Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жүсіпбекқожа мен Уәзипа айтысы (2-бөлім)

Жүсіпбекқожа Шайқыисламұлы, Уәзипа · 2 мин оқу

Уәзипа:

Басы еді өлеңімнің алтын тақтай,
Көзіме көрінесіз асыл заттай.
Жаһаннан сіз сияқты жан көрмедім,
Мен сізді бағаладым перизатқа-ай.

Жүсіпбекқожа:

Саусағың ақ жамбының күмісіндей,
Нағызың шын жұпардың иісіндей.
Есіктен жарқ-жұрқ етіп кіріп келдің,
Бейіште хор қызының жүрісіндей.

Уәзипа:

Болғанда нұрлы алтын мойыныңыз,
Ұжмақта жылы судай қойыныңыз.
Бейіште не бар, не жоқ біле алмаймыз,
Ұқсайды нұр жігітке порымыңыз.

Жүсіпбекқожа:

Кигенім іші торғын жәкей тымақ,
Аман жүр қайда жүрсең біздің шырақ.
Сырты ұзын қауырсын алтын болмақ,
Нәсілің тірі жаннан артық бірақ.

Уәзипа:

Басы еді өлеңімнің айдай он бес,
Бағасы тірі жанның сізге жетпес.
Үстіңде қыл қарадан асыл бешпет,
Бір кезін жүйрік жорға атқа бермес.

Жүсіпбекқожа:

Шашыңа қойғандайсың алтын сүртіп,
Тұрады кей жаманнан денем үркіп.
Жаныңда жүз теңгелік иісті май,
Сауап болсын жіберші бізге бүркіп.

Уәзипа:

Аузыңда отыз тісің меруерттей,
Шыққан сөз лебізіңнен жанған оттай.
Неше жыл ғашық болып, әрең жеттім,
Мысалы, Зілиқа мен Нүсіпбектей.

Жүсіпбекқожа:

Сары алтын екі қолың он саусағың,
Болғанда тісің алтын, гауһар жағың.
Нәсілің он періден жаралыпты,
Күлсеңіз күндей жайнап түсер сағым.

Қатарлап үй салдырдым күміс әйнек,
Секілді Бағдаттағы гауһар терек.
Кілтіндей ақ сандықтың үш бұралған,
Өзіңмен ойнап күліп жүрсе керек.

Уәзипа:

Мінгенім дәйім менің ал қара көк,
Бәйгеге күнде қостым келе ме деп.
Өлеңді құры мақтап кім айтпайды,
Бір құдайдан өзге сөз неге керек.

Жүсіпбекқожа:

Қой дейсің, олай айтып бұлайымды,
Жеңерсің ғарып болсаң жұбайыңды.
Ақ сөзі пайғамбардың шәриғаты,
Айта ғой, өзің бастап құдайыңды.

Уәзипа:

Бұл сөзді жақсы айтасың қожа бала,
Қарасам ақылың артық, сөзің дана.
Көсілген көмекейің ақын дейді,
Әуелі не жаратты Алла тағала.

Жүсіпбекқожа:

Болғанда білім менен ақыл теңіз,
Біле алмасақ мұндайды адам неміз.
Алдымен нұрды бұрын жаратыпты,
Сабақ берген молдадан естігенбіз.

Уәзипа:

Жаратқан бәрімізді құдай деймін,
Жеңілсем тегі сізден үндемеймін.
Айтайын және бір сөз сізге қожа,
Құдайым не жаратқан нұрдан кейін.

Жүсіпбекқожа:

Уәзипа жан екенсің асыл текті-ай,
Ақын боп қандай адам сенен өтті-ай.
Нұрынан Мұхамедтің мың жыл кейін,
Паруар жаратыпты жер мен көкті-ай.

Уәзипа:

Құдайым әр пендеге дәулет берген,
Кей жандар өле-өлгенше бейнет көрген.
Айтайын және бір сөз сізге қожа,
Кім екен адамзаттан бұрын өлген.

Жүсіпбекқожа:

Әңгімем айта берсем толып жатыр,
Лебізің алуан шекер балдай татыр.
Әуелі адамзатта бұрын өлген,
Адам ата перзенті Әбіл батыр.

Уәзипа:

Әлің келсе Меккеге қылсаң тауап,
Болады ақыретте жанға сауап.
Көсілген көмекейің ақын болсаң,
Дүниеде неше жұп бар берші жауап.

Жүсіпбекқожа;
Уәзипа жүдеу сөздер көңілге құп,
Сымбаттап сарт-саудагер артады жүк.
Біреумен осы күнде өзің де егіз,
Бір құдайдан басқаның бәрі де жұп.

Уәзипа:

Айтысып сырын алдым талай елдің,
Солардан мен өзіңді дана көрдім.
Нақ қожа екеніңді білейінші,
Кілті не болады екен аспан-жердің.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз