Рахымжан мен Ыбыраш айтысы (1-бөлім)
Рахымжан, Ыбыраш · 2 мин оқу
Рақымжан:
Құрметті хат жазамын Ыбырашқа,
Хат жазған ұят болмас тұрғыласқа.
Замандас тілегің бір, пікірің бір,
Болса да елің бөлек, еншің басқа.
Туғандай бір анадан еңбекшілер,
Менменнің аты басқа, ізі басқа.
Қосылды сіздің елмен тілегіміз,
Болған соң бұрыннан-ақ ықыласта.
Азғантай айырушы ем ақ-қараны,
Бұл сөзге дей көрмеңіз «мақтанады».
Бүйрекке шақырды да Бекіш биің,
«Оқыт» деп жинап берді көп баланы.
Болайық біреу құйрық, біреу қанат,
Деуші еді көп қараса жоқ табады.
Дарияны бейнетқорлар бөгеп жатқан,
Көп көмек ел келеді сіздер жақтан.
Сарғайып кешке дейін үйден шықпай,
Әрине, оңай емес бала баққан.
Жалықсам балаларға сайратамын,
Әуезін бір бұлбұлдың таңдай қаққан.
Сол бұлбұл – Кәдірқұлдың Ыбырашы,
Сөзімнің әзілі жоқ, қанағаттан.
Жалықсам көп жұмыстан тыным таппай,
Сарғайса жылдай болып, күнім батпай,
Түн болса төсегімде келмей ұйқым,
Тұнжырап тегіндікпен таңым атпай...
Осындай әлеметке душар болсам,
Ауырмай-сырқамай да, жылан шақпай.
Көңілім бір тарыққан ашылмайды,
Сырласып біреуменен таңдай қақпай.
Жігітсің, Ыбырашым, сырласқандай,
Сырласып көңілдегі кірді ашқандай.
Жарамас артық берген қызыл тілмен
Сөйлемей дос-дұшпанға бір жасқанбай.
Тыңдасам сөздеріңде қасиет бар,
Сүйеніп періштелер, жын қашқандай.
Жаралыс тілге шебер сөз бергенге,
Құбылып заманыңыз өзгергенде,
Отыздың бесеуіне жасың кетіп,
Ақылың дұрыс болып, жөн көргенде.
Сөйлесе табылады шайырдан сөз,
Жақсыны жаманменен айырған сөз.
Халықтың құлақ салсам арасында,
Көп екен сізден шығып жайылған сөз.
Жақсы сөз өнер көркі шағирия,
Назымдап, ұйқастырып қайырған сөз.
Бермесең жинап-теріп матбұғатқа,
Бытырап болып кетер зайырдан сөз.
Ыбыраш, үлкенбісің, кішімісің,
Кішіні жатырқайтын кісімісің.
Сырыңа күні бүгін жеткен емен,
Әйтеуір, бір шайырдың мүсінісің.
Бірдейсің аты қазақ баласына,
Демеймін тек Бүйректің пысығысың.
Үш жұмбақ жанабыңа жолдап қалдым,
Бұлданбай шешер-ау деп, түсіп ісім.
Үш жұмбақ жолдап қалдым жанабыңа,
Алғайсың сөздерімді назарыңа.
Кім бар деп сұрастырсақ, сені айтады,
«Жүйрік» деп Бүйрек елі «Бабалыда».
Жасырмай өнеріңді сүйінгендей,
Шығаршы дүниенің базарына.
Жұмбақта бәсеке жоқ бұл жазылған,
Бәсеке ойлаушыға ор қазылған.
Көрініп дүниеге қызыл тілмен,
Белгілі дәметемін болғаныңнан.
Болғансың тілде қалам, қолда қалам,
Ауыстыр бізге-дағы қолдағыңнан.
Мен қонақ келіп қонған желкеңізге,
Ерулік жөн болады берсеңіз де.
Осындай атаңыздан әдет қалған,
Қабірге атаңызды көмсеңіз де.
Атанып «тартпай туған тұйық бала»,
Жолынан бабамыздың үркеміз бе...
Мол қылып ерулікке өлең берсең,
Ұлықсат біз етерміз серкеңізге.