Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Орынбай мен Серәлі қожа айтысы

Орынбай Бертағыұлы, Серәлі қожа · 2 мин оқу

Орынбай:
Шыққалы біздер елден талай болды,
Ауылым «Көкөртеңге» жанай қонды.
Сұлтаным бес-алты ауыз айтсын дейді,
Серіжан, мұның жайы қалай болды?

Баласы Бертағының Орынбаймын,
Алашта ақын бар деп қорынбаймын.
Мойнында бір адамның қырық парыз бар,
Әр жерге әр қайсысын орындаймын.

Момынның малын жейді зекет алып,
Кеңеске кеткен аузым қалыпталып.
Серіжан-ау, нендей дертке ұшырадың,
Басыңды орамалмен таңып алып?

Серәлі:
Ассалаумағалайкүм, Орын аға,
Сұрайсың шариғаттың төрін, аға.
Атығай, Қарауылдан жол тартыпсың,
Бір сапар болып қайтсын жолың, аға.

Орынбай:
Уағалайкумәссалам, жарқын інім,
Көркейсін дәулетпенен көрген күнің.
Айтады сөзді қалай таза қылып,
Баласы ақсүйектің тақсыр пірім.

Серәлі:
Асыл сөз тілден шыққан күмісіміз,
Емес те бұл өтірік, шын ісіміз.
Атығай, Қарауылдан жолдағанда,
Бұл жақта немене еді жұмысыңыз?

Орынбай:
Бұйырған шықтым елден несіп тере,
Сұлтанның үш ай жүрдім соңына ере.
Атығай, Қарауылдан сапарланып,
Келіп ем сұлтанымның жүзін көре.

Серәлі:
Алдауға Жиреншені Көсе барған,
Жиренше Көсе сөзін шеше барған.
Дидарын сұлтанымның көремін деп,
Мүбәрәк сіздің елге неше барған?

Орынбай:
Сөз таппас жаман адам сасқаннан соң,
Көңілден сөзін бұзар ашқаннан соң.
Сен де жүр, олай десең, Серәліжан,
Өнерде кім жүрмейді асқаннан соң?!

Серәлі:
Көп жылқы көк алалы байда бар-ды,
Ағын су аққанынан сайға барды.
Астым деп айта көрме, Орын аға,
Ғазәзіл үлкендікпен қайда барды?

Орынбай:
Орынбай артық туған кен ағаң-ды,
Қайда жүрсем, сыйлаймын мен ағамды.
Үш күндей ауырдым деп, келмей жатып
Берерге жүр екенсің сыбағамды.
Өлеңді отыр едім құрастырып,
Қу бала, жаңа жеттің жанастырып,
Кетуші ем сендейлерді адастырып.

Серәлі:
Өлеңді отыр ма едің қарастырып,
Білдің бе жеткенімді жанастырып?
Әлеумет осы отырған қалайды көп,
Болады кезек берсең, санастырып.

Орынбай:
Арғы атаң – Хазірет Әлі, текті қожам,
Алдында қисық жүрсең, жөн бар, қожам.
Наданға насихатын, айта бермей,
Құранның лұғатында нең бар, қожам?

Серәлі:
Дарияның ортасында сең бар, Орын,
Сенімен айтыстарға жөн бар, Орын.
Сол жерден сені қалап, кім шақырды?
Қасында сұлтанымның нең бар, Орын?

Орынбай:
Серәлі, соны сөз деп айтармысың,
Жолың боп, мені жеңіп қайтармысың?
Шашылған несібемді теріп жүрмін,
Қызғанған хан мен халық шайтанысың.

Серәлі:
Шайтан боп неге тәубәмнан жаңылайын,
Сақтай көр мына сөзден, бір Құдайым.
Айтып ем аяғаннан жаным ашып,
Ел ақтап, дабыра сал, не қылайын?

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз