Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бала Ораз бен Жібек қыз айтысы (7-бөлім)

Бала Ораз, Жібек қыз · 3 мин оқу

Бала Ораз:
Тілеуің, апа, кесілді,
Тұсауың қылдан есілді.
Әбекең рұқсат берген соң,
Мына Тазың есірді,
Төрт аяғын көсілді.
Байлаулы тұрған қызыл тіл,
Ағытылып, шешілді.
Меніменен еріссең,
Ойнатайын басыңа,
Кетпейтін қара кесірді.
Қораңа бес қой жатпаған,
Ерінің аққа батпаған.
Жетіруда қыз бар ма,
Ақшаға арын сатпаған?!
Апеке, енді ойласам,
Қайтқан екен бағыңыз,
Сынған екен сағыңыз,
Шай мен шыт берген төрені,
Сыйғызбай жерге мақтаған.
Менің-дағы еліме,
Патшадан төре келген жоқ.
Он бес жасар қызымды,
Қолынан ұстап бергем жоқ.
Жиырма бесте жігітім,
Хан артына ерген жоқ.
Сен отыр екенсің, апеке-ай,
Осы жұртыңды құртуға-ай,
Мен айтпаймын сөзді сыртыңа-ай,
Не беріп едің, апеке-ай,
Ішкен шайың мен қантыңа-ай?!
Қызықты ма, апа, жасыңа,
Саудагер келіп қасыңа?
Қама бөрік киіпсің,
Керегедей етіп басыңа.
Үш күн алып жатыпсың,
Саудагерді қасыңа.
Лайық па еді, апеке-ай,
Алшаңдаған басыңа?!
Жиырма бестен өткенде,
Отызға таман жеткенде,
Еліңнен шықпай бір жігіт,
Тапқаның, апа, осы ма?!
Үстіңдегі қызыл тон,
Атағы жұртқа шашылған,
Естігенді жасырман.
Лайық емес өзіңе,
Атағыңды осымен асырған!
Бетіңе айтып кетейін,
Үндемеймін сыртыңа.
Қызықтың ба, апеке,
Шайы менен шытына?
Оның пұлы мықты екен,
Бәрекелді, көркіңе,
Басыңдағы қама бөркіңе!
Бөрігін беріп қойған соң
Оңаша үйге салған соң,
Қояр ма құрғыр еркіңе?!
Тіпә, апа, бетіңе!!!

Жібек:
Абайла, бала, абайла!
Бұл сөзіңді қоярсың!
Бұл сөзіңді қоймасаң,
Әкімге хабар салармын,
Патшадан қағаз алармын.
Жоғарыдан хабар келгесін,
Патшадан қағаз алғасын,
Еліңе сенің барармын.
Еліңде болса жақсылар,
Оларды жинап алармын.
Үй басына салық салармын,
Еліңді шауып алармын!
Сен мықты болса қайда едің,
Алшаңдап жүрген Тұрланды,
Ортаңнан ұстап алғанда,
Мойнына шынжыр салғанда,
Бөксесі мен кеудесі,
Әрбір жерде қалғанда?
Абайлап сөйле, сен бала,
Менің аузым – дария,
Он сегіз мың ғаламды,
Сары алтындай тазартқан.
Сыртынан жұрттың тон пішіп,
Лайқат емес, ей, бала,
Көрінгенге сөз артқан!

Бала Ораз:
Батыр да бар елімде,
Мырза да бар елімде.
Қой – байлықтың белгісі,
Мың биенің пұлы бар,
Бір мырзаның белінде.
Батырлардың белгісі –
Гулей-гулей желеді.
Еріккенде ерлерім,
Дұшпандарын мұқатып,
Түйе малын мал демей,
Құба жонмен топтап айдап келеді.
Сендердей қартаң қыздарды,
Қойдан жаман қосақтап,
Олжаға алып келеді.
Сен де, байқап сөйле, апеке-ай,
Естіп қалар сөзіңді,
Адай-Таздың ерлері!
Сен тұра тұр, апеке, тұра тұр,
Тұрланнан жауап берейін.
Ол Тұрланның мәнісі –
Төбесі биік ер еді.
Қарсыласқан дұшпанға,
Құрулы тұрған жебе еді.
Аузы түкті кәуірдің,
Төбесін шағып қалмақтың,
Шетінен сүйреп, жеп еді.
«Күндердің күні болғанда,
Арыстан деген бір аңды,
Күзеп алды» деп еді,
Келіп еді соның кебі енді!
Аяңдадың, апа, желмедің,
Қасыма жақын келмедің.
Айналып та қайта келмедің.
Құр сөзбенен жұбатып,
Білгіш болып, кәрі қыз,
Сөзіме жауап бермедің.
Отыр едім манадан,
Бетке айтуға қия алмай.
Шаңырақтының ойында,
Шақпақты судың бойында,
Тоғыз жасар қызыңды,
Саттыңдар малға ұялмай,
Кім жүйрік те, кім бедеу,
Кім тұлпар да, кім шабан,
Екі арасын айыра алмас,
Байрақты жерде сыналмай.
Кеткенің бе, апеке,
Менің айтқан сөзімнің,
Біріне жауап бере алмай?!

Жібек қыз жауап сөзге оқталады. Бірақ Әбіт ақсақал: «Сол айтқаның да жетер енді! Елдің намысын қолдан бердің, шық үйден!», − деп, қатты ашуланады. Сонда Жібек ақын: «Жалғыз атты жолаушы менің мінімді қайдан біледі, соны Бала Оразға жеткізіп отырған өз еліме өкпелімін. Ақынға ат мінгізіп, шапан жабыңдар!» − депті. Бұдан кейін Бала Ораз қайтадан жырлайды.

Бала Ораз:
Негізімді сұрасаң,
Он екі ата Байұлы,
Байлық пенен биліктен,
Төрелік пен кеңдіктен,
Байрақты жерде жүлде алған.
Елден шыққан мен жүйрік,
Бүгін келіп жолықтым,
Маңайыңдағы халқыңа,
Жүйрікке мендей тап болдың,
Жүгенін қарш-қарш шайнаған.
Қатардағы халқына,
Мағлұм болған шайырдың,
Тауын шағып қайырдым,
«Байұлыдан артықпын» деп ойлаған.
Жетірудың жүйрігін,
Бала Ораз Тазың байлаған.
Ажары тайды апамның,
Кешегі жасыл гүлдей жайнаған.
Бедеуге тұлпар тап келді,
Ауыздығын шайнаған.
Қартайған екен, апекем,
Жас кезінде сайраған.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз