Бөрібай мен Әсия айтысы (3-бөлім)
Бөрібай Оразымбетов, Әсия Беркенова · 2 мин оқу
Әсия:
Демеймін бір айлаға жолықпаймын,
Мен, сірә, бұл айтқанға қорықпаймын.
Қылтықты болса-дағы бұл балығың,
Қадалар тамаққа да деп қорықпаймын.
Орынды ойлы сөзбен ұта аламын,
Қақпан боп мен де сені тұта аламын.
Жайыны болсаң-дағы жыр-теңіздің,
Мен сені түгіңменен жұта аламын.
Амал не, көңілімді байытпаған соң,
Қайнымда алған беттен қайтпаған соң.
Күл-күл деп қытықтайсың құрғақ сөзбен,
Күлемін қалайша сөз айтпаған соң.
Бөрібай:
Ақынсың алдыңа жан салдырмайтын,
Қарсыласты шаң қапқызбай қалдырмайтын.
Кіп-кішкене болғанмен шортанға да,
Алабұға мен болам алдырмайтын.
«Замандасқа» Мырзашөлден дара тілек,
Қазағымның өсе берсін бәрі ақын боп.
«Замандастың» елу жылдық тойында да,
Отырайық кемпір мен шал ақын боп.
Әсия:
Өнерге қанат қаққан бір жат елдің,
Байқадым саудадағы мырзасы едің.
Бағыма тап келіпті: «Замандаста»,
Ақиық бір ақыны Мырзашөлдің.
Ақының айтыстан еш тартынбасын,
Болсыншы әрқашан да парқың басым.
Бәйгесін алшы бүгін Қасымның сен,
Жырларың найзағайдай жарқылдасын.
Төгілдің бұл сайыста бір ағыла,
Шалынып періштенің құлағына.
Тілегім жаңағы айтқан қабыл болсын,
Кездесіп асау жырдың бұлағына.
Демеймін өнерің бар таласым,
Ақынға елім сенім арта аласың.
Күн тусын тоғысатын тойтөбеде,
Думаны қазағымның тарқамасын.
Қалайша жыр шашудан жай қаламын,
Ән болып әрқайсыңды аймалайын.
Сақтаған салты менен дінін, сірә,
Халқым-ау, қасиетіңнен айналайын.
Бөрібай:
Толқысаң өлең айту бір ақырет,
Көргеннен біз де сізді ұнатып ек.
Қасымның ақбоз атын тілге алдың,
Ақ пейілді тілегіңе рақмет.
Тілегім қазақта той тарқамасын,
Ақындар ел ауырын арқаласын.
Әсиядай асылдың сынығымен,
Айтысып, жазылды ғой арқа-басым.
Жоқ еді, ақ жеңеше, сырластығың,
Елге келіп бір биіктен бізді асырдың.
Мекенім Мырзашөлім, мырза дала,
Айтайын «Замандаспен» құрдастығын.
Мен әлі жырларыммен шарқ ұрармын,
Таңымды да көңілді атырармын.
Наурыздағы ұлы тойға, Мырзашөлге,
Өзіңді бас ақын ғып шақырамын.
Соңынан біздейлерді сүйрете бер,
Жасықтарды жолынан күйрете бер.
Қазағымда халық ақыны атандың ғой,
Орысқа өз тілдерін үйрете бер.
Әсия:
Бойыңа жиналған-ау, ұят-күшің,
Терледің, қызарасың, ұяттысың.
Байқаймын айтыс енді бітер кезде,
Соңында бір-ақ қызған сияқтысың.
Ұйқасы өлең-сөздің қалмас құрып,
Мен-дағы көрсетейін алмас қылық.
Көпшілік қаласа егер осы айтысты,
Қайтеді жіберсек біз жалғастырып.
Арман не, арай болып тарай алсам,
Шуақты жыр көгіне қарай алсам.
Наурыздағы тойыңа барып, сірә,
Жыртысыңдай бір кәдеге жарай алсам.
Шоқ болып жыр отыңда жанар едім,
Әндердің де кәусарына қанар едім.
Ақ жаулық аналардың, аталардың,
Қызы боп ақ батасын алар едім.
Қызыңа халқым сенім артасың ғой,
Сөз шығып осындайда тарқасын ой.
Ақын боп, ана болып жүргенім де,
Өзіңнің, тек халқымның арқасы ғой.
Бойыма жақсылықты жиып өтем,
Халқымның қайда болсам сыйы бөтен.
Дәл мендей қыз тудырған жыр көгіне,
Басымды халқым мәңгі иіп өтем!
Бөрібай:
Жалғастырсақ айтысты кім қолдайды?!
Өмірдегі тілегіміз бір болғай-ды.
Қоштасайық, ағама сәлем дегін,
«Таң атпаймын дегенмен күн қоймайды».
1992 жыл.