Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мен келдім амандаса

Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 152 жол

Басын өрге көтерді Жамбыл ата,
Ғафу еткін сөзімде болса қата.
Бір-екі ауыз болмайды сөйлемесем,
Жамбасымнан жер өтті жата-жата.

Колхоздың келіп қондым жайлауына,
Ешкімнің көнгенім жоқ айдауына.
Би-болыс, елу басы шар тартқанда,
Қосылып көргенім жоқ сайлауына.

Жəне де салқын болад таудың басы,
Жамбылдың тоқсан беске келді жасы,
Жайылып мал өріске шыққан кезде,
Көрінбей қалып жатыр таудың тасы.

Мен келдім амандаса алдарыңа,
Шопандар, берік болғын малдарыңа.
Көңілі көтерілді қозғалуға,
Рахмет айтып қойғын шалдарыңа.

Жамбылдың жайлаудағы салған əні,
Құлансаз, Қарабастау жердің сəні.
Мал жайлап, қыстап жүрген уақытында,
Көрген жоқ жерге тамып малдың қаны.

Жамбылдың салған əні жайлаудағы,
Құлын-тай желі тартып байлаудағы.
Он бес пен жиырманың арасында,
Толықсып, көңіл шіркін қайда аумады.

Жайлаудың шөбі шүйгін, суы тұнық,
Асау қайда құтылар салса құрық.
Үлкенсаз, Ұзынағаш, Қызылқұмда
Көбейтіп шашқан жерсің малдан ұрық.

Өріске көз жібердім жатқан малға,
Аяғым ұмтылады бассам алға.
Жасынан шопан болып, қойды баққан,
Қояйын амандасып Тойбай шалға.

Тойбайым, аманбысың, Тоян қандай,
Қып-қызыл екі бетің боялғандай,
Көргенде қатар өскен келіндерді,
Дүбірлеп көкірегім оянғандай.

Тоқсаннан асып қалды менің жасым,
Қалыпты көкшіл тартып сенің басың.
Құмардан құрт ішкендей шығар едім,
Тоянның қысып қойсам қабырғасын.

Жайылған малдың ізі қиядағы,
Көктенше мал тоқтайтын тиянағы.
Тербеліп көңіл шіркін көтерілді,
Ұшқандай құс талпынып ұядағы.

Көктөбе, Майтөбеден бөлініп тұр,
Шаштай боп, шалғын шөбі өріліп тұр.
Алаяқ, Қызылкезең, Сарысайдан,
Жылқы мен қой құлағы көрініп тұр.

Аққолтық, Қасқабұлақ малдың жайы,
Ыңғайлы мал қыстауға асу, сайы.

Күнгейін қақпа тастың пайдаланса,
Ағып тұр мен мұнда деп, шөптің майы.

Малшының мал өсірер келді шағы,
Қойшының көтерілер болса бағы.
Көк қаптал, өрісі бұлақ, гүл шашып тұр,
Жайқалып жел соққанда жапырағы.

Айдаутас, Қамаутөрде жатар киік,
Талғардың тал шоқысы таудан биік,
Үшқоңырдың жайлауы қандай жазық,
Елу мың қой өзенде жатыр сыйып.

Жасылкөл арқасында шалқып жатыр,
Бетінде аққу, үйрек қалқып жатыр.
Баржыға жүк тиеген параходтай,
Ақ бидай сым жолдармен тартып жатыр.

Бер жағында Жасылкөл, Құмбел жатыр,
Малшылар жайлап отыр – тігіп шатыр.
Шөп тамырын құм төккен Қарғалыға,
Өмірде болған емес жері тақыр.

Совхоздың жайлауы еді Қарақия,
Тасына қыран бүркіт салған ұя.
Кейінгі ұрпақтарым айта жүрсін,
Қолыңа ал, Рахметжан, қалам-сия.

Сарқырап таудан бұлақ ағып жатыр.
Малшылар малды аман бағып жатыр.

Таң ата жылқышылар малын жинап,
Желі тартып, қазығын қағып жатыр.

