Манап пен Тәушен айтысы (1-бөлім)
Манап Көкенов, Тәушен Әбуова · 2 мин оқу
Манап:
Армысың, Керекудің асыл елі,
Ұл, қызы, өнерлісі, еңбеккері.
Дүрлерден, Сырдан келді қалған тұяқ
Ақындар мекендеген аңсап сені.
Бұл жерде Бұқар жырау өмір кешкен,
Халқымен бір қайғырып, бірге өскен.
Маңғазы маң даланың Мәшһүр Жүсіп,
Ел жайында ерлермен сан кездескен.
Қас жүйрік Майра, Иса, Естай, Мұса,
Ән, жыры құлағымда желдей ескен.
Өлеңсөз классигі Сұлтанмахмұт,
Өнерді шет қылармын айтпай кетсем.
Бәрі де қазағымның мақтанышы,
Оларға артық болмас тәжім етсем.
Тәушенжан, енді саған ораламын,
Есен бе елің, малың, балаларың?
Менің жайым өзіңе белгілі ғой,
Білмеймін сенде қандай шама барын?
Жас ұлғайып келген соң демаларға,
Айтысты беріп едім балаларға.
Тәушен құрбың сені іздеп жүр деген соң,
Үйде жатып қалуға шама бар ма?
Елу рет түсіппін сүре айтысқа,
Бірінші рет түсуім түре айтысқа.
Қайтсе де сыбағамды аламын деп,
Күдіктенбей отырмын бұл айтыста.
О, халқым, мені ақын деп таныдыңдар,
Сүйсініп ғалымың бар, дарының бар.
Рақмет ақындық тағдырыма,
Айтыста келіншектен салымым бар.
Ал, Тәушен, кезекті саған берейін,
Сенің бүгін үстем болсын мерейің.
Халық алдында азғана сөз сөйлегін,
Шамаң менен шарқыңды мен көрейін.
Тәушен:
Кімдер келіп өмірге кім кетпеген,
Ақын бар ма халқымен үндеспеген.
Павлодарлық армысың бауырларым,
Сәлем бердім әндетіп құрметпенен.
Отырардан әкелдім әнімді енді,
Өлеңменен түзетіп сәнімді енді.
Сау-саламат жүрмісің, Манап ақын,
Сәлемдесу реті қазір келді.
Фараби туған топырақтан кеп отырмын,
Ұлы тойменен құттықтап бәріңді енді.
Самғатқан соң заманым, самғағанмын,
Халқыма ұнаған соң салған әнім.
Оқымаған сауыншы болғаныммен,
Бүгінгі күн тынысын аңғарамын.
Естігенді деген ғой көз көреді.
Әсем қала екен ғой Павлодарың.
Ақындарға қойылар талап деген,
Ақындар жоқ бекерге қарап келген.
Өзімді бақыттымын деп санаймын,
Өйткені болдым әріптес Манаппенен.
Өлең десе сөз таппай қалғаным жоқ,
Оқып білім жасымда алғаным жоқ.
«Жығылсаң нардан жығыл» деген мақал,
Өзіңді ала кетсем, арманым жоқ.
Манап:
Тәушенжан, өнеріңе бағам биік,
Өнеріңді бағалаған халқың сүйіп.
Мен сені қайда жүрсем мақтан тұтам,
Қазақтың төл өнеріне басымды иіп.
Өнерің шалқып тұр ғой кемерінде,
Кім бөгет бола алады өнеріңе.
Елуге келгеніңде бір-ақ шықтың,
Айта кет біразырақ сол жөнінде.
Тот басқан алтындай ғып алтын жанды,
Елемепті-ау ауданның басшылары.
Шолпан, Сара, Мария жолын басқан,
Шын өнерпаз ақынды тапшы, кәне!
Елу беске келгенше еленбеген,
Ауылыңда ескілік көп дегенменен.
Жасыңнан өнеріңді сен ұштасаң,
Бәйгеден жеке-дара келер ме едің?
Өнерге жүргеніңде өнер қосып,
Апай деп жұрт жолыңды алар тосып.
Енді барсаң алдына айғай салып,
«Бұл өзі қай кемпір?» деп қалар шошып.
Көз салып: «Мынау қандай кемпір?» ― дейді,
Көбірек жиын-тойға келтірмейді.
Пенсияңды беред те қош айтысад,
Әйтеуір, ажал жетпей өлтірмейді.
Бұл айтылған шын ақылы де ағаңның ,
Не десең де, Тәушен қалқам, құп аламын.
Өзіңе жаным ашып айтқан сөзім,
Өйткені өнеріңмен ұнағаның.