«Сақалым темір күрек борға малған...»
Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 12 жол
Сақалым темір күрек борға малған,
Селеудей шашым селдір зорға қалған.
Аузыма ақ жабағы жапсырғандай,
Кəрілік немді қойды қорламаған?
Құлпырған қызыл шырай түсімді алды,
Аузымды опырайтып тісімді алды.
Босатып буынымның шегелерін,
Сыпырып тұла бойдан күшімді алды.
Кəрілік екі көзді қызартады,
Сүйектің етін сылып, ұзартады.
Еңкейсең етпетіңнен түсіргендей,
Батпандап тізе тұсқа тұз артады...