Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Оңғар мен Ырысты қыз айтысы (2-бөлім)

Оңғар Дырқайұлы, Ырысты қыз · 2 мин оқу

Ырысты қыз:
Алты айдың үшеуі – жаз, үшеуі – күз,
Екі елу – ердің жасы болады жүз.
Кездестің келе жатып көш жөнекей,
Отырсаң, үй тіккенше кідіріңіз.

Оңғар:
Болғанда үш ай тоқсан, қатады мұз,
Қар жауып, қара жерде болады сыз.
Үйің тік, олай десең, малыңды сой,
Бір қоста, жолдасым бар, он кісіміз.

Ырысты қыз:
Шаруаның қар жалаған малы семіз,
Туады, мал семірсе, төлдеп егіз.
Қонаққа қойымыз жоқ соятұғын,
Шұбыртып сонша бәрін біздің неміз?

Оңғар:
Қолыма, «Жырла» десең, домбыра бер,
Мейманға назарыңды оң бұра бер.
«Қырықтың бірі – Қыдыр» деген сөз бар,
Он түгіл, жүз де болса, қондыра бер.

Ырысты қыз:
Қыс болса, түлкі, қарсақ жортар саймен,
Санаспас, білмеген жат, жай-жағдаймен.
Күніне жүз кісіні сыйлайтұғын,
Жомарт бар деп пе едің тең Атымтаймен?

Оңғар:
Қашаннан хан мен төре – ел ағасы,
Шығады жоғарыдан су сағасы.
Жомарттық етпесең де Атымтайдай,
Ағаңа бермеймісің қонақасы?

Ырысты қыз:
Бұл кезде, би мен болыс – төр ағасы,
Жылқының көзге қораш көк аласы.
Қыс болса, шаруаның жайы мәлім,
Көп болмас, көңіл-қоштық ырадасы.
Қар жауып, үй тігілмей жатқанында,
Қой, жаным, қонақасы сұрамашы.

Оңғар:
Дау болды-ау қонақасы арамызда,
Бар болса, түсінер ең санаңызда.
Еншіміз қонақасы айрылмаған,
Айрылып, көре тұра қаламыз ба?
Құдайым қайдан бізді кез келтірді,
Кескенде, қан тамбайтын сараң қызға?

Ырысты қыз:
Қонағым, ақырында, қас болдың ба?
Білместей жай-жағдайды жас болдың ба?
Мен саған «Жөн сілте» деп тұрғаным жоқ,
Айта бер ақылыңды басқа орныңда!
Аузыңа келген сөзді қайтармайсың,
Базаршым, тентіреген, мас болдың ба?

Оңғар:
Ау, жаным, мынау сөзің тиді жаман,
Айтасың ашындырып қалай маған?
Кемді күн қыз да – қонақ, біз секілді,
Бұтына ошағының болмас таған.
Сөгесің неге бізді жүрген түзде,
Далаға шықпайтын ба ед сенің ағаң?

Ырысты қыз:
Қолында құсбегінің биялай-ды,
Атады мерген тосып құралайды.
Айтылған ишаратқа түсінеді,
Жақсы адам жайды білген, сынамайды.
Далаға менің ағам шықса-дағы,
Тентіреп, қонақасы сұрамайды.

Оңғар:
Болмады айтпасқа сөз саған тағы,
Шымшыған тиді тілің маған тағы.
«Атаңнан мейман ұлық» деген қайда?
Білмесең, ол – кемістік, шалаң тағы.
«Қайырды – қабаған ит байлар» деген,
Ауылды сен билесең, қараң-дағы.
«Тентіреп, қонақасы сұрадың» деп,
Тек жапқан сылтауратып жалаң-дағы.
Бетіңше кеткеніңе қайырусыз,
Жеңгең мен жақсы ат алмас ана-дағы.
Бола алмай ауылға ие, әйелге – ер,
Ойлап көр, не болғаны ағаң-дағы?
Қыдырып, қонақасы іше алмаса,
Атаң да бір нәсілсіз жаман-дағы.
Осымен тоқталарсың, тілімді алсаң,
Болмаса, бұдан да өзге табам тағы.

* * *
Сол жерде қыз жауаптан кідіріпті
Деп айтқан: «Аға тілін алам-дағы».
Қоштасып, тарасыпты жөн-жөніне,
«Сау бол, – деп, – көріскенше аман-дағы».
Оңғардың Ырыстымен айтысының
Аяғы осыменен тамам-дағы.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз