Ленинградтық өренім
Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 183 жол
Ленинградтық өренім,
Мақтанышым сен едің!
Нева өзенін сүйкімді,
Бұлағымдай көремін.
Көпіріне қарасам,
Көмкерген су көлемін.
Өркеш-өркеш жарасқан,
Шоқылардай дер едім.
Сапырылған көк теңіз,
Шомылдырып кемерін!
Шамы күндей жайнаған,
Аспанға үйлер бойлаған...
Арқа тұтып алыста,
Айбыным деп ойлағам!
Жасағам жоқ өмірді,
Жау сойқанын көргелі.
Төккенім жоқ терімді,
Шер қылғалы кеудені.
Жасалған жоқ салтанат –
Жаудың болуға ермегі.
Жауда қалып Ленинград,
Жаралған жоқ көнгелі!
Жасағамын өмірді –
Жау біткенді жеңгелі.
Саудыратып сүйегін,
Топыраққа көмгелі.
Қазақстан жерінен,
Тұтағандай ел кегі,
Сендерге дем бергелі!
Жолды кернеп қол кетті,
Нева алабын қорыңдар,
Ленинградтың ерлері.
Ұрпаққа үлгі болыңдар,
Заманымның өрнегі!
Ата-бабаң баяғы
Аян еді Жамбылға.
Құрсаулы қол, аяғы,
Аударылған ауылға.
Төрт патшадан теперіш,
Көргендерін білем мен.
Петербордан қара күш,
Құласа деп тілеп ем.
Тілей-тілей өмір өтті,
Сақал, шашым ағарып,
Сонда бір күй тебірентті,
Балтық толқып дем алып...
Жаңғырығы құлақтан,
Кетпейтін бір күн еді.
Ленинград ұл, қызы,
Қайыспаңдар, өренім!
Дүкенінде жасалған,
Машиналар алуанын,
Киров əкеп еліме,
Қуаныш қып алғамын.
Сендерменен қашаннан,
Аға-інілі болғамын.
Жоқ қой дегем Алматы,
Енді менің арманым.
Су қыраны секілді,
Балтықтағы ерлерім,
Сыйлық алып не түрлі,
Келгендерін көргемін.
Бірге тойлап тойымды,
Бірге көрген серуенім.
Немерем мен шөберем,
Бесігінде сендердің,
Жастайынан үйренген,
Ғылым, білім өрнегін.
Бүгін Жамбыл тыңдаса,
Естиді жау келгенін.
Есігіңе таласып,
Созыпты обыр өңменін.
Естерінен адасып,
Жолына үйіп өлгенін.
Жеті басты жалмауыз,
Жайыпты қан шеңгелін...
Дегеніне жетпес ол,
Қақпа алдында қансырар,
Келген шығар айдап сор,
Жылан басы жаншылар,
Жау түнегі аршылар.
Тағы сайрар бұлбұлдар,
Тағы жайнар жұлдыздар,
Масайрасар, ұл, қыздар!
Ұлы халық өскен жер,
Бауыр басқан жасымнан.
Жау зақымын көрсеңдер,
Дауысың шығар ашынған.
Оқтар тиіп, өрт шалып,
Дүние мүлік шашылған.
Қанішер жау жүр шауып,
Арандары ашылған...
Білем, бірақ өмірі аз,
Сондықтан жау ентелер.
Ажалына асыққан,
Обырларды жұтар жер.
Қарсы аттанды жауға жұрт,
Көтерілді қалың ел.
Жау батпаны жатыр деп,
Қайысқан жоқ біздің бел.
Тірек болған еліме,
Туым едің сен алғаш.
Ленинградтың төріне,
Жау аяғын сала алмас!
Келген жауды түйіліп,
Жеңген едің бұрын да.
Жау сүйегі үйіліп
Қалған өзен, қырында.
Патша қолы – құлдары,
Қырғын тауып бұл-дағы,
Сонау соғыс кезінде,
Құмың болған «құндағы!»
Ленин шəрі қайратты,
Ол бір өткен күнінен.
Жауға қатал айбаты,
Аңғарылар түрінен.
Қамалына оқ дарымас,
Ол бір құрыш асыл тас.
Бақшасының қақпасы
Жау қолына табылмас!
Қаласына Лениннің,
Жан-жағынан елімнің,
Ағытылған от арба.
Батырларын жіберген,
Ауыл, қыстақ, шəһəр да.
Ел салмағы қорғасын,
Қорғағалы ордасын,
Құйып жатыр қалаға,
Деп жауымыз сорласын!
Қазақстан жерінен
Мұнай да ағып тасыған.
Сұр қорғасын темірмен,
Сол тасқынға қосылған.
Қара көмір, қызыл мыс,
Секілденіп жалын күш,
Барып жатыр осыдан.
Сəт сағаты жеткенде,
Көсем жарлық еткенде,
Жаудың тілі байланар,
Солар сөйлеп кеткенде!
Оққа ұқсаған дəндерім,
Қызыл шырай алмалар.
Бал татытып дəмдерін,
Барып жатыр бəрі де –
Жүйрік пенен жорғалар,
Соның бəрі көмегім,
Қанқұмарды жеңуге,
Желкесінен жегенін,
Сығып ала беруге!
Уа, қаһарман, өренім,
Мақтанышым, беделім!
Сырда тұрып аңғарам,
Құтырған жау өлерін.
Торыққаннан ұлиды,
Торып қала көлемін.
Жамбыл тұрып тыңдаса,
Сараң тартқан құлағын,
Жаңғырығып тау-тасқа,
Күнде келер бір жаңа үн.
Жауға жұртты шақырған
Сайыпқыран Жданым–
Мектеп, завод, шахтыдан,
Жинаған ұл, қыздарын.
Нажағайдай ойқастап,
Ворошилов қол бастап,
Қаймықпауға, қайтпауға,
Кəрі, жасқа ой тастап,
Жасандырған жасағын,
Жерді болжап айқаспақ,
Жабықпағын Ленинград!
Отан əмір берген шақ.
Сап-сап болып қол барар,
Қорғап сені ол қалар.
Қатты майдан алда бар,
Жанышталар айдаһар!
Жата алмаймын төсекте,
Жаным қалай жайланар!
Құс ұйқылы көнемін,
Қайтып ұйқы көремін!..
Жетсін деймін сендерге,
Жыл құсындай өлеңім!
Қаласындағы Лениннің,
Сайыпқыран, өренім!