Бұдабайдың Әлмәмбет болысқа айтқаны
Бұдабай Қабылұлы · 26 жол
Жыласаң жылаушы едік, күлсең күліп,
Араға бір сұрқия салды бүлік,
Даладан жем таппаған қара құстай,
Кетпесін ақырында өзіңді іліп.
Күшті екен құдіреті нашан құдай
Жүріңдер ешнәрсені пашам қылмай.
Басында татулықпен ішілген бал,
Кетпейді ақырында нашар қалмай.
Бұл жерде қанша дос бар, қанша қас бар,
Балалар, мұнша неге болдың құштар?!
Мерт болып мүйіздерің қап жүрмесін,
Соғысып бір қорада өңшең қошқар.
Қалназар, Қайыпназар, Жүсіпназар,
Тіл алсаң, бұл жұмысты қой, мырзалар,
Қой-дағы ашуыңды ақылға тос,
Топтанған тозған қудан қарға да озар.
Әлеке, ол білмесе, сіз біліңіз,
Әлі де білмегенін білдіріңіз.
Сенбеңдер, құдайға сен, күштеріңе,
Сыпарлық сақтамаңдар іштеріңе.
Бабаңның әруағы бүйте берсең,
Енбей кетіп жүрмесін түстеріңе.
Балалар, жүр екенсің түрің келмей,
Біріңнің айтқаныңа, бірің көнбей.
Өрекпіп күннен күнге көңілің тасып,
Би болғың келген екен бәрің бірдей.