Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жүсіпбекқожа мен Уәзипа айтысы (3-бөлім)

Жүсіпбекқожа Шайқыисламұлы, Уәзипа · 2 мин оқу

Жүсіпбекқожа:

Тоймайды ішсем қарным қант пен шәйға,
Мұсылман пенде кіреді бейіш жайға.
Би ақын сен білмесең мен айтайын,
Кілті аспан жердің келима–таһиима.

Уәзипа:

Әуелі төрт пайғамбар тірі кеткен,
Солардың біреуінен біреуі өткен.
Аттарын төртеуінің айтып берші,
Әбден-ақ молда болсаң оқып жеткен.

Жүсіпбекқожа:

Уәзипа:

Сөзімді қор қылмаймын әлде кімге,
Құмарым айтыспаққа өзіңізде.
Көсілген көмекейің ақын болсаң,
Дүниені жаратыпты неше күнде.

Жүсіпбекқожа:

Құдайым жанды өзіне қаратыпты,
Баршасын құдыретпен таратыпты.
Әлемді он сегіз мың, патша құдай,
Асықпай жеті күнде жаратыпты.

Уәзипа:

Сөзімнің бірі кейін, бірі ілгері,
Көшкенде жетелеймін боз інгенді.
Жаратқан бұл әлемді патша құдай,
Бастаған қайсы күні бұл дүниені.

Жүсіпбекқожа:

Мен сені ақын дермін жеңсең бүгін,
Жаратқан пендеңіздің кешсең мінін.
Би ақын сен білмесең мен айтайын,
Бастаған бұл дүниені жексенбі күн.

Уәзипа:

Аспанда жұлдыз бен күн, ай да болар,
Жаныңа он екі иман пайда болар.
Алдыңа ақын болсаң сала айтайын,
Тұрағы бір Алланың қайда болар.

Жүсіпбекқожа:

Емес пе, Алла деген жаратқан күш,
Мұнымен жеңе алмайсың, жөніңе түс.
Бір құдай төбеде емес, төменде емес,
Мұхаммед үмбетінің көңіліндегі іс.

Уәзипа:

Ауылымның ақсақалы болған бұлан,
Күн көрер аяғы жоқ қайтіп жылан.
Алдыңа ақын болсаң сала айтайын,
Түсіпті жерге аспаннан неше Құран.

Жүсіпбекқожа:

Ауылдың ақсақалы болған бұлан,
Күн көрер аяғы жоқ қайтіп жылан.
Би ақын сен білмесең мен айтайын,
Түсіпті жерге аспаннан жүз төрт Құран.

Уәзипа:

Әуеде бір жұлдыз бар жылыстаған,
Елге басшы болады ту ұстаған.
Алдыңа ақын болсаң сала айтайын,
Сүйегін пайғамбардың кім ұстаған.

Жүсіпбекқожа:

Сүйегін Омар ұстап, Оспан жуған,
Әубәкір Құман менен суын құйған.
Алла артық жаратқан Әзіретәлі,
Тұсында иман айтып қарап тұрған.

Уәзипа:

Қашады қызыл түлкі қызыл құмнан,
Түседі қыс болғанда қалың тұман.
Алдыңа ақын болсаң сала айтайын,
Келеді он екі айда қанша жұмаң.

Жүсіпбекқожа:

Болады су аяғы құрдым теңіз,
Жігіттер жаратқаным Алла деңіз.
Ақыным, сен білмесең мен айтайын,
Жұмасы он екі айдың қырық сегіз.

Уәзипа:

Намазды бір күнде бес оқимыз,
Бесінді ерте, құптанды кеш оқимыз.
Ақын болсаң алдыңа сала айтайын,
Он екі айда намазды неше оқимыз.

Жүсіпбекқожа:

Бола ма былтырғыдай биылғы күз,
Уәзипа жеңе алмайсың күдеріңді үз.
Би ақын сен білмесең мен айтайын,
Оқимыз он екі айда мың сегіз жүз.

Уәзипа:

Ат қайда бәйге көктей жылыстаған,
Болады елге басшы ту ұстаған.
Көсілген көмекейің ақын болсаң,
Құранды әуел баста кім ұстаған.

Жүсіпбекқожа:

Әлі мен Бәтиманы құдай қосқан,
Не демес аңдып жүрген жаман дұшпан.
Ақыным сен білмесең мен айтайын,
Ұстаған құранды алғаш Әзірет Оспан.

Уәзипа:

Қол жайып қожа берер көп батасын,
Пенденің кешір Алла көп қатасын.
Көсілген көмекейің ақын болсаң,
Айтып бер пайғамбардың төрт атасын.

Жүсіпбекқожа:

Құдайым берсін бақ пен таудай талап,
Отырмын бір өзіңді мыңға балап.
Әбдолла, Әбдіһашім, Әбдімүтәліп,
Болады ең арысы Әбдіманап.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз