Әзімбек пен Құдайберді айтысы (2-бөлім)
Әзімбек Жанқұлиев, Құдайберді Мырзабеков · 3 мин оқу
Бір сыр бар айтылмаған назды үнімде,
Теріп ек бірге жүріп жаз гүлін де.
Бүгін қарсы отырмыз өлең айтып,
Алғаш біз кездесіп ек КазГУ-іңде.
Бақыт қонсын қашанда бір басыңа,
Шығайық аңсап жүрген қыр басына.
Әзімбекке Арал жайлы көп қозғамай,
Айтпайсың ба, Ниятолла құрдасыңа?
Жыр кезек бір өзіңе жолдайын ба?
Айтқаныңның бәрі рас, қолдайын да.
Аралды көркейтпей-ақ, құрдасым-ау,
Жамбылымның Таласын оңдайын да...
Әзімбекті аямай қуырып айт,
Өлеңді табан асты тудырып айт.
Барды-жоқты тізбектеп тере бермей,
Тағы да тереңдіктен суырып айт.
Айтайық Ғани, Мәншүк батыр әнін,
Жақсылық жая берсін жапырағын.
Көкшені қозғай түсші әрмен қарай,
Тағы да сөз сайысқа шақырамын.
Құдайберді:
Ауғандық жауынгерге құрметім бар,
Сеземін, Әзімбекжан, жырда отың бар.
Ол жайлы ескерттің ғой өзің айтып,
Білемін ол жағынан льготың бар.
Қашанда жөн сөйлеуді оң санаймыз,
Қазылар не шешсе де жөн санаймыз.
Льготыңның пайдасын сонда көргін,
Біз қазір апарып ап қол санаймыз.
Жаңа да мен айтып ем Арал жайын,
Аралға тағы, халқым, аялдайын.
Жатқанда ондай көлдер күңіреніп,
Көмекті көрсетуден аянбайын.
Бұл сөзімнің демегін жалғаны бар,
Ел ұқты, ұға берер алдағылар.
Ниятолла досыммен тілдескенде,
Мойныма артып жіберген салмағы бар.
Әзімнің қылпылдайды іші демек,
Көре алмас мұндай сәтте ысып өлет.
Аралдың суын қайта көтеруге,
Мен емес бірнеше мың кісі керек.
Әнеу күні жақсы сөз теріп едің,
Еске алады деп және сеніп едім.
Ниятолла сексен көлің бар дегенде,
Жартысын ала қой деп беріп едім.
Деп тұрсың мені жеңіп байқалайын,
Белгілі болып қалды шайтан ойың.
Жүлде алу мені жеңіп мақсат болса,
Жүлдеңді беріп қазір қайтарайын.
Сен де, досым, жырладың,
Мен де, досым, жырладым.
Әлеумет, бәрін тыңдадың.
Маған деген пейілін,
Мұнда отырған халықтың,
Демеші бірақ ұрладың.
Отырғамыз жоқ мұнда түнейін деп,
Дарбазаға ат басын тірейін деп.
Мен сенімен айтысам деп келіп едім,
Келіп ем тілеуіңді тілейін деп.
Өзіңді жеңу емес басты арманым,
Сезеді ел айтыс жаңа басталғанын.
Дос тілегі өзіңе сол болады,
Асқарлай бер, бауырым, аспандаған!
Әзімбек:
Ішінде жүргендейміз қайыңдардың,
Белгілі бір жағдайды мойындарың.
Түнімен қонақ үйде ұйқы бермей,
Жадыра қыз екеуің дайындалдың.
Ескерткіш бұл айтыста қалдырамыз,
Сыр елі болар дәйім сол бір аңыз.
Жеңіліп қалсаң егер бұл тартыста,
Өзіңе өкпелейді Жадыра қыз.
Қатты кетсек жолдасқа болар айып,
Көкшетау, Жамбыл жерін аралайық.
Қызбай тұрған сәтінде денеміздің,
Рұхсат етсең, құрдасым, доғарайық.
Ақынның жыр жалындар денесінде,
Өзіңе мықты болсаң келесің де.
Қайта-қайта орныңда теңселесің,
Аралдың мінгендей-ақ кемесіне.
Мерейің Құдайберді өсе берсін,
Шапқан сайын тұлпар боп төселерсің.
Льготым бар болса да бір пәтердің,
Ауданым шеше алмай жүр мәселесін.
Жаныма тағы менің шабыт берші,
Отырмыз Көкше-Жамбыл болып көрші.
Қолыңнан келсе егер жолдасым-ау,
Бір пәтер ауданымнан алып берші.
Екеуміз түстік бүгін қара сынға,
Таңырқасын жас-кәрі қарасын да.
Шыңдалған шымыр жігіт берші жауап,
Бұйырса, бәйгені өзің аласың да.
Сауал қойсаң дәл тиер ой табайын,
Жолға түскен жорғадай тайпалайын.
Шүкіршілік етіп қой осыменен,
Өзіңе кезегіңді қайтарайын.
Құдайберді:
Бір сының жаңа маған ерек болған,
Не деп ем дәл оныңа керек толғам.
Ойлап-ойлап отырсам Жадыра екен,
Басымдағы бөрікке себеп болған.
Куә болар өнерге халық деген,
Керек болса тоқсан қыз тауып берем.
Үйленіп, Көкшеге ертіп келсең болды,
Кезексіз-ақ бір пәтер алып берем.
Әзімбек:
Арманым бар биікке жетелеген,
Жыр болды-ау Жамбыл менен Көкше деген.
Комсомол айтысында жөн болады,
Бар жайды қазып айтып өкшелеген.
Сөз айттың елеңдетіп ел күтпеген,
Бойдақтықтың жазасын тартып келем.
Қыз берем деп Көкшеден қарық қылдың,
Уәдеңнің беріктігін артық көрем.
Осымен аман-есен бол ағайын.
Сен де аман бол Құдайберді, Толағайым.
Туған жер, достарыма сыр ғып шертіп,
Сенімен айтыстым деп оралайын.
1987 жыл.