Ізтілеу тамаша іздеп кетпек болды,
Шөткелеп етікке май жағып жатыр.
Қарт атам, шөлдеп қалды-ау, дем алсын деп,
Сатиқа, қымыз құймай нағып жатыр?

Қар жатпайтын жер еді Қарақыстақ,
Колхоздың отырады малы қыстап.
Сатиқа, ұйқың келсе жата тұрғын,
Тар жерде, не қылайын сені қыстап.

Қайрақты, Қызылкезең көштің жолы,
Сол саймен тауға шығар малдың молы.
Колхоз, совхоз жайлауда қанат қосса,
Желдісайдың өзені малға толы.

Берекелі жер еді Сарыжазық,
Шыққан шөбі колхоздың малына азық.
Лениннің бастаған жолыменен
Өкімет келе жатыр құлаш жазып.

Бұлт қоршаса, күн жауар Суықтөбе,
Етегінде бүркіттей жатқан көде.
Ақтастының адыры арқар, жусан,
Айтпай тастап кетейін оны неге?

Қоңыр жайлау, Қадарша, Талдыбұлақ,
Сұлутөрдің жазығы малға тұрақ!

Колхоз, совхоз құралып мал өсірді,
Арамыздан кеткен соң бай мен құлақ.

Қойшыларды көрген соң қолыма алып,
Домбыраның құлағын алдым бұрап.
Кедейдің қанын төккен қанаушылар,
Ақыры кетті өздері қайыр сұрап.

Мал қайтарып, шөп шапты келіндерім,
Жəкесіне кеткен бе сенімдерің?
Малшылар тыңдағалы отырған соң,
Айтуға біраз өлең ерінбедім.

Даусымды сағынып қалған шығар,
Көп күн болды сіздерге көрінбедім.
Өзім де шаршап қаппын өрден шығып,
Қалмасын деп отырмын көңілдерің.

Қырғызға барайын деп түстім жолға,
Мінгенім астымдағы күрең жорға.
Жүрісі жаман жігіт ел ішінде,
Ақыры тайғанақтап түседі орға.

Аспандағы айналып тамақ үшін,
Құс келіп оралады жайған торға.
Есіне бұл сөзімді сақтасын деп,
Сол үшін домбыраны алдым қолға.

Қарағайлы жер екен Үлкен Кебін,
Жайқалып гүл төгіп тұр шыққан егін.
Қырғыз-қазақ баласы бір кісінің,
Ажыратып айтпайды ешкім шегін.

Ағады төңкеріліп Шудың суы,
Шығады қар кетерде жердің буы.
Осы судың ағыны жатқан жерде,
Көлденең жерде жатпас шөптің қуы.

Семізбел ар жағында Қошқар жатыр,
Сол жерде кездеспеген достар жатыр.
Көкарттың оңтүстігін пайдаланып,
Жерлеген бір облысты Оштар жатыр.
Жол салған Қапшағайдан Қаратауға,
Көңілім көтерілер шықсам тауға.
Отырма, Тоян, сені шыбын тістеп,
Балықтай тыпырлайсың түскен ауға.

Түрленген шөбі қандай алабас тоң,
Сөмкелдің тауы биік бəрінен шоң.
Сіздермен амандасып қолыңды алып,
Дəм татып бір табақтан қайтқаным оң.

Омарбай, сізге келіп болдым қонақ,
Түсінбес сөз мəнісін кейбір олақ.
Келермін қайта айналып күзге таман,
Жайқалған ақ бидайға түскенде орақ.

Есіктен сəлем беріп Күлен келді,
Аузыма айтатұғын өлең келді.
Суғарып күрең атты жем беріп қой,
Адам жоқ жұмсайтұғын сенен жөнді.

Жүрмісің аман-есен, Күлен батыр,
Айтуға саған арнап өлең жатыр.
«Тас түскен жеріне ауыр» деген сөз бар,
Тамыры бұл сөзімнің терең жатыр.

Жамбыл Жабайұлы өлеңдері

Барлық 96 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері