Сүйінбай мен Уәзипа
Сүйінбай Аронұлы · 1815–1898 · 111 жол
Сүйінбай:
Жақсылар, осы ма еді қыз дегенің,
Менің де осы емес пе іздегенім?!
Бой салмай, елең қылмай отыр едім,
Даңқы бар әжептәуір бірдеменің.
Іш жиып, бұл қызыңнан қам жемеймін,
Өлеңді әдемілеп әрлемеймін.
Жеңілсем осы қыздан, уа көпшілік,
Сайрамай қала қойсын тіл-көмейім.
Жеңілсем осы қыздан осы сапар,
Ел көрмей, дәруіш болып күн көрейін.
Шайтаннан әсір қуған кейін қалсам,
Әйелге бұдан былай ләм демейін.
Ағайын, тауып кепсің маған теңді,
Кеудемнен байқадың ба соққан желді.
Өнерге артық туған жан екенсің,
Тұрайын кезек беріп, сөйлеші енді!
Найманнан іздеп келген нән екенсің,
Өнерге артық туған жан екенсің.
Көрелік ақын болсаң әуселеңді,
Талабың тай жегендей бала екенсің.
Уәзипа:
Сөйлеймін сөйле десең құдайым деп,
Мен емес тұратұғын уайым жеп.
Найманнан келмей жатып бәйге сұрап,
Апырмау, бұ кім еді кесірі көп?!
Наркескен қанжардай бар жүрегіңіз,
Соншалық кім екенін білелі біз.
Аптықпай ат-жөніңді айт алдымен,
Еліңде аты шыққан кім едіңіз?
Бар ма еді жер жарғандай әруағыңыз,
Ауыр ма қорғасындай салмағыңыз?
Айтыңыз кім болсаң да зәрені алмай,
Көрерміз өлең болса арманыңыз!
Жасыңнан қулық сауған зәлімбісің,
Үш жүзге атың шыққан мәлімбісің?!
Жүрегі, өстіп айтсам, қорқады деп,
Әншейін сес қып тұрған тәлімбісің?!
Сүйінбай:
Келіпсің айтысқалы, жүрместен жай,
Жалғыз жүйрік дүниеде сен туғандай.
Туғалы кесір айтып көргенім жоқ,
Қазаққа атым шыққан мен Сүйінбай.
Шамаң бар меніменен сынасқандай,
Шығымды бала екенсің қыр асқандай.
Сылқым қыз, мені тергеп, не қыласың,
Бір шапса екі жүйрік ұнасқандай.
Руым Шапырашты, ер Қарасай
Аруақты Аронның мен баласы-ай...
Жырым мен үнімді естіп, тына қалар,
Қазақтың қыран жетпес кең даласы-ай!
Қайнайды зығырданым ішім толып,
Басыма кеткен менің қызыр қонып.
Бәйшешек көктемдегі сен бір шыққан,
Қарай бер күн көзіне құмарланып.
Уәзипа:
Айналайын, халқым-ау,
Сиынамын сіздерге,
Медет бергін біздерге,
Бір сұрқылтай кез боп тұр,
Шалдырушы едім кімдерге?!
Қырғыз, қазаққа белгілі
Сүйінбай деген біреуі
Келіп қапты жақындап.
Қызыл тілім, сөйлеп қал,
Бүгінгі күні сапылдап.
Қарашы мұның сесіне,
Мен қорқамын несіне.
Асып-тасып сөйлейсің,
Жолығарсың кесірге.
Жайыңды мен де білемін,
Шалқитын сонша кім едің?
Сен бір жүрген тұрымтай,
Тұйғын болып ілемін.
Бір кездесіп қалар деп,
Сұрастырып жүр едім.
Бес-алты үйден бөлініп,
Тозып жүрген шілдей боп,
Балалар шашқан күлдей боп,
Бүйтіп қор боп жүргенше,
Ұран салып жиылғын,
Өзіңе, халқым, сиындым.
Үлкен кісі болған соң,
Сөзімді қатты айта алмай,
Ізет қылып қиылдым.
Уа, Сүйінбай пырағым,
Ат-жөніңді сұрадым,
Сұрамай неге тұрамын,
Күнде көріп жүретін,
Біреуі ме едің құданың?
Сөзіңе сәйкес сөз айтсам,
Жарылып кетпей шыдағын.
Ат-жөніңді сұрасам,
Аяғымнан шаласың.
Күнге теңеп өзіңді,
Өршеленіп барасың.
Болмайтынды болғызып,
Аузыңмен орақ орасың.
Шын тұлпардан тусаң да,
Жетемін деп қусаң да,
Шаңымды көрмей қаласың.
Сүйінбай:
Уәзипа, неменеңе мақтанасың,
Бойыңа батқандай-ақ татқан асың.
Өлеңнің найзағайын жарқылдатсам,
Бұта қуған бозторғай боп қаларсың.
Соңыңнан сұрау салар туыс таппай,
Қайғыны бекер босқа жеп қаларсың.
Сүйінбай, әріптесің едім ғой деп,
Оңаша шақырып ап сөз саларсың.
Қарағым, айтыспай-ақ қоя қойғын,