Бөрібай мен Қатимолда айтысы (1-бөлім)
Бөрібай Оразымбетов, Қатимолда Бердіғалиев · 2 мин оқу
Бөрібай:
Ассалаумағалейкум, көпшілігім,
Жырыма құлағыңды тосшы бүгін.
Қазіргі айтыстардың дүлділдерін,
Жұп қылып Ақбөріні қостың бүгін.
Шәкәрім, Абай елге алыпты есім,
Данышпандары көрмеген қағып төсін.
Жанарлары қараңғы алты Алашқа,
Үйреткен өлең-жырдың әліппесін.
Шәкәрім, Абайды айтсаң ел біледі,
Жүректері қазағым деп елжіреді.
Туса туар Горбачевтар қайта-қайта,
Бірақ тумас Шәкәрімдер, кім біледі?!
Жырымды жұлдыздардан әрі айдайын,
Дүлдүл ақын қарсыласым, абайлайын.
Жыл сайын туылғанмен мендей ақын,
Бір ғасырда бір туар Абайларым.
Ғасырлық қой Шәкәрім, Абайларым,
Куәсіңдер ақсақал, талайларың.
Жас тұлпар дүлдүліңмен айтысады,
Қол соғып демеп отыр, Адайларым.
Қатимолда:
Ассалаумағалейкүм, жақсы адамдар,
Кәусарын жыр-айтыстың аңсағандар.
Үш күндей біздер үшін уақыт бөліп,
Мезгілден ерте келіп шаршағандар.
Ағайын бір-біріне ақыл қосып,
Шақырып алыстағы жақын, досын.
Алды Иран, Моңғол, соңы Өзбек болып,
Қазақтың жатыр бүгін басын қосып.
Берілер жақсы сөзге баға дейді,
Шындықты дәл айтқанды дана дейді.
Арамыз бір-екі жас болса-дағы,
Ол сыйлап мені бүгін аға дейді.
Бұл күнде жақсыны іздеп таба алмас көп,
Әркімдер жарқылдамас ақ алмас боп.
Аға боп, іні болып отырғанша,
Айтыссақ қайтеді осы замандас боп.
Отырсаң сен жұртыңның сөзін айтып,
Келгенде-ақ шумақтың тезін айтып.
Көрмеген Мырзашөлің жерім еді,
Жіберсей таныстырып өзің айтып.
Айта отыр, Бөрібайым, жайың қандай,
Бұл қысқа Мырзашөлің дайын қандай?
«Оп-оп» деп тебіреніп шабыт шақыр,
Велосипедпен бір отар қой қайырғандай.
Бөрібай:
Демеймін ақындардың данасымын,
Мен өзі Мырзашөлдің қарасымын.
Адайды жақын тартам, бөлмеймін ғой,
Орта жүз Маңғытайдың баласымын.
Мекенім Мырзашөлім, мырза дала,
Жайлауда жорға мінер мырза бала.
Ежелден сері көңіл адамдары,
Пейіліне боласың ырза ғана.
Ақ ұлпа айналды ғой азығына,
Құнарлы Мырзашөлдің жазығы да.
Қонағың шай ішкенше тойынады,
Іргеде байлаулы ат қазығына.
Мырзашөл ақ ұлпаға толған жерім,
Шөл дала, қазір шаһар болған жерім.
Қыс қамын ерте көктем ойлағанбыз,
Мырзашөл Қыдыр баба қонған жерім.
Мен-дағы ұнатпаймын жасқануды,
Қуанамын өнер жолын басқанымды.
Құттықтап қояйыншы парызым деп,
Мұхиттың мектебін сен ашқаныңды.
Ақын боп талай елді араладым,
Замандасқа сен мені бағаладың.
Қарлығаш боп мектебіңнен ұша берсін,
Сусындап алты Алаштың балалары.
Енді бүгін жырмен бөлеп кетейік те,
Шаң қаппай межемізге жетейік те.
Аға-ініден замандасқа көшсек егер,
Құрдастардай әзіл жаққа өтейік те.
Шабыт келсе Бөрі қалай дамылдасын,
Байқаймысың, бойымда жалын басым.
Мырзашөлден түлектер жіберсем мен,
Бәрін де емтихансыз қабылдарсың.
Қатимолда:
Жүректен көрерменге жыр атып ек,
Көргеннен бір өзіңді ұнатып ек.
Игі іске істеген бір ниет айттың,
Бөрібай, ниетіңе рахмет!
Дәстүрін сол Мұхиттың жалғайық деп,
Майдалау бұл заманда болмайық деп.
Ол рас класын біз ашып алдық,
Айырылып сол дәстүрден қалмайық деп.
Наз айтып, замандасым, дабылдайсың,
Мынауым қалай деп сен тарынбайсың.
Өзбекстан емес қой, Қазақстан,
Емтихансыз таныстықпен қабылдайтын.
Әр бала көреді ғой салымынан,
Көреді бойындағы дарынынан.
Дарынсыз қабылдаған оқушылар,
Көрінбей мен өмірдің тек сағымынан.
Жыр болып, замандасым, төгілесің,
Байқаймын өте жылдам көрінесің.
Қазаққа бірлік керек деп жатқанда,
Адай деп Орта жүз деп бөлінесің.
Қазақтың кемеңгері кезектегі,
Оралып тұрып қалған өзектегі.
Атаның баласы боп өткеніңше,
Адамның баласы бол демеп пе еді?!