«Әуелі, сөз бастайын жүрген жайдан...»
Қашқынбай Қожамбетұлы · 44 жол
Әуелі, сөз бастайын жүрген жайдан,
Бір лебіз тыңдасаңыз Қашқынбайдан.
Еліне, Хиуаның болдың қонақ,
Дәм айдап бұл жерлерге келдік қайдан?
Алшында он екі ата Байұлымыз,
Ішінде Байұлының қай ұлымыз?
Сахара салқын самал, самиян жел,
Жақсы еді жаз жайлауға Ойылымыз.
Ішінде Қаратаздың Жастабанбыз,
Бір жүріс елден шығып бастағанбыз.
Қу таяқ көлденеңдеп қолға алып,
Әр үйдің есігінде қақсағанбыз.
Ішінде Жастабанның Байсарымыз,
Бұл жерді мекен етсек, жай салармыз.
Қыдырып ел жақсысын танығандай,
Келіп жүр осы күні қай сәніміз?
Жерімде жол бермеген едім жүйрік,
Келгесін Бесқалаға ақсағанбыз.
Әркімге етіп дұға, алып зекет,
Моллаға қарақалпақ ұқсағанбыз.
Қожамбет арғы атам Айдабол-ды,
Дәулетті ата-бабам айдап еді.
Сапарым осы кеткен келіспей жүр,
Талабым бұрынғы өткен қайда болды?
Сынадық ел қыдырып халық ғұрпын,
Біз сонан келіп көрдік Үрген жұртын.
Ерінің мұңайғанын білетұғын,
Қаратаз қайда болды, қайран жұртым?
Мен Қашым дүниенің гүлін терген,
Аралап талай жұртқа нұсқа берген.
Сайраған бұлбұл құстай қызыл тілім,
Опасыз бұл дүниеден өтер ерден.
Жайықтың мен бір жүрген бұлбұл құсы,
Тәуекел ер жігітке Хақтың ісі.
Болғанда екіталай мәжілістес,
Әркімнің айрылады алтын, мысы.
Дұшпанның жамандамас жері бар ма,
Бұл Қашым қараған ба ықты-жарға.
Мың қарға тие ала ма бір сұңқарға,
Он жабы сатсам жетпес бір тұлпарға.
Айрылып жұрттан жалғыз жүрген кезде,
Көрмегей жолықтыра бейілі тарға.
Мақалы бұрынғының дұрыс болса,
«Көп кешер, – деген сөз бар, – сынық арба».