Қызыл жыршы мен Әкімгерей айтысы (1-бөлім)
Қызыл жыршы, Әкімгерей Қостанов · 3 мин оқу
Қызыл жыршы:
Құдая, әлі жабы – біз – бір пендең,
Болмайды кемшілігі елдің елден.
Қай түрлі құрмет қылсаң жарасады,
Еліңе мүсәпірміз біз бір келген.
Сыйысып, іштеріңе кетіп жатыр,
Қазалы келген адам Түркістаннан.
Бақтияр, Данияр мен Құдияр боп,
Бір туып, бір емшектің сүтін емген.
Атасы үшеуінің Анас екен,
Үшеуі Анас байдың баласы екен.
Данияр мен Құдияр – кішілері,
Бақтияр екеуінің ағасы екен.
Данияр – ортаншысы – менің бабам,
Есігі Бақтиярға жалғас екен.
Құдияр – ең кішісі – сенің бабаң,
Үш үйден үш жұрт қылған қадір Аллам.
Енші алып, үй ішінен отау тіккен,
Білсеңіз, хисрат болып сонан қалған.
Анастан арғы жері екен Ысқақ,
Сөзбенен көрсетейін саған нұсқап.
Жіберіп екі үлкенін енші беріп,
Қолына Құдиярды қалған ұстап.
Біз, жырау, жақсыларды базар еткен.
Дүниеден көшіп жатыр қаза жеткен.
Үш жүз [дің] кенжесінің баласы еңдер,
Басынан бабаңызға дұға кеткен.
Арымас дұғалы құл деген сөз бар.
Отырсың қонысыңда сол себептен.
Атаңнан атам үлкен, өзіңнен – мен,
Қол алып, көріспедің Мырзабекпен.
Менмендік осыншама қылатұғын,
Сен қандай ақын едің менен өткен?
Әкімгерей:
Жыршы боп жүр екенсің мен жоғымда,
Шыр болып түлкі, қарсақ ел жоғында.
Қаңғырып Қазалыдан келген, қасқа?
Бұл жерде кім қарайды аш-тоғыңа?
Қызыл жыршы:
Жан ба едің жайын өскен қысым көрмей,
Бұл сөздің халық айырсын алтын, мысын.
Қоқиып келген жерден мұны айттың ба?
Алтын десем, әншейін мыс екенсің.
Бендесі әр қиырда жүргенменен,
Ақымақ, Алла берер ризықысын.
Әкімгерей:
Айттың ба тойғаннан соң бүгін мұны,
Әркімнің бұл сөзіңе келер жыны.
Несіне тойғаныңа мас боласың,
Қаңғырып ішкен, қасқа, жуындыны.
Бұл жерде әулеті жоқ, тумасы жоқ,
Осының өлсе түсер кімге құны?!
Қызыл жыршы:
Еш жерге жете алмайсың бұл ойменен,
Кей жаман жүрген жерін лайлаған.
Ақымақ алды-артын болжамайды,
Өз сөзін өзі мақтап, шырайлаған.
Қаһары келсе, фишрат таптырады,
Жүргенде ойының келіп Құдайменен.
Әкімгерей:
Еш адам бай болмайды сараңдықпен,
Мақсатқа әкім жетпес арамдықпен.
Есебін еш нәрсенің біле алмай,
Халықсың тозып кеткен жамандықпен.
Әкімгерей:
Сөйлейсің қалай-қалай сөзді, қасқа,
Әлі тиген жоқ па еді басың тасқа?
Өмірінше тозғындаған халықсың ғой,
Тимеген ауыздарың өмір асқа.
Қызыл жыршы:
Артық па біздің елден қызықтарың?
Еліңе ел екен деп қызықпадым.
Тозғында, дуана боп жүрсе халқым,
Тағдырдың көрген шығар сызықтарын.
Атаусыз өлгендерің қалып жатыр,
Кірмейді құлағыма быжықтарың
Інісі ағасының қызын алған,
Көп екен елдеріңде бұзықтарың.
Әкімгерей:
Ақтайсың бұзықтықпен бұзылғанды,
Маңдайға қайдан білдің сызылғанды?
Бес жасар, он жасардан ұстап беріп,
Бірталай біздің халық қызыңды алды.
Қызыл жыршы:
Қарашы айуанның ауызына,
Мас болып бес-алты пұт азығына.
Қыз бенен қой қай жерге кетпеуші еді,
Қартайған қыз көрдің бе қазығында?
Тағдырдың қууымен қылсаң, жазығы не?
Өзіңнің қыз, қатының талақ болды,
Қарыған қаз көріп пе ең қаз ішінде?
Әкімгерей:
Ай, қасқа, тарта сөйле тіліңізді,
Сандалдың, бірің көрмей біріңізді.
Әуелі келген кезде біздің елге
Көрген жан шошушы еді түріңізді.
Жерлеріңде қасиет болмаған соң,
Көре алмай сандалдыңыз күніңізді.
Қызыл жыршы:
Ақымақ, жамандама елімізді,
Жылан кеп, үзіп кетті белімізді.
Өзіңнің бар қатының талақ болды,
Қасиетсіз деп айттың жерімізді.
Бет алдыңа ақырған есексің ғой,
Білмейтін ата мен тегіңізді.
Білмейсің Қожа Ахмет Иассауиды,
Қой енді былшылдаған кебіңізді.
Шайқысылам, осыны өзің ап келдің бе,
Айтысып, ап берер деп кегімізді?