Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шортанбай мен Орынбай айтысы

Шортанбай Қанайұлы, Орынбай Бертағыұлы · 3 мин оқу

Шортанбай:
Жаратқан бәрімізді бір Құдайым,
Падиша пендесінің білер жайын.
Атыңа – анық, жүзіңе қанық едім,
Жол болсын, жүрсің қайдан, Орынбайым?

Орынбай:
Диуана қожа атасы барған Мекке,
Мейрамға атың шыққан жалғыз жеке.
«Жолың болсын», – дегенің – жақсы лепес,
Құдай берсе, мол берсін, ай, қожаке!

Шортанбай:
Өлеңге бір кісідей туысың бар,
Тіл мен жаққа бақ берген, ырысың бар.
Барымташы кісідей: «Мол болсын», – деп,
Әлдеқандай кісіде жұмысың бар?

Орынбай:
Былтыр бізді шақыртты Құсбек батыр,
Хан шақырса, не тұрсын ақын бақыр?!
Ақ сұңқардың дидарын көрейін деп,
Орынбай сол жарлықпен келе жатыр.

Шортанбай:
Айтасың мақтаныш қып батыр, ханды,
Ар көресің құр келіп, шатылғанды.
Ел бітімін бітірер би емессің,
Құсбек сені не қылсын шақырғанды?!

Орынбай:
Қожеке, ханға тағы сөйлеймісің,
Ханыңды шақырды деп сүймеймісің?!
Ішің тар, бұ қайдағы, жарықтық-ау,
Ханның өзі шақыртса, қой деймісің?

Шортанбай:
Еліме мен насихат кеп айтамын,
Беті-жүзің бар демей, тік айтамын.
Елімнен былтыр алып кетіп едің,
«Ұялмай, биыл неге келдің?» – деп айтамын.

Орынбай:
Тереңнен алатұғын алымым бар,
Жақсыдан алып жүрген қалыбым бар.
Төреңе әлің келсе, бердірмей бақ,
Күндесең алғанымды, ішіңді жар!

Шортанбай:
Орынбай Тұрлыбекпен келген екен,
Жан қалмай, төре, қара берген екен.
Елімді өзім жоқта қойдай жиып,
Бұ мұндар сонан дәндеп жүрген екен.

Орынбай:
Қожеке, соны сөз деп айтармысың,
Қуанып, бердірмесең, қайтармысың?
Мейрамның, қарлығаштай малын қорғап,
Қызғанған дүние малын шайтанбысың?!

Шортанбай:
Білдің бе сөйткенменен берерімді,
Бағана-ақ біліп едім не деріңді.
Менен басқа жан жоқ деп мақтанасың,
Асырмасаң, түк бермен, өнеріңді!

Орынбай:
Шығыпты Орта жүзге атың, қожа,
Айтасың ғалымдық жоқ батыл, қожа!
Сендей сарттың талайын уқалатушы ем,
Осы жолы бердірмесең, боласың ғой қатын, қожа?!

Шортанбай:
Орынбай Тұрлыбекпен келдің, кеттің,
Алдыңа түсер жан жоқ, гулеп өттің!
Жалынсаң, қожеке деп қояр едім,
Түк бердірмен, түбірлеп, түпке жеттің!

Орынбай:
Қожеке, сөйлер сөзден жаңылғаның,
Құсбектен тәуір болды табылғаның.
Бұ жерде қожа билер Қаратау жоқ,
Арғынды сенен сұрап, не қылғаным?

Шортанбай:
Қарауыл өрши берді, шыңдамасам,
Айтпаймын, жұртым, саған, тыңдамасаң!
Тіленші елге келген сен емеспін,
Көрейін халқымнан-ақ, бұлдамасаң!

Орынбай:
Қожасың – Қарақалпақ затың басқа,
Шығыпсың жақпай жалғыз қарындасқа.
Баласын бір Арғынның екі айыр деп,
Үйретті қандай ақымақ сен қубасқа?!

Шортанбай:
Болса да, баяғыдай заманым жоқ,
Бозбала, бәрің бірдей жаманың жоқ.
Пір болған жеті атаңа қожаң едім,
Көрмесең бір заржақтай, амалым жоқ.

Орынбай:
Нәсілің төрт жардан бұл, дегдар қожам,
Алдымнан қисық жүрмей, жөн бар, қожам!
Пір болсаң, дәріс оқытып, дін үйретпей,
Қазақтың өлеңінде нең бар, қожам?!

Шортанбай:
Өлеңін мынау ақын бағады екен,
Сөйлесе, сөз мәнісін табады екен.
Алдынан осындайда бір шықпасам,
Жанына, қоя берсем, жағады екен!

Орынбай:
Айтасың жүйріктікпен, шешен қожам,
Күнәңді, тәубе қылсаң, кешер, қожам!
Алдыма шығарыңды қайдан білдің,
Айтасың соны білмей, есер қожам!

Орынбай:
Деп едім тілім тиер мен бағана,
Жаратқан қожаны есер Құдай Тағала.
Ишан өлең айтқанын қашан көрдің,
Өлеңіңді айт, пірліктен кет садаға!

Шортанбай:
Хан, қара шақырған соң, келе қалдым,
Ақынды іздеп келген көре қалдым.
Қожаны пірлігінен айырып алған,
Молдаға дәріс оқытқан қайдан қалдым?!

Орынбай:
Қожеке, көп шайтанмен салыспаңыз,
Қараға, төре тұрып, таныспаңыз.
Айтамын жаным ашып ақсүйекке,
Жасыққа болатыңды алыспаңыз!

Шортанбай:
Өтерін бұ дүниенің ойламасам,
Алдында хан, қараның сайрамасам,
Орынбай – елге келген бұл бір мейман,
Кетермін жолдан тайып, сыйламасам!

* * *

Шортанбай Қанайұлы:
Реалист ақын Шортанбай заманының ірі суретшісі, қырағы ақыны болғандықтан, XIX ғасырда ауылда
тап қайшылығын күшейтуге себепкер болған саясишаруашылық жағдайларды да көреді, түсініп жырлайды*//Мұқанов С. Қазақтың XVIII-XIX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер, 124-б.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз