Кемпірбай мен Шөженің айтысы (1-нұсқа) (2-бөлім)
Кемпірбай Бөгенбайұлы · 155 жол
Қай пенде шайтандарға қазы болар?
Қолына қанлы тонмен кесе алып,
Кімнен кім қияметте құнын даулар?
Мені де шапағатыңнан тастама деп,
Кімерсе оттан тонын киіп тұрар?
Алланың әмірімен пәрмен болып,
Кімге-кім қияметте не хақланар?
Жиналып көп халайық ет жесін деп,
Тойына екеуінің не сойылар?
Тойының екеуінің қызығы үшін,
Кімнен-кім қияметте күрес салар?
Ысырап қып жәһәнімнің қылар қарар,
Уал-уал: оқымаған адамсың,
Білімсіз білден жамансың?
Менен басқа қазаққа,
Қара қасқа қабансың.
Ұшып бір өрге шырқасам,
Шаңымды көрмей қаларсың.
Соқтықпай маған жүргенде,
Өзге ақыннан амансың.
Жат дүниеге апарсам,
Қамалып сонда қаларсың.
Кемпірбайдың шешкені:
Болғанда жерде мәді, көкте ғайсы,
Жаралған алты күнде осы дүние.
Жаратқан жүнатлықты енді айтайын,
Білмесең олақ уалды менен сұра.
Оттан екі нәрсе жаратқан қадыр алла,
Бұлардың орны болар жәһәнімда.
Болғанда бірі тәблет, бірі жәблет,
Ұқсаған жылан менен хайуанға.
Әзәзіл осылардан пайда болған,
Айуанша құйрығынан шағылғанда.
Жеті хат жер астында көк өгіз бар,
Дүние бұзылғанша өлмей тұрар.
Қай күні ғарасатта майдан болса,
Сол күні өлім қошқар бауыздалар.
Қайтадан адамзатты тірілткенде
Жетпіс жыл қабір үстінде хайран болар.
Күнәсін пенделердің кеше көр деп,
Пендеге төрі шәһәряр жәрдем қылар.
Ей, малғұн күнәңді мойныңа ал деп,
Шайтанға иман ағзам қазы болар.
Қолына қанды тонмен кесе алып,
Бибіфатима Хұсайынның құнын дауалар.
Мені де шапағатыңнан тастама деп,
Абужаһел оттан тонын киіп тұрар.
Алланың параманымен парман болып,
Мәриям Мұхаметке не хақланар?
Жиналып көп халайық ет жесе деп,
Тойына екеуінің қызығы үшін.
Қаһарман ғалименен күрес салар.
Ерғали дәрежесі артық еді,
Арыстан бір мүдіртіп жұлып алар,
Екінші қайта келіп тіленсе де,
Күресуге ерік бермес періштелер.
Соқыр ит әкең қаржау басы бар ма?
Тағы да сұрайтұғын енді нең бар?
Шөже:
Ей, надан, көп мақтанба оңай сөзге,
Жаныңды көрсетермін қазір көзге.
Түзелмей көптен бері қисайыпсың,
Бұйырса түзетейін әділ тезге.
Бір дәрхат дүниеде бұтағы бес,
Болғанда оғы он төрт, садағы бес.
Қыны үш, қылышы алты бір жапанда,
Таппасаң екі сөзді болады күш.
Қыны үш құптамаша байқағанға,
Сен егер білгіш болсаң осыны шеш,
Уал-уал: желікпе тамыр қыл сабыр.
Екеумізді ел таныр.
Қатарласып сөйлессек,
Сенен көрі мен тәуір.
Шөже деген атым бар,
Қарлататын мен дауыл.
Кемпірбайдың шешкені:
Ол дарқат дін ислам күллі жанға,
Бұтағы бес намазы мұсылманға.
Дегенің садағы бес бес парыз тұр,
Секілді міндет қылған дін исламға.
Дегенің оғы он төрт намдат бесін,
Мәселе оның сірә қылдың несін?
Тексеріп парыздарды жұмбақ қылған,
Айтайын қу соқырдың әңгімесін.
Бұл жұмбақ сізден бұрын көп жайылған,
Күрсіде ғалам басы екі айрылған.
Қыны үш деген сөзің уәтәр уәжип,
Пайғамбар алып қайтқан меғраждан.
Бірінші бәлесіне сабыр қылмақ,
Екінші қазасына мойын бұрмақ.
Жауабы парыз ғайын осылайша,
Бар болса тағы қамың қамданып бақ.
Шөже:
Кемпірбай, бұл сөзімді табаласын,
Бұл сөзім орта жүзді ағаласын.
Қойқаптың алатаумен сеңгіріндей
Шөжемен жаннан қорықпай жағаластың.
Бермеген Алла нысап, бәяпар ит,
Болам деп сенде мендей қағынасын.
Қансонар бұл майдандан ит боп қалсаң,
Басыңа қатын жаулық салынасың.
Алланың аятынан түк білмейсің,
Менімен сөйлесуді не қыласың.
Уәтини уәзззәйтүни уәттури синина деген аят,
Тауып бер осы сөздің мағынасын?
Уал - уал: Ей, Кемпірбай ақымақ,
Сенің теңің мен бе едім?
Тіктесуге менімен,
Жарайтұғын сенбе едің?
Сен ақпа менің көргенім.
Көрерсің әзір әкеңнің,
Тірідей жерге көмгенің.
Кемпірбайдың табалмай қалып айтқанын
Соқыр ит мына сөзден кәпір болдың,
Айырылып алал малдан тақыр болдың,
Өлеңге құдай сөзін қосамын деп.
Қатының талақ деп өзің кәпір болдың.
Шөженің өзінің шешкені:
Кемпірбай жай жүр десем жай жүрмейсің,
Ит хайуан жақсы жаннан түңілмейсің,
Сен итпен былшылдасып отырмаймын,
Алланың аятынан түк білмейсің.
Уәттини тұрмауына муса барған,
Алладан төрт мәселе жауап алған.
Көрсет деп дидарыңды жалынғанда,
Дидарын Мұсаны аяп тауға салған.
Үш рет халық жаққа қарағанда,
Асқар тау алдындағы от боп жанған.
Мұсаның өзі еріп қорғасындай,
Тағаны басып кеткен таста қалған.
Осындай дәлел сөзден түк білмейсін,
Алдымнан былшылдамай кет ит арман.
Уал-уал: атым Шөже ала аяқ,
Сен орайсың халайық.
Бүркітпен ойнап қарғадай,
Мен болдым ба оңай-ақ.
Шөже жеген лашын,
Сөйлейді сөздің пасын.
Жалпылдаған, қу қарға,
Қыранға жетпес құлашың.
Төбеңнен құдай ұрған соң,
Осымен тоқтап тұрасын.
Отырма ең арғын болып көптейін деп,
Екен деп жалғыз қырғыз етпейін деп,
Сен итпен былшылдасып отырғанша.
Қаралы үйде қатындардан ет жейін деп,
Уал-уал: Шөженің сөзі асылы,
Кемпірбай сөзі жасыды,
Мен жылқының айғыры,
Сен есектің қашыры, – деп жүрген кеткен.
«Кемпірбайдың жеңіліп қалып айтқаны»
Өзімде жүруші едім секемделіп.
Соқтықтысы сонадайдан көптен келіп.
Соқырға жан тимеген соқтыға деп,
Жығылдым төрт аяғым көптен келіп.