Кемпірбай мен Шөже айтысы (2-нұсқа) (2-бөлім)
Кемпірбай Бөгенбайұлы · 194 жол
Мұқтсар сөзім түгел тақтасындай,
Сымбатты сөзім алтын ат басындай.
Жанақ, Түбек, Орымбай,
Шортанбай түк қылған жоқ,
Сен қыларсың қаямның қақ басындай.
Кемпірбай:
Қаңғырып, әңгі соқыр, кедің қайдан?
Дәндепсің Жанақ, Түбек, Орымбайдан.
«Жас өсер, жарлы байып» деген сөз бар,
Соқырым, жаның шошыр Кемпірбайдан.
Саждаға туып басың тиген емес,
Берейін сазайыңды, соқыр хайуан.
Соқырым, әлгі сөзің мін емес пе?!
Антұрған, күндіз күнің түн емес пе?!
Әкең Қаржау Жайықтың құлы емес пе?!
Шешең Шама Төренің күңі емес пе?!
Жаралған екеуінен омбы-домбы,
Ақымақ қылжыр соқыр сен емес пе?!
Арқалық көк сеңгірдің арасында,
Соқтықтың өзіңменен тең емеске.
Соқырым, танымасаң білдірейін,
Қазақтың тас түлегі мен емес пе?!
Шөже:
Кемпірбай, әлгі сөзің мін емес пе?!
Шөженің күндіз күні түн емес пе?!
Әкем Қаржау Жайықтың ұлы емес пе?!
Шешем Шара Төренің қызы емес пе?!
Жаралған екеуінен шын ақсүйек,
Дегдарың әуелден-ақ мен емес пе?!
Шешеңнің жатырынан жын қаптаған,
Соғылған әуелден-ақ сен емес пе?!
Кемпірбай, не себепті көтерілдің?
Бір басып мен кетейін жөтеліңді.
Ей, Кемпірбай, жерде не бар, көкте не бар?
Жаратты неше жұпты қадір Жаппар.
Алланың достысы кім, дұшпаны кім?
Сұрайтын өз басыңнан сауалым бар.
Исрапыл пәрменменен сұрын ұрса,
Қай күні өлім қошқар бауыздалар?
Қолына шақи менен кесені алып,
Қай пенде қай пенденің құнын сұрар.
«Апиғы даргайыңнан қор қылма» деп,
Қай пенде оттан тонын киіп барар?
«айтқанда күнайыңды өзің ал» деп,
Қай пенде малғұндарға қазы болар?
Ғарасат майданында тергеу болса,
Қай пенде қай пендені неке қылар?
Олардың тойларының қызығы үшін,
Қай пенде қай пендемен күрес салар.
Бірінен бірінің дәрежесі артық үшін,
Қайсысы дығып қайсысы жолыр алар?
Екінші күресерге тілесе де,
Оларға рұқсат бермес қандай жандар?
Құдайдың құдіретінен пәрмен болса,
Қай күні қай мағлұқты құрбан қылар?
Таразысы Сираттың нәсілі немесе екен?
Бір жағын кім бір жағын тұтып тұрар?
Сираттың нәсілінен сөз сұрайын,
Жуандық-жіңішкелігі, ұзындығы неше жылдар?
Әр іске мұны шешсең қолың жетер,
Ойланып шеше алмасаң есің кетер.
Кемпірбай:
Қу соқыр-ай, деп салдың оның несін,
Өлімнің билейді Алла ерте-кешін.
Жиналған, халқым, тыңдасаңыз,
Шешейін соқырыңның әңгімесін.
Жерде қызыр болғанда, көкте Ғайса Нәби,
Жаратты алты күнде бү дұнияны.
Сулы-сусыз дегенің от пенен су,
Аспан мен жер, әйел-еркек, рахат-бейнет.
Он екі болады екен жұптылары,
Достысы бір Алланың нұр Мұхаммед.
Дұшпаны ғазәзілдей лағнет,
Шешерімді білместен айтып салдың,
Ит тиген қазаныңа, соқыр төбет.
Исрапыл пәрменменен сұрын ұрар,
Сол күні өлім қошқар бауыздалар.
Қолына шақи менен кесені алып,
Алланың дәргайынан Бәтима Құсайынның құнын
даулар.
Шапиғы дәргайыңнан қор қылма деп,
Әбу Жаһил оттан тон киіп барар.
«Шайтан, күнайыңды өзің ал» деп,
Имам ағзам малғұнға қазы болар.
Ғарасат майданында тергеу болса,
Жетпіс жыл қабір үстінде қайран болар.
Жиналған сол майданда тойлар болса,
Мариямды Мұхамедке неке қылар.
Олардың тойларының қызығы үшін,
Ғали арыстан Қаһарманмен күрес салар.
Арыстанның дәрежесі артық үшін,
Тізесін бір мүдіртіп жолын алар.
Екінші күрестерге тілесе де,
Оларға рұқсат бермес періштелер.
Құдайдың құдіретінен пәрмен болса,
Сол күні көк өгізді тойға сояр.
Қу соқыр, сен білмесең мен айтайын,
Ұзындығы Сираттың үш мың жылдар.
Таразысы Сираттың Құдаш жылан,
Бір жағын шын Мекайыл басып тұрар.
Қылдан жіңішке, қылыштан өткір, мұздан тайғақ,
Өткізер періштелер сонан айдап.
Көрмеген ешнәрсені сендей соқыр,
Жығылар сондай жерге соры қайнап.
Өтеді құстай ұшып көзі барлар,
Жығылар сен секілді соқыр мұндар.
Әкең Қаржау Жайықтың басы бар ма,
Қу соқыр құмарланып мұнда нең бар?
Шөже:
Сөйлеткен қара өлеңді тіл мен жағы,
Сыналар қалың топта ердің бағы.
Алаяқ шаң жұқпаған болсаң ақын,
Кемпірбай, шешіп берші мұны тағы.
Арықтан бір түйе өлді жетіп ажал,
Майы бар алты батпан безбенге сал.
Жиілігі жиырма төрт, топайы бес,
Сабы төрт, қылыш екі, қиыны үш,
Кемпірбай, болсаң ақын бөгелмей шеш.
Көтерген жеті бидай жалғыз тауық,
От оттап су ішеді ебін тауып.
Арыстан аждаһадан қорықпайды,
Жалғыз-ақ көртышқаннан қылар қауіп.
Баласын Орта жүздің үйір қылған,
Шаң шыққан таңдайыңнан болсаң ақын,
Осыны бөгелместен берші тауып.
Басына бәйтеректің бітеді рәң,
Рәңді мекен қылған екі түрлі аң.
Қылышын өткір қылып қайрап алып,
Он жігіт аралайды сайыпқыран.
Кемпірбай:
Сыналар қалың топта ердің бағы,
Шешен топта шығады аруағы.
Жиналған күллі қауым құп тыңдаңыз,
Шешейін әңгімесін мұның тағы.
Азырақ сөйлер сөзге болдым зерек,
Шабыстан болдырмайтын мен бір керік.
Арықтан өлген түйеңді ойға салдым,
Айы біткен бір жілік болса керек.
Жілігі жиырма төрт дегенің жұмасы жер төрт,
Топайы бес дегенің бес намаздан.
Қас қылдың мұсылманға ақылың аздан,
Сабы төрт дегенің құтпанның төрт парызы.
Шешерімді білмедің, соқыр жазған.
Қылыш екі дегінің сүннет екі,
Қиыны үш дегенің отыра жіп,
Пайғамбар алып қайтқан Михраждан.
Бәйтерек басындағы реңі шашың,
Бит, сірке екі түрлі аң қылған қасың.
Сайыпқыран он жігіт он саусағың,
Қылышы өткір деп ұстарасын.
Осы ма маған айтқан ұпайыңыз?
Бұл жерде жеңсең мені қоқайыңыз.
Топайды мен шаққанда қажаларсың,
Басында дастарқанның шоқайыңыз.
Шөже:
Бұл сөзім Орта жүзді жағаласын,
Кемпірбай, ақылың болса таба аларсың.
Шөжені жұрт жеңбеген жеңемін деп,
Ағаңмен көп ішінде жағаластың.
Жалғаннан өтіп кетсең өмірің еш,
От туры уктабим мастуры деш.
Құраннан міне дәлел аят айттым,
Кемпірбай, болсаң ақын бөгелмей шеш.
Кемпірбай:
Қу соқыр, сөзің қайсы ұғынатын,
Кезегің келді міне жығылатын.
Соқырым, айтысқанда әдетің ғой,
Сасқанда құранға кеп тығылатын.
Бұрынғы әңгі соқыр пақыр болдың,
Айрылып таза малдан тақыр болдың.
Өлеңге құран сөзін қосып айтып,
Қатының талақ, өзің кәпір болдың.
Шешейін төртеуіне Мұса барған,
Алладан төрт ауыз сөз жауап алған.
Дидарыңды көрсет деп жылағанда,
Мұсаны аяп нұрын тасқа салған.
Денесі тәлімиллә балқып кетіп,
Тағаны еріп кетіп таста қалған.
Осындай дәлел сөзден түк білмейсің,
Қу соқыр, былшылдамай, жоғал, арман.
Шөже:
Шөже айтты ақын келмес беттеймін деп,
Бәрің де қаламадың бітпеймін деп.
Жаманмен түк білмейтін айғайласпай,
Ас үйге жөнеледі ет жеймін деп.
Кемпірбай:
Құранды тәлби ғылым молла оқыр,
Көпшілігі сөздің түрін аңдып отыр.
Арасын адал-арам айырмайсың,
Қайда барсаң онда бар, аңғал соқыр.
Сүзеген киме соқыр азбан екен,
Берілмей дін жолынан азған екен.
Арасын артық-кемнің айырмайтын,
Шөжені бір қолдаушы жазған екен.