«Айналайын Ыбыраш...»
Қашқынбай Қожамбетұлы · 39 жол
Айналайын Ыбыраш,
Аман-есен келдің бе?
Шырағым, сені жылаттым,
Ағайынға сендім де.
Ағайын, туған еске алмай,
Әтендейін өлдім бе?
Атаң пақыр сау болса,
Жетер дәулет кемдігі.
Көзіңнің жасы тыйылар,
Сәламат болсаң ендігі.
Шырағым, бүйтіп жүргенде,
Қайда жүр едің, ағайын?
Талай да жұрттан дәм татып,
Сынадым қазақ талайын.
Қазақтай малды баға алман,
Қаламды қолға алайын.
Ыбырашым, перзентім,
Атаңды іздеп сен келдің.
Сен келген соң, қарағым,
Бес мыңдай ауыл ел болдым.
Су ішпес адам сор едім,
Шалқыған айдын көл болдым.
Ұмытқандай біздерді,
Ағайынға не қылдым?
Жолыққанша, шырағым,
Қайғының тонын жамылдым.
Адам безер сараңнан,
Жарлы болып жүрсем де,
Жимадым малды харамнан.
Сен келген соң, қарағым,
Бүтінделіп бекіді,
Үзіліп белім бұралған.
Іздесе халқым табылман,
Мен де бір жылқы ұры алған.
Ыбырашым, перзентім,
Көтердің келіп белімді,
Тарқаттың іштен шерімді,
Алыста аңсап жүргенде,
Көргендей болдым елімді!