Бөрібай мен Әсия айтысы (2-бөлім)
Бөрібай Оразымбетов, Әсия Беркенова · 2 мин оқу
Айтты деме, ақ жеңге, ненің жайын,
Туа берсін алдыңнан сенің де айың.
Ал, енді жүгенімді тарта тұрам,
Айта отыр жеңеше, елдің жайын.
Әсия:
Көрінді жас та болсаң өктемдігің,
Өнерді өзің біліп өскендігің.
Қолыңды сен шәйнектен бір алмайсың,
Көрініп тұр өзбектермен өскендігің.
Сірә, сол суға кетіп қалмаған ба?
Қанатың ұшудан тек талмағай да.
Отыз жыл көк шай ішіп жүрсең-дағы,
Сусының айтысқа дейін қанбаған ба?
Байқаймын сірә, сенен дарын қашты,
Алам деп отырсың-ау алынбасты.
Ақыры кінәлі ғып шығардың ғой,
Ақындарға шай әкелер қарындасты.
Мүмкін, ол айтқандарың пайдаң шығар,
Алдыңда Әсияның айлаң шығар.
Кезінде шай уақтылы бермейтұғын,
Кердеңбай келіндерім қайдан шығар?
Бөрібай:
Қынжылам болмашыны сөз еткенге,
Уәжімді айтамын кезекпен де.
Үш пиала шай іштім соншалықты,
Тіліңді тіреп қалдың өзбектерге.
Қазіргінің серісіндей өлеңдетіп,
Жақсылардың жанына келем жетіп.
Жеңге болып отырсың, қайны болып,
Өкпелеме әзілдесем тереңдетіп.
Бойыма шабыт келсе тоқтатпаймын,
Кетті деме, ақ жеңеше, оттап қайным.
Арудай боп келгенде Ташкеніме,
Үш күн бойы ағамды жоқтатпаймын.
Әсия:
Отыр ем сөзді жөндеп табайын деп,
Өзіңді қайрап-қайрап алайын деп.
Өкпелеп қалдың ба, сен өзбек деп ем,
Айтқанға келді іріткі салайын деп.
Осы ма дайындаған сыйың маған,
Дейсің бе жауап беру қиын маған.
Ағаңның әйеліне өкінішпен,
Сөз айттың бақытыңа бұйырмаған.
Әзілді айтуға сен ерікті едің,
Қайным-ау, бұл айтысқа көрік бердің.
Жеңге деп сөзін айтқан апасына,
Қайныны қай қазақтан көріп келдің?
Бөрібай:
Байқаймын көңіліңді түсірмейсің,
Әзілдеме дейсің де түсін дейсің.
Өкпелейтін өкпе жоқ, бәрі бауыр,
Сенбесең рентгенге түсіргейсің.
Ойым бар айтпай кеттім, біліп қойшы,
Көңіліңнің төріне іліп қойшы.
Осы жұрт сені күлмес ақын дейді,
Өтінем ел алдында күліп қойшы.
Әсия:
Байқаймын, сірә, қайным ептедің бе,
Әніңмен ақ жеңгеңді өпкенің бе?
Өкпе жоқ тұла бойда деп отырсың,
Сонда сен балық болып кеткенің бе?
Әзілдің түбіне де жетпедіңдер,
Айламен Әсияны ептедіңдер.
Күлмейтін сірә мені тірі пенде,
Күлмейтін Күлмес ханым деп пе едіңдер?
Сырым бар мына елім білмейтіндей,
Санаға ептілеу жан ілетіндей.
Ал, кәне, қайным, өзің бір сөз айтшы,
Мен түгіл отырған жұрт күлетіндей.
Бөрібай:
Болса-дағы қайныңның жыртыңы жоқ,
Басып қойдың әзілдеп жұлқынып ед.
Балық дейсің өңшең бауыр дегеніме,
Байқашы сол балықтың қылтығы көп.
Қылтығы тамағыңды тесіп кетер,
Ештеңе жоқ көңілдің өсіп кетер.
Сан сайысты өткізгем мықтылармен,
Мен емеспін шапанды құр шешіп кетер.
Мен-дағы өнер атты белеңдемін,
Дуалы ауыздарға ілінгемін.
Риза боп тарасын дегенім ғой,
Күлгеніңді бір көріп көрерменім.