Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жүсіпбекқожа мен Уәзипа айтысы (4-бөлім)

Жүсіпбекқожа Шайқыисламұлы, Уәзипа · 2 мин оқу

Уәзипа:

Біреу жалғыз болғанда екі егіз,
Көзде жоқ, көкіректе нәрсе сегіз.
Әр жерде әрбірінің орыны бар,
Ақыным мұны тапсаң әлім дерміз.

Жүсіпбекқожа:

Бір жалғыз дегенің жаппар құдай,
Екеуі егіз дегенің күн менен ай.
Көзде жоқ көкіректе сегіз деген,
Болады сегіз бейіш жәннат сарай.

Уәзипа:

Қонысын тауып қонған ел болады,
Бұлақтың құйған жері көл болады.
Алдыңа ақын болсаң сала айтайын,
Жәндіктің ең үлкені не болады.

Жүсіпбекқожа:

Жандыда балық үлкен, қамыс жуан,
Болады мұнан ары қандай хайуан.
Сұрауың неге сенің таусылмайды,
Айта бер айтарыңды ойлап тұрған.

Уәзипа:

Зерделі бала екенсің әбден білдім,
Бізге қарап жымыңдап неге күлдің.
Жас тұрып қарт айтатын сөзді айтасың,
Балықтың үлкендігін қайдан білдің.

Жүсіпбекқожа:

Бізден бұрын Ұлықпан хәкім өткен,
Сүйегін пайғамбардың нұрдан еткен.
Кең өріс, балықтың бас, аяғы емес,
Үш жылда ортасына әрең жеткен.

Уәзипа:

Айтысып өлеңменен дүкен құрдым,
Жымыңдап не себептен неге күлдің.
Байқасам өзіңнен де сөзің үлкен,
Қамыстың жуандығын қайдан білдің.

Жүсіпбекқожа:

Бізден бұрын Ұлықпан хәкім өткен,
Сүйегін пайғамбардың нұрдан еткен.
Қамыстың жуандығын естуші едім,
Қуысынан әуелі ел көшіп өткен.

Уәзипа:

Қырық кез, қарағай сандық, сары балық,
Қожа аттанса жолына салар салық.
Алдыңа ақын болсаң сала айтайын,
Бар екен су түбінде қанша балық.

Жүсіпбекқожа:

Қолында молдалардың құран кітап,
Қалады су құрыса балық жұтап.
Би ақын сен білмесең мен айтайын,
Бар екен суда балық он екі тап.

Уәзипа:

Қырық кез, қарағай сандық, сары балық,
Қожа аттанса жолына салар салық.
Бұл сөзді тіпті өтірік айтқаның ба?
Айтып бер он екісі қайсы балық.

Жүсіпбекқожа:

Балықтың біріншісі наһан балық,
Жел соқса үй тірейсің бақанды алып.
Ақын қыз тыңдап отыр жауабымды,
Алдыңа балықтарды қатарладық.

Балықтың екіншісі жайын екен,
Бір жұрты ер жігіттің қайын екен.
Намазды бес уақыт өтеп барсаң,
Алдыңа сегіз бейіш дайын екен.

Балықтың үшіншісі бүрке болар,
Балық пен бақа тілі бірге болар.
Ендігінің қызының бәрі молда,
Бұл ұжмақ алақандай кімге болар.

Балықтың төртіншісі құртқа балық,
Құртқа балық екені жұртқа анық.
Балықтың еті тәтті, сорпасы ыстық,
Аузың күйіп қалмасын ұрттап алып.

Балықтың бесіншісі бақа балық,
Басында айдары бар сақа балық.
Бақа мен балық енші бөліскенде,
Алыпты көлді таңдап бақа барып.

Балықтың алтыншысы қара балық,
Жүзеді су түбінде дараланып.
Балықты су түбінен мен ұстайын,
Үйіңе көтеріп кет санап алып.

Балықтың жетіншісі сазан балық,
Ұстадық жүгіре көр қазанды алып.
Түгендеп балықтарды көрсетпесем,
Ақын қыз қояр емес мазамды алып.

Балықтың сегізіншісі шортан балық,
Қонады түйелі бай сортаңды алып.
Алпыс қой, қырық жылқы санап беріп,
Ақ төсіңнің үстінде жортаңдалық.

Балықтың тоғызыншысы қабан балық,
Жүрмейді су түбінде шабан балық.
Қарасаң бауырында аяғы жоқ,
Жануарды біз қайтіп жамандалық.

Балықтың оныншысы ақ қайранды,
Жылқы түскен қара су лайланды.
Жан алғыш Әзірейіл жетіп келсе,
Сайраған көмекей мен тіл байланды.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз