегі Кенесары тұлпарына,
Доңыздың басқан шөбін жегізбеген.
Ұмайдың үлгісіндей Зере әжеміз,
Құнанбайды дәретсіз емізбеген.
Атаның бойындағы тазалықтан,
Абай туды тектілік негізбенен.
Азғындап жүрген пенде аз ба бүгін,
Торқа киіп, мінсе де семіз дөнен.
Былғанған бұлақтар кеп құйғанменен,
Кінә артпаймын халықтай теңізге мен.
Осынау аурудан айықса деп,
Жүз жиырма төрт мың пайғамбар ем іздеген.

Қазақтың жағдайы жоқ мастанардай,
Сызды басып сүйегі қақсағандай.
Өкімет өз былығы өзімен боп,
Халықтың жағдайы үшін саспағандай.
Немқұрайлы тірлікті көзбен көрдік,
Қоғамның ақыл-ойы ақсағандай.
ГСК-ны ашты да қайта жапты,
Шалалық керек енді басқа қандай?
Біреудің әлпештеген қызын алып,
Үш күннен соң талақ қып тастағандай.
Билікте жігіттер жүр мол арналы,
Ауызына да алмаған тобаңды әлі.
Кешегі банк басқарған Жандосовың,
Ілгергі Жандосовтай бола алмады.
Орысша ойлап, жөйітше түс көргесін,
Халқының көкейіне қона алмады.
Ораздай бабасының тектілігі,
Баласының бойына оралмады.
Осындай ұлдар тізгін ұстаған соң,
Қобалжу басылмайды қоғамдағы.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз