Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бұдабай мен Қарлығаш айтысы (3-бөлім)

Бұдабай Қабылұлы, Қарлығаш · 2 мин оқу

Қарлығашқа сөз бермей, тағы да Бұдабай:

Айтамын, айт дегенде қара көншек,
Шомылар жар тасалап қыз-келіншек.
Біреумен осы күні жандай дос деп,
Сыртыңнан кейбіреулер қылады өсек.

Қарлығаш:
Ал енді қара қатқа, қара қатқа,
Қатқаға аттан түсіп, қылдың бата.
Бұдеке, өтірік сөз неге айтасың?
Кісінің көзін көрген атын ата.

Бұдабай:
Ал енше, өзің көрген, өзің көрген,
Өзіңмен бір баланың көзі көрген.
Айқасып жатқаныңда Бектібаймен,
Байсымақ Қозыбайдың көзі көрген.

Қарлығаш:
Ал енше бабырасың, бабырасың,
Шабады байлар қара шобырасын.
Өтірік ептестіріп айта алмаған –
Байсымақ Қозыбайды Тәңір алсын.

Бұдабай:
Сен айтсаң, мен де айтайын бабырасын,
Шабады байлар қара шобырасын.
Байсымақ Қозыбайдың көзі көрген,
Жасырып енді өлгенше не қыласың?

Қарлығаш:
Айтты деп жаман сөзді тек тұрмаймын,
Артықша жаман сөзді кек қылмаймын.
Атасы «Шынжыр татар» біреу ғой деп,
Болып ем соның үшін Бектібаймен.

Бұдабай:
Талықсып шаба алмайды тай ұзаққа,
Түседі ажалды құс қол тұзаққа.
Атасы «Шынжыр татар» деген болсам,
Барсайшы мынау отырған Байұзаққа.

Қарлығаш:
Базардан базар барып, киген келер,
Мақпал менен шұғаны жиған киер.
Не қылсын қартайғанда енді бізді,
Құдайдан сол екеуі де иман тілер.

Бұдабай:
Қарлығаш, олай десең, орысқа бар,
Ол қалып, орыс қойған болысқа бар.
Байсымақ Қозыбайды кәрісінсең,
Секілді бала жігіт Қонысқа бар.

Қарлығаш:
Айтамын, айт дегенде тор атымды,
Мінемін шаршағанда зор атымды.
Өзімнің қатар өскен Қаңлым тұрып,
Бұдеке, не қыламын Қоңыратыңды?

Бұдабай:
Айтамын, айт дегенде әуел кепке,
Айтамын, арызым бар осы көпке.
Өзімнің қатар өскен Қаңлым десең,
Барсайшы мына отырған Айдарбекке.

Қарлығаш:
Ал, енше, қара қалам, қара қалам,
Қараны хан жаратты Алла тағалам.
Бұдеке, аузың барып, неғып айттың?
Айдарбек Қаңлы ішінде жақын ағам.

Бұдабай:
Қарлығаш, кәні, сенің адамдығың?
Бар екен әлі де көп надандығың.
Кісіге бізден басқа мырза екенсің,
Ұстады бізге қалай сараңдығың?

Қарлығаш:
Базардан алып келген былғарығым,
Салады бұқараға хан салығын.
Кісіге ат бермеймін, тон бермеймін,
Бұл қыздың қайдан білдің мырзалығын?

Бұдабай:
Қарлығаш, бүйдеме сен адал болсаң,
Қаларсың ашуланып, алаң болсаң.
Көп екен жаныңа ерген жандай досың,
Соңында ол неғып жүр сараң болсаң?

Қарлығаш:
Айтамын, айта берсең, таңбалы көк,
Алғанның екі қатын жанжалы көп.
Бұдабай, бойжеткен қыз өсегі көп,
Біздерге кім айтпайды «Бармадым» де?!

Бұдабай:
Сен де айтсаң, мен де айтайын, таңбалы көк,
Алғанның екі қатын жанжалы көп.
«Болсын, – деп, – әкем – байым» үш айта ғой,
Қойныма Бектібайды алмадым деп.

Қарлығаш:
Бұдабай, осы ма еді ойлағаның,
Күнімен жігіттік деп қоймағаның?
Басымды «рас» десем, кім кеседі?
Татары жалаң төспен ойнағаным.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз