Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Манап пен Тәушен айтысы (2-бөлім)

Манап Көкенов, Тәушен Әбуова · 2 мин оқу

Тәушен:

Қиыннан қиысады өлең деген,
Өлең десе әркім-ақ елеңдеген.
Табиғаттың сыйлаған дарыны ғой,
Айтыс десе жерім жоқ төмендеген.
Мақсатым өзіңізді жеңу де емес,
Көңілін табу халқымның өлеңменен.

Қызыл туын өлеңнің желбіретіп,
Кемпір ақын қасыңа келді жетіп.
Сөз маржанын тіземін мөлдіретіп,
Кейбіреуше айтпаймын селдіретіп.
Мәке-ау, құлағың сап тыңдар болсаң,
Жүрегіңді жіберейін елжіретіп.
Таудан аққан бұлақтай тасты жарып,
Өлеңімді ап келдім мөлдіретіп.

Таудан ескен самалдай аңқылдадым,
Үзбей соққан сағаттай сартылдадым.
Шумақ сайын сіз мені мақтасаңыз,
Көктемгі найзағайдай жарқылдармын.

Ау, Мәке, сөйлессек сөз ұласады,
Бүгінде өзіңізден кім асады?
Өлеңнің әзілі бар, оспағы бар,
Жөнімен айтылса кім таласады?

Айтысқан соң ақындар сынасады,
Әріптесің осындай сыр ашады.
Мәкесі, төрелігін өзің айтшы,
Қандай сөзді көңілің ұнатады?

Манап:

Көркіне Тәушеннің қараса,
Үр қызынан тамаша.
Сұлулық біткен өзіңе,
Оймақ ауыз, қиғаш қас,
Жазық маңдай, сүмбіл шаш,
Қарақат жанар көзінде,
Елу бестің кезінде.
Қисаймай тұр қос анар,
Кеуденің көркем төрінде,
Тізілген маржан тісі де,
Бір кеміс жоқ ісінде,
Айтшы артық, кемін де!
Өзіңе бүгін кез болдым,
Алпысқа шыққан кезімде.

Әзілге, Тәушен қалқам, болаттайсың,
Сөзімді жөнмен айтқан жолатпайсың.
Ағаңның ұтқыр сөзін естіген соң,
Өзің де тоқтап біраз тағаттайсың.

Боп қалды, Тәушенжан-ау, жайың мәлім,
Дұрыс қой мұны мен де ұғынғаным.
Айта бер айтарыңды ағаңа арнап,
Халқыңа болсын мынау жырың мәлім.

Тәушен:

Әзіл айтсаң жарасар қатарыңмен,
Зіл сөзбенен жарамас қапа қылған.
Көркім нашар болғанмен, елім сұлу,
Мен келдім Отырардың шаһарынан.

Сізден бұрын айтысқан ақындарым,
Сескенуші ед сөзімнің қаһарынан.

Мен кемпір болсам, өзің шалдайсың-ау,
Атағың көпке мәлім дардайсың-ау.
Тәушенді тоқтатамын деген сөзбен,
Аға-еке, өзіңді-өзің алдайсың-ау.

Ау, Мәке, домбыраңды сабаладың,
Айтатұғын сөзіңді таба алмадың.
Қонақ үйде төрт-бес күн бірге жаттық,
Бір қағуға есікті жарамадың.

Көрмесе білмейді екен бұрын кісі,
Бір сөздің тағы келді ұрындысы.
Көзіме оттай болып басылады,
Еркектің сіз секілді мұрындысы.

Ау, Мәке, бір нәрсе айтсам көнесіз бе,
Бір істі тәуекел деп көресіз бе?
Қалихан «пұшықсың» деп жақтырмады,
Мұрныңыздан кішкене бересіз бе?

Қалихан сөз қып еді сиырымызды,
Сиырды айтып ашытты миымызды.
Осы жолы жүлдені маған сыйла,
Көрсетші шыққан содан мүйізіңді.

Бұл жолы, Мәке, сенен жеңілмеймін,
Он бес күн айтысуға ерінбеймін.
Алтынның нақ қадірін халық білер,
Өлеңмен сұлу сөзді өрімдеймін.

Тағы да ала қойшы кезегіңді,
Мына халық естісін не деріңді.
Ау, Мәке, аяғыңды абайлап бас,
Түсіріп алып жүрме беделіңді.

Манап:

Бұл сөзің дұрыс болды, Тәушен сіздің,
Мұрын сізде қысқа ғой, бізде ұзын.
Екеуміз жөнсіз сөйлеп кетер болсақ,
Атымызға кір келер сіз бен біздің.

Мен өнерге бұрыннан қанық ақын,
Сөз келсе көмекейге асау ағын.
Сөзіміз бара жатыр майдаланып,
Анау-мынау сөз айтып не қыламын?

Ақынға да ортақ іс қайта құру,
Әзілді де жөнімен айта білу.
Қойылған қарсыластың сауалына
Жөнімен толық жауап қайтарылу.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз