Мұрат пен Тыныштық айтысы (1-бөлім)
Мұрат Мөңкеұлы, Тыныштық · 2 мин оқу
Мұрат:
Аттандық жексенбі күн Бозашыдан,
Жөнеліп сол ауылдың қорасынан.
Бытырап, халық ішіне тозып қондық
Жігіттің бірікпеген оғашынан.
Бір талап жөнелерде ойлап кеттік,
Аз жерге жағаласып, ойнап жеттік.
Ауылына Қырықбайдың барайық деп,
Уағда қағаз жазып, байлап кеттік.
Жиылып, кешке қондық Жылқыбайға,
Қаз-үйрек ұялайды терең сайға.
Бойынша уағданың ерте шығып,
Тап болдық Құлшандікінде піскен шайға.
Түстендік жол болар деп жөнелерде,
Ақпанның сүт кенжесі – Сәтбай байға.
Бесінде өттік гулеп Тағашыдан,
Күнімен жалғыз Кірән арасынан.
Бұрылып, Баймағанбеттен жөн сұрадық,
Ер Ырсымбет Мұңасовтың баласынан.
Болғанда ақшам уақыты келіп түстік,
Төлептің Қылыш-Кестен арасынан.
Біздің ел ат аямайды шабуылға-ай,
Қыс болса, семіз мініп сабылулы-ай.
Ол күні жетпеген соң қона кеттік
Сол жерде Байбарақтың ауылына-ай.
Түстендім Шүрен деген бір ағама,
Ет пен шай онан тағы табылуы-ай.
Өреді шеткі үйінен сегіз жүз қой
Байлық бар біздің елдің қалыбында-ай.
Шақырған ойын қылып Тоқтамыстың,
Мінекей, жаңа жеттік қауымына-ай.
Сөйлесем, сөз айтамын келтіріп-ай,
Өкіндік, семіз атын өлтіріп-ай.
Алыстан мойын созып келген күні
Тап болдық тісі қайтқан кемпіріне-ай.
Даусымды еркін тыңдайды әркім тосынында-ай,
Айжарық әні сұлу қосылуға-ай.
Кемпірмен елудегі айтыс деген
Шеркештер, қорлық көрдім осыныңды-ай.
Тыныштық:
А, жаным, дүниенің өзі жалған,
Жігіттік қолдан кетсе, әркімге арман.
Бүйректе Тұрлан ауылы той қылғанда,
Сен бе едің керторы атпен күндіз барған.
Сен қашып, айтыса алмай кеткен күні,
Артыңнан осы кемпір шапан алған.
Өмірің өте шығар пелде-пелде,
Білмейді пелде өткенін кей шерменде.
Сен қашып, айтыса алмай кеткен күні
Артыңнан шапан берген мен кемпірге.
Мұрат:
А, кемпір, дүниенің өзі жалған,
Жалғаншы қолдан кетсе, әркімге арман.
Тұрланның мұндай жерде ауылын айтпа,
Ауылды айтпас болар қырсық шалған.
Жорықтың алды оңбаған – арты оңбайды
Бес ауыл өлген шіріп Жәдікбайдан.
Шығарды тойға күндіз бір шытыра,
Шапанды ұрлап берді ме түнде саған?
Әркімнен дүния өтеді пелде-пелде,
Білмейді пелде өткенін кей шерменде.
Жолаушы жалғыз атты қона алмайды,
Мырзалық қайдан келді сіздің елге?
Шығарды тойға күндіз бір шытыра,
Шапаны ұрлық тағы берген түнде.
Тыныштық:
Өлеңге сен де телің, мен де телің,
Айқайлай, даусым шықса, жығар белім.
Бұл жерде Беріш пен Шеркеш, Сыбай отыр,
Менің аз мақтансам да көрмегенім.
Халық қалап, Бекмағамбет хәкім болып,
Сіңіп жүр Дүйсе-Құдас рулы елің.
Ерікті сонша Беріш мықты болсаң
Неғылып жалғыз үйлеп тентіредің?
Мұрат:
Құрттың-ау білмей айтып, амалымды-ай,
Халқымның шүкір етем аманына-ай.
Халық болып, өз еркіңмен көшетұғын
Қазақ-ау, күнің бар ма баяғыдай?
Үш арыс Алдабергенде Жауғашты бар
Санап ал, басы Айжарық адамыңды-ай.
Еріксе, Шеркеш сояды отырмаққа
А, сорлы бұл күн шықпасын залалыңа-ай.
Жарасар қызыл шарқат талма бойдан,
Тарықса табылады ақыл-ойдан.
Еріксе, Шеркеш сояды отырмаққа,
Қойыстан Сыбай ауылы үшеу сойған.
Сөзіңді жолсыз айтқан тыңдайын ба-ай?!
Айтпасам, кім біледі мұндайыңды-ай?
Еріксе, Шеркеш сояды лақ үшін
Мас болып, жарды Тасым Шылбайыңды-ай.
«Ақпышақ» – қолы қанды тентек ауыл
Көршілес сонан көрерсің уайымды-ай.