Бұдабай мен Қарлығаш айтысы (1-бөлім)
Бұдабай Қабылұлы, Қарлығаш · 2 мин оқу
Бұдабай Қаңлы руынан шыққан Қарлығаш деген ақын қыз бар деп сырттан естиді екен. Қарлығаш Қаратаудың теріскей бетін мекен еткен елдің қызы болған. Арқа елінен мал сатып алып, Бұхара жаққа сатуға бара жатқан саудагерлерге еріп келе жатқан Бұдабай ақын қасындағы жолдастарымен «Жабыкөл» деген жерге келіпті. Жолаушылар көлді жағалап келе жатса, жеңгесімен су алуға келе жатқан қызға кез болады. Бұдабай келіншек пен қызды көріп, бір ауыз өлеңді айтып жібереді. Сондағы Бұдабайдың айтқаны:
Бұдабай:
Қамысы айдын көлдің буын-буын,
Арқаның атып алдым қаз бен қуын.
Қолында екі шелек, бір тобатай,
Келеді құртайын деп көлдің суын.
Қарлығаш:
Азбанмен мас болғанда бұқа буға,
Бейпарасат ақымақ тентек дуға.
Шешеңнің күбідегі айраны ма,
Кім қойды итаршы ғып қара суға?
Бұдабай сол кезде кідіріп қалыпты. Қарлығаштың кезек күтпей, бастырмалатып айтқаны:
Жүзіме күлімдеген қуанасың,
Балаша жылап қойған жұбанасың.
Сандалмай, сен тезірек жөніңді айтшы,
Қаңғырып, қайдан жүрген дуанасың?
Сонда Бұдабайдың өзін таныстырып айтқаны:
Бұдабай – менің атым, түбім – Шашты,
Өлеңмен ерітемін қара тасты.
Жарымай әріптеске жүргенімде,
Құдайым кез келтірді Қарлығашты.
Сол уақытта саудагерлер жүретін болады. Бұдабайдың жолдастарынан бөлініп қалуға мүмкіншілігі болмай, Қарлығашқа айтқаны: «Осы сапардан аман-есен оралсам, сен қызбен айлап айтыссам да, келіп жатып айтысамын», – деп, ант береді.
Бұдабай Бұхарадан қайтып оралған соң арада бірнеше уақыттардан кейін Қарлығаштың ауылына арнайы келіп, екінші рет айтысады. Жаздың күні болса керек, ақын қыз шешесімен екеуі ақ боз үйдің ішінде отыр екен. Бұдабай үйге жақындап келіп, аттың үстінде отырып, өлеңдетіп, қоя беріпті:
Әлейкүмассалау ма, арма деймін,
Қарлығаш ғашықтыққа зар ма деймін?
Сыртынан үйіңіздің мейман келді,
Бір адам сөйлесуге бар ма деймін?
Қарлығаш:
Көгім деймін, мен енді көгім деймін,
Жарасар көк дөненге ерім деймін.
Тал түсте мейманмын деп келіп тұрған
Құдай-ау, меймансыған ол кім деймін?
Бұдабай:
Баласы ақ киіктің құралаймын,
Өлеңді білмесем де, бұралаймын.
Ау, жаным, танымасаң танытайын,
Кәдімгі, өзің көрген Бұдабаймын.
Қарлығаш:
Арасы екі ауылдың Қарабүрген,
Етегін түнде жүріп, жеңін түрген.
Еліңе кеткеніңе көп болып ед,
Тентіреп, содан бері әлі жүр ме ең?
Бұдабай:
Қарлығаш, сен өлеңге едің тақпақ,
Көрдің бе қиялыңда мені ақымақ?
Сұрасаң жұмысымды ― қатын керек,
Жүр едім соған бола айналақтап.
Қарлығаш:
Жел соғар Боралбайдың тесігінен,
Кетпейді жарлы байдың есігінен.
Қыпшақтың Қоңыратта малы кеткен,
Айрылып Досбол датқаң жесірінен.