Ата жаумен айқастық
Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 77 жол
I
Бейбіт елім тып-тыныш,
Қойны толған бақ, ырыс,
Елмен бірге кенеліп,
Рақатқа бөленіп,
Жатқанда алып жан тыныс,
Ел тынышын кетірген,
Алас ұрып лепірген
Құлаққа кеп шалынды
Сұры суық бір дыбыс.
Құлақ түріп тыңдасам,
Дыбысы екен жаулардың,
Адамға қас аңдардың,
Іздеп келген қанды ұрыс.
Тұрпатына қарасам,
Дүниені обардай,
Обыр-жеміт қомағай,
Қан аңсаған қара құс.
Европаның жан-жағын
Қармап қанды қармағын,
Шеңгеліңнен қан ағып
Қай сұмдыққа бармадың?!
Толмағандай жемсауың,
Алғың келіп жер шарын,
Қанды ізіңмен шарладың!
Көрге кірер кезіңде,
Құтырғаның емес пе,
Бізге ауызды салғаның!
II
Асқар таудай еліме,
Байтақ жатқан жеріме
Шапты фашист дегенде
Ашуменен аралас
Жыр да келді көмейге,
Қаһар қаулап денемде
Көз жібердім мен елге:
Сонда елімнің түрінен
Тастай болып түйілген
Қаһармандық аңғардым
Жау сазайын берерге.
Жау тиді деп саспастан,
Аяқтарын нық басқан,
Айбатынан көресің
Аспанмен күші астасқан!
Құйған құрыш тəрізді
Тұлғасында күшті ызғар,
Батырлықпен ұштасқан.
ІІІ
IV
Сен шақырсаң партиям,
Əмірің ортақ маған да,
Төгіп жырдың нөсерін
Домбырамды алам да,
Айналам жас – нөкерім,
Мен де барам, қалам ба!
Қорғауға елді кім шықпас,
Аттанар қала, далам да;
Кəрі дүние килікті
Жайнаған біздің заманға;
Адырға шығар деген бар
Асыққан аң ажалға.
Екі дүние айқасты
Майдандасқан алаңда!
Қаһарланып аттандық
Қаусаған кəрі дүниеден
Енді тамтық қалар ма!
Олар фашист – сұр жылан
Уын шашқан адамға!
Денеге уын дарытпай,
Жаныштап басын жыланның
Салайық, халқым табанға!
Ондай мерез ордасы
Қалмасын тіпті ғаламда.
Жас өмірдің жайқалған
Жұлғызбай жалғыз жапырағын,
Жайпайық деп жауларды
Жар салды жырау жаранға!