Біржан, Орынбай, Шөже ақындардың айтқырлықтары
Біржан сал Қожағұлұлы · 1834–1897 · 15 жол
Біржан:
Сағынай, Мәті – Дәулен, жайындайсың,
Тел ескен, сен қысырдың тайындайсың,
Дәулетің жеті атаңнан арылмаған,
Киіктің даладағы лағындайсың.
Орынбай:
Керейде Сағынай мен Мәті – Дәулен,
Көркің көпке күндей болып түсер сәулең,
Көп айдың көрмегелі жүзі болды,
Жүрмісің есен-аман, өңкей сәулем?
Шөже:
Сағынай, Мәті – Дәулен – егізімсің,
Қол жетпес қабырғаңа семізімсің.
Жеті атаң, жеті руға жетім берген,
Сонда да, таусылмайтын теңізімсің.