Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бөрібай мен Әсия айтысы (1-бөлім)

Бөрібай Оразымбетов, Әсия Беркенова · 2 мин оқу

Бөрібай:

Қолдарын ақынына ұрған халқым,
Ат басын айтыстарға бұрған халқым.
Ассалаумағалейкүм, асылдарым,
Бөрібай мен Әсияны туған халқым.

Ақындарға атуда үміт таңы,
Ашылсын жыр-көңілдің құлыптары.
Ташкенімде ұлан-асыр той өтуде,
Жиырма бес – «Замандастың» жігіт шағы.

«Замандас» елім күткен үміт еді,
Рашидов қолдап та үгіттеді.
Шаңырағын отау ғып көтергенде,
Бұхарбаев жиырма бестегі жігіт еді.

Бүгін елім той жасап көпті күтті,
Тойлар да қажет етер ептілікті.
Жеңу де, жеңілу де мақсат емес,
Сеніміңнен шықсам елім жеткілікті.

Замандасты қосамын өлеңіме,
Сүңгиін жыр-мұхиттың тереңіне.
Жалғыз едім айтысты тағдыр қосқан,
Егіз болсын екеуі дегені ме?

Кетті ғой ақындарға қаптап қала,
Ән тербеліп үш күнім жатпақ дала.
Ақбөрің жұлқынып бір шыға келді,
Әсиядай жеңгесімен аппақ қана.

О, жеңге, ақын болып бақ құрадың,
Мен-дағы арттарыңнан шапқыладым.
Жуас қайын болам да осы бүгін,
Ақ жеңгенің айтқанына тақ тұрамын.

Әсия:

Жүздесіп жаны жайсаң халқыменен,
Жанымды кетті менің шарпып өлең.
Әуелі амандасып алайыншы,
Халқымның сәлемдесер салтыменен.

Елім-ау, айтыс десе алаңбысың?
Білесің өнердегі бағамды шын.
Асылдың сынығындай алыстағы,
Көнекөз қарттарым-ау, аманбысың?

Жасымнан жыр көмбені сағаладым,
Өнерде өзің мені бағаладың.
Шабытым шарықтайды батаңменен,
Аман ба, ақ жаулықты аналарым?

Шығасың ар-намыстың құздарына,
Тірліктің төпеп бердің ызғарына.
Қасиеті қайран қылған қалың елді,
Бір сәлем қаракөзді қыздарыма.

Армысың, мәңгі көктем қалған мекен,
Далаңа жеміс-жидек толған мекен.
Алты Алаш әруағыңа басымды идім,
Төле би бабамызға болған мекен.

Өзге еді басқалардан бағамыз да,
Қабағын көрерменнің бағамыз да.
Сәндеген сұлулықпен Регистандай,
Жалаңтөс Баһадүрдей бабамыз да.

Мен едім айтыстағы ақ алмасың,
Белгілі менен жақсы таба алмасың.
Жігіттік мүшел тойың құтты болсын,
Қазақтың хабары бұл «Замандасым!».

Көрсетіп көрерменге әр ісіңді,
Естіртіп мына жұртқа дауысыңды.
Қайным-ау, қарап отырсам ертелі-кеш,
Көрсеттің Құлагердей шабысыңды.

Өнердің шыңдарында бар аларым,
Мен-дағы әзіл сөзге бара аламын.
Байқаймын басыңменен, қолыңменен,
Бар екен аяғыңда барабаның.

Бұл өнер жігіттерден шықты ма екен,
Мәнісін барабанның ұқты ма екен?
Айтақын ұрғылаушы еді аяғымен,
Сынықтан өзге болып жұқты ма екен?

Жеңгеңнің қас-қабағын бақшы бүгін,
Болса егер қайныдай сақшылығың.
Байқаймын терлеп-тепшіп бұлқынасың,
Бар сірә, аз да болса бақсылығың.

Бөрібай:

Демеймін бұл өнерге жай құмармын,
Айтысты ақ жеңгеммен сай қылармын.
Әжемнің жетегінде өскендіктен,
О бастан, жастайымнан шай құмармын.

Байқаймын үндеріңде дабыл басым,
Қайның өстіп қағынар қағынғасын.
Үлкендерден қалдық ішсем несі айып,
Кешіктіріп кетті ғой қарындасым.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз