Мұрат пен Тыныштық айтысы (2-бөлім)
Мұрат Мөңкеұлы, Тыныштық · 2 мин оқу
Тыныштық:
Өлеңге сен де дайын, мен де дайын,
Зырқырар айқын жүйрік шапқан сайын.
Ерікті сонша Беріш мықты болсаң
Жолым мен қайда қаңғырды Тілеубайың?
Ар жақтан Жолым, Тілеубай қашып өткен,
Нарыннан күн көре алмай, сасып өткен.
Бір жылы Баймағанбетке қоңсы қонып,
Ішінде Қаракемпірдің кәсіп еткен.
Қаңғырған Байұлының қорғанындай,
Ағаңа Тәңірберген нәсіп еткен.
Мұрат:
Ар жақтан Тілеубай мен Жолым өткен
Жерінде көкжал бөрі болып өткен.
Нарында хан баласын итше сабап
Ер еді дүниеге қолы жеткен.
Сен Жолымды білесің бе неғып өткен?
Жайықты талқан қылып, жарып өткен.
Нарында хан баласын итше сабап,
Астына табанының салып өткен.
Қазақтай салт атымен қаңғырған жоқ,
Бар жинақ, қара орманын алып өткен.
Ер шықса сіздің елден ісі оңбайды,
Тұрланды Сахарнайда ит жеп кеткен.
Құдайым айырмағай осы бақтан,
Сөйлесе, сөз өнеді тіл мен жақтан.
Хан келіп, ат бауырына қажасқанда,
Қайғысыз ер туады біздің жақтан.
Қоғада екі жүз үй Қылыш-Кестен,
Не керек, байғұс, саған ерегескен?
Кеше арттың Баймағанбеттен екі нарды,
Қашаннан қара бітті ме жарлық тескен?
Еліңде «шөк» дейтұғын бір түйең жоқ
Мойныңды арба менен қамыт тескен.
Бәшеннің шаңдатады тай-құнаны
Үстіңнен шөлейтті жеп, баса көшкен.
Беріште Әлжан, Бәшен – ұйылған бай.
Соғымға отыз асау сойылған бай.
Айжарық, Дүйсалымен ат мініп жүр
Шеркештер қайырына тойынғандай.
Қоғада екі жүз үй Қылыш-Кестен
Санап ал, жұрындай жоқ, қоңың қандай!
Тілімен бір қатынның ерегесіп,
Мінекей, жаман сөздің болынғаны-ай!
Айтпайын білгенімді неғылып-ай,
Ашумен өкпем отыр қабынып-ай.
Қатынға үй арасы қор қылғанша,
Мені сал, Арқада Әлім, Табыныңа-ай.
Баласы Байұлының бәрі ағайын
Ашумен тілім тиді бауырыма-ай.
Отырмын сөйлейін деп егіліп-ай,
Аттайын арпа жеген желігіп-ай.
Қатынға үй арасы қор қылғанша,
Мені сал шет жердегі өліміңе-ай.
Тілімен бір қатынның қатты кеттім
Шеркештер, тіл тимесін көңіліңе-ай!
Тыныштық жауап қата алмайды, Мұрат жүлдесін алып, той бастайды.
Мұрат:
Бұраңдап, ақ моншақтай, керілген қыз
Оздырдың салтанатты еліңнен, қыз.
Сәулесі ақ жүзіңнің жерге түссе,
Реңкің сары алтындай көрінген, қыз.
Шай ішіп, самаурыннан сәске түсте
Керіліп, азар тұрасың төріңнен, қыз.
Қосшы ертіп, үкі қадап, жорға мініп,
Көшкенде салтанатың көрінген, қыз.
Дәулеттің қалың қара арқасында
Асқан жоқ қатар-құрбың өзіңнен, қыз.
Бұлаңда дәурен өтпей басыңнан, қыз.
Сүйегің жаратылған асылдан, қыз.
Лебізің, сөзің шырын, маржан тісің.
Кеткісіз келген адам қасыңнан, қыз.
Адамның жалғаншыда арманы не,
Өзіңмен дүниеде қосылған, қыз.
Сөйлесең, сүт шығады тіліңнен, қыз,
Құрбыңа салтанатың білінген, қыз.
Басымнан бұл дүние өтеді деп
Қайғымен тамақ ішпей, бүлінген, қыз.
Қамқа бөрік, қамзол бешпет, алтын ілгек
Ақ көйлек, зер шашақтап киінген, қыз.
Қызығын дүниенің сізден көріп
Ата-анаң үйде отырып, сүйінген, қыз.
Шалықта ата-ананың дәулетіне
Күні ертең жөнелерсің үйіңнен, қыз.
Әуелде атаңа еріп, анаң келген
Ойласаң, осы жерден білінген, қыз.
Қыздың шешесі Мұратқа шапан жабады, той жалғаса береді.