Бала Ораз бен Тәбия айтысы
Бала Ораз, Тәбия Өтебайқызы · 2 мин оқу
Бала Ораз:
Шығады қызылбастан айқын араб,
Ер жігіт ат мінеді, жалын тарап.
Ішікті, шапанды қыз, былай отыр,
Айтамын қызыл тонды қызды қалап.
Тәбия:
Шығады қызылбастан айқын араб,
Ер жігіт ат мінеді, жалын тарап.
Ішінде осыншаның отырсаңыз, бізді қалап,
Біз-дағы неғылайық бойды балап?
Бала Ораз:
Шығады қызылбастан айқын араб,
Қашады қызыл түлкі тауды жанап.
Мүшеңді, жүйрік болсаң, ал да, жөнел,
Мен өзім қосылайын қабырғалап.
Тәбия:
Көшкенде жүк артамын құба інгенге,
Құбылып, сен күлдің бе, мен күлгенге?
Мынаның ажырайып, сөз айтуын,
Көтеріп, көп ішінде көзге ілгенге!
Бала Ораз:
Көшкенде жүк артасың құба інгенге,
Құбылып, мен де күлдім, сен күлгенге.
Үйінде Өтекемнің, қарт Тәбия,
Сен неге тыжырындың мен күлгенде?
Өлеңім менің дайын десте-десте,
Шебер қыз төбетайға тігер кесте.
Үйінде Өтебайдың, қарт Тәбия,
Сен қайдан шығып едің көзге ілмеске?!
Тәбия:
Бұл тойға шақыртумен келіп едің,
Нешеуді менен бұрын жеңіп едің?!
Атымды көрген жерден «Тәбия» деп,
Сен өзің мені қайдан көріп едің?
Бала Ораз:
Жолаушы, атым арық, тебінемін,
Мен нағып кәрі қыздан жеңілемін?!
Үйінде Өтекемнің, қарт Тәбия,
Ежелден сені, бейбақ, мен білемін.
Тәбия:
Жайлауы біздің елдің құм болады,
Құмайт жер жаңбыр жауса, шым болады.
Сұраған аты-жөнін айып емес,
Құдеке, аты-жөнің кім болады?
Бала Ораз:
Жүгірген қойдан қойға қоңыр тоқты,
Шашағы шарқатыңның сексен шоқты.
Өзіңнің білгеніңше айта берсейші,
Бәленше-түген деген атым жоқ-ты.
Тәбия:
Атадан атасыз бала туа ма екен,
Ата-анаң жұмсағанда кім дейтұғын?
Бала Ораз:
«Базардан алып келген пұлым» дейтін,
«Жарасқан ақ бетіңе тұлым» дейтін.
Ата-анам екі мінезді адам еді,
Келгенде бір мінезі:
«Бері отыршы, ұлым!» дейтін.
Келгенде бір мінезі:
«Әрі отыршы, құлым!» дейтін.
Тәбия:
Өзіңнен үлкендермен болсаң жолдас,
«Атымды ала келші, кім» дейтұғын?
Өзіңнен кішілермен болсаң жолдас,
«Атыңды әкелейін, кім» дейтұғын?
Бала Ораз:
Жел соқса, киген киім пана деймін,
Көрінген сонадайдан қала деймін.
Өзімнен үлкендермен болсам жолдас:
«Атыңды әкелейін, аға!» деймін.
Өзімнен кішілермен болсам жолдас:
«Атымды ала келші, бала!» деймін.
Осыдан кейін келген кезекте Таз Бала Ораз ақын қызға бір уытты сөз айтқан болса керек, мұны келесі шумақтан аңғарамыз:
Тәбия:
Торының тоқым тарттым белдігіне,
Теңдеспей, мен көнбеймін кемдігіме!
Бір сөзің қапияда өте шықсын,
Абайла, ал, Балеке, ендігіңде!
Таз Бала Ораз ақынмен одан әрі айтыса келе шайыр қыз әлсіздік көрсетіп алады:
Тәбия:
Ақ мылтық алты қарыс мерген атар,
Қосылса, бір жақсы мен бір жаманды Тәңірім шатар. Баратыр ұйқым келіп, қарным ашып,
Болғанда таң мезгілі қашан атар?
Бала Ораз:
Мен өзім осы күнде жүдеп жүрмін,
Той сайын қызды жеңіп, үдеп жүрмін.
Ұрлыққа, өтірікпен сен-ақ қосыл,
Құдайдан мен ағынан тілеп жүрмін.
Тәбия:
Торының тоқым тарттым белдігіне,
Теңдеспей, мен көнбеймін кемдігіме!
Құдеке, салған жерден кері шалма,
Жүрейік күліп-ойнап кемді күнге!
Бала Ораз:
Торының тоқым тарттым белдігіне,
Көнерсің, теңдеспей-ақ, кемдігіңе!
Қорықсаң артың қысып, қарап отыр,
Шығарам мұнан басым ендігімде!