Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бөрібай мен Қатимолда айтысы (2-бөлім)

Бөрібай Оразымбетов, Қатимолда Бердіғалиев · 3 мин оқу

Бөрібай:

Ата-баба жерінде тұрақталғам,
Мұңайсам, елім мені жұбатты алдан.
Әлгі әзіл, дарынды жастарымнан,
Жіберемін өткендерін сынақтардан.

Қос бұрымдай жырымды өрімдейін,
Жамандардың қатарынан көрінбейін.
Замандасым, ойымнан шығып тұрсың,
Мен, сірә, жүздеріңе бөлінбеймін.

Көңілім бар сөздерді ауыр сақтар,
Ақындарды отты жырлы жалын сақтар.
О бастан белгілі ғой, замандасым,
Бірікпейді бөлінген бауырсақтар.
Серіппесі жыр-садақтың керілгенде,
Ақындар тұщы жырдан жерінген бе.
Қуанып ем Оралдан Үзілдіктей,
Құрдасымның төбесі көрінгенде.

Үзілдікке ат қойдым Үзілдірік,
Жүзіне жарасады көзілдірік.
Замандас-ау, жаныңнан кетпей қойып,
Үмітімді жібердің үзілдіріп.

Кей ақынның дауылынан ықпай қойдым,
Сөздерімді дәлме-дәл нықтай қойдым.
Сәлемдесуден әрі мен бара алмадым,
Себебі, сен жанынан шықпай қойдың.

Қатимолда:

Бұл құрдас айтар ойын түйдектеді,
Барады қай-қай жаққа сүйреп мені.
Келген-ау, бұл шамасы апасын да,
Екінші тайлағындай үйреткелі.

Бұл құрдас қыз дегенде тықылдайды,
Болған-ау, бұл құрдасқа қатын қайғы.
Беу, құрдас, қырындама, қырындама,
Ақын қыз біздің жақта сатылмайды.

Мен өзі Үзілдікті алып жүрем,
Кей уақыт содан сөзге қалып жүрем.
Үзілдік бірге оқыған кластасым,
Сендейлер қақпасын деп бағып жүрем.

Қазірге дайын сұрақ ұрынғанша,
Уыттау болады екен жырың қанша?
Ал, енді, Үзілдікті бере қалсам,
Құрдас-ау, беретұғын пұлың қанша?

Бөрібай:

Құрдасыңа көрсеттің алмас қылық,
Ойламап ем, дәл мұндай салмас құрық.
Бір сұлудың меңі үшін Хафиз шайыр,
Самарқанды жіберген алмастырып.

Мен-дағы айтыстарда жосып келгем,
Тұлпарымды додаларға қосып көргем.
Самарқанға Жүрсін ақын Алматыны,
Үзілдіктей періштеге қосып берген!

Құрдасың үдеп-үдеп кетеді де,
Өзіңдей қанағаның жетегінде.
Үзілдікке Мырзашөлді түгел берсем,
Айтшы құрдас, кәнеки, жетеді ме?

Ашылар ол Мырзашөлдің гүлі болып,
Шыбын жан шықпай жүрсем тірі болып.
Сұлуларға жерін қиған бұл тарихта,
Мен қаламын «үштіктің» бірі болып.

Қатимолда:

Алдынан қайнағаңның тоса бердің,
Жырменен сен ойқастап жоса бердің.
Үзілдік десең шын, Бөрібайжан,
Төле би жатқан Ташкенді қосып бергін.
Мен солай шабытымды ірке бердім,
Тұрмасаң бұл шартыма үрке бергін.
Келмесе осы айтқаным қолыңнан бір,
Маңдайдағы теріңді сүрте бергін.

Бөрібай:

Сен өзің шалқығандай байтақ әнсің,
Қайнаға, бұл сөзіңді шайтан алсын.
Үзілдікке Тәшкенді берер болсам,
Мырзашөлді «сдачқа» қайтарарсың.

Қатимолда:

Байқадым, беу, құрдасым, аяғыңды,
Белгілі «ультиматум» таянулы.
Отырсың мына менен «сдач» сұрап,
Қазақ жерін өзінен аядың ба?
Өзің де дайынсың-ау, дауға керім,
Мырзашөл өзбектерге ауған жерім.
Екеуінің басын қосып бере алмасаң,
Осымен доғарайық, саудагерім.

Бөрібай:

Сауданы бітірем деп қызу едім,
Алаңдаған арманым боп қызыл ерін.
Сұлуларға сөздері өтпей қалған,
Ақынмын о бастан-ақ тұзы жеңіл.

Аман болсақ кездесерміз әлі талай,
Қыздарды саудалармыз барымталай.
Ел алдында ақ батаңды сұрайыншы,
Бермесең айтыспаймын әрі қарай.

Ақынмын сал-серіге еріп жүрер,
Елінен жыр маржанын теріп жүрер.
Ақбөрі ақ батаңды сұрап қалды,
Қатеке, беріп жібер, беріп жібер.

Қатимолда:

Қыз жайын ұғынсайшы, құрдас, енді,
Өкініштен орны оның толмас енді.
Үзілдік кластасты бермеген соң,
Бермесем ақ батамды болмас енді.

Бөрібай, бауырым да, туысым да,
Сұлулар жүрсін сенің уысыңда.
Айтыс атты өнердің айдынында,
Әрқашан еркін болсын тынысың да.

Жырлайтын жағы талмай арманды елін,
Ақ берен қиып түсер салған жерін.
Алдынан додалардың көріне бер,
Ақыны Мырзашөлдің Арлан-Бөрім!
1991 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз