Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Әйекені жоқтауы

Бұдабай Қабылұлы · 230 жол

Әуелі Құдай жаратқан.
Екінші сөзім – Мұхаммед.
Бейнетті басқа бір өлім,
Мұхаммедке болса үмбет.
Жылады деп сөкпеңіз,
Жиналып келген әлеумет.
Ақырын Алла бермесе,
Орнады бізге бір нәубет.
Қарадан шығып хан болса,
Қиын екен хүкімет.
Хүкіметті құрысын,
Тарткызып кетті-ау тақсырет.
Басымда менің қайғы көп,
Аузым – жалын, ішім – өрт.
Айналайын көкежан,
Қараның болдың ханындай.
Қарайғанды ықтаттың
Қамысқа түскен жалындай.
Адыра қалды ақ ордаң
Иесіз қалған ауылдай.
Көсегемді көгерттің
Көктемдегі жауындай.
Жерілмей қалды жеңсігім
Жаңа бір піскен қауындай.
Аға деп арқа сүйейтін
Арқада жатыр Ағыбай.
Әйтілеу болса қартайды
Тұғырдан түскен жабыдай.
Орта жүздің көркі едің
Қоңыраулы бұйра нарындай,

Ай мүйізді қошқардай,
Қол жетпейтін асқардай.
Порымың, көке, бар еді
Рүстем шері Дастандай.
Сақылығың бар еді
Баязит пенен Бастандай.
Қазылығың бар еді
Хазіреті Омар, Оспандай.
Үммәтқа белді байладың
Алланың құлы арыстандай.
Үлгілі қылып сөз айттың
Тәпсірден шыққан дастандай.
Құрама жиып ел қылдың
Еспенің көзін ашқандай!
Қара суды қайнатып,
Қаймағын алған бар ма екен?
Қара нарды зарлатып,
Тайлағын алған бар ма екен?
Әйекем менің сыймайтын –
Дүние сонша тар ма екен?!

Кешке таман болғанда,
Күтумен көз талғанда,
Дауысы шықты арбаның.
Бір ауыз сөзі есітпей,
Ішімде кетті арманым.
«Ой, бауырымдап» ат қойып,
Күңіреніп кетті жан-жағым.
Жылағанда, қайтейін,
Бұйрығы болса Алланың!
Кешке таман болғанда,

Күтумен көз талғанда
Арбасы келді сүйекпен.
Елі-жұртын өксітіп,
Езілтіп кетті жүректі.
Еспе – Сарысудың бір саласы.

Ойымда жоқ өлері,
Көңілім жоқ-ты дір еткен.
Боздағымды бозартып,
Жарақаты жүдеткен.
Атқан күнін ойласам,
Дүйсенбіде, түн бе екен?
Әйекежан ауылдан
Мезгілсіз шыққан күн бе екен
Ажалға біткен жалғыз оқ
Айнымай қалай тиді екен?
Орта жүздің арысын
Өлімге қайтіп қиды екен?
Кұдіреті Құданың
Алпыс екі алуан.
Желекке келген жерінде,
Жарадан ақты қызыл қан.
Ақыры мұндай боларын
Ақылмен болжап таныған.

Елі-жұртын көрмекке
Шыққан екен қаладан.
Мұратына жете алмай,
Үзіліп кетті далада!

Ел бастаған жастан-ды-ай,
Қой бастаған қошқардай.

Артықша оған бақ берді,
Қарадан шығып тасқандай.
Не жазығы бар еді
Екпінін тез басқандай?
Көңілім жаман шошиды
Қасқыр көрген лақтардай.
Ауылға шейін жеткізді
Абдолла берген арбасы.
Көз жасын көл еткізді,
Іші-бауырын өрт қылды,
Қазақтан бетер кайғырды –
Өзбектің бөлек таңбасы!

Сәден менен Тәшімнің,
Таусылды ақыл-айласы.
Хабар күтіп қайрылды
Атасы мен анасы.
Ақырын алда бермесе,
Дұшпанның өтті табасы.
Бұл іске тағы кез келді
Үзеңгі тартқан жолдасы.
Бәрі ұйлығып жиылды
Ишан, қожа, молдасы.
Сәрсенбі күні сәскеде
Жерге тиді жамбасы.

Әйекем еді шалқар көл,
Көзімнің жасы болды сел.
Әйекемнен айрылып,
Талауға түсті қалың ел.
Әйекем еді шынарым,
Білмей де қалдық сыңарын.

Ағайынның арасы
Ажырасса осылай,
Басымыз бір қосылмай –
Білмедім немен тынарын...
Аңқып ұшқан пырағым!
Арғын, қыпшақ, құлақ сал
Бұдабайдың сөзіне.
Сабырға кел бірауық
Сана болса өзіңде!
Айтатыным алдыңда –
Ағекемнің дастаны-ай,
Жұмыр басты пенденің
Ажалдан бар ма қашқаны-ай.
Мен отырмын ортаңда
Өксігімді басқалы-ай.
Жалған деп қайсың айтасың,
Орта жүзден асқаны-ай.
Артықша туған ерімді
Мақтайын, босқа қақсамай.

Бес күндік жалған дүние,
Болармысың бейопа?
Жаны ашыған ағайын,
Боздағыңа қыл бата!
Жоғалды жарық жұлдызын,
Жоғалды алтын ақ сақа!
Татулықтан айрылып,
Қанатымнан қайрылып,
Көк болаттай майрылып,
Көңілге түсті көп қапа.
Болмашыға таласып,
Бақ-дәулетті санасып,

Тартқыздың неге көп жапа?
Өлген үшін өлмек жоқ,
Жүреміз де айта-айта!
Жарылған мұздай күңіреніп,
Жаралы қудай ыңыранып –
Тұғырдан ұшты есіл ер
Дүйсенбі күні таң ата!

Аспан асты желдетті,
Түнек басты жер-көкті.
Жел аударған қаңбақтай
Желкені ұшқан көл кетті.
Жалаңаш қалған жапаннан
Жабырқаған ер де өтті.
Көз жұмған соң Әйекем,
Қадірі артып елге өтті.
Ағасынан айрылып,
Арғынды Құдай еңіретті.
Арманда кеттің, қайтейін,
Дауа таппай жаныңа-ай!
Ажал құрық салған соң,
Табылмас дәру тарыдай.
Ауылдан кеттің аттанып
Ақмешіт деген қалаға.
Қалаға барып жолықтың
Өсек-өтірік, жалаға.
Ту сыртыңнан атқандай,
Қызыл қанға батқандай
Не жазығың бар еді
Үлкен-кіші, ағаға?!
Болыстыққа таласып,

Кезігіпсің қазаға.
Аман жүрсең, ағатай,
Артыңда қалған ағайын
Болмас па еді садаға?!

Ай батқандай қызарып,
Күн батқандай ұзарып,
Келмеске енді жөнелдің,
Қысылғанда, қырмызым,
Халқыңа бар-ды керегің.
Артыңдағы еліңді
Иесіз қалар демедің.
Ақылың жүйрік болса да,
Азға тиді көмегің...
Ішіңе сыймай кернеді
Қайратың мен өнерің.
Өрге жүзген нәһандай
Сол өнерден не көрдің?!
Жолықтырған ажалға –
Менмендік болды себебің!
Дүбір-дүбір ат қандай,
Үй сыртында жортқандай.
Айдалаға қараймын
Ағекем келе жатқандай.
Қанша досың бар еді
Сый-сыбаға тартқандай?
Қай сүйенішің бар еді
Көңіліңе жаққандай?
Бақталасың көп еді
Жанын жалдап сатқандай.
Арманда кеттің, көкежан,
Қарауыл қойып сақтанбай!

Осыны көріп мен-дағы
Өлімнен болдым қорыққандай.
Жалғыз жатып болдың мерт,
Басыма түсті қайғы-дерт.
Қара шашы жайылып,
Қосағынан айрылып,
Жарың қалды ақша бет.
Әжібайдың баласы –
Досыңыз еді Тоқпамбет.
Құдаларың әне отыр –
Алшынбай мен Еспембет.
Бар сүйенішім сендерсің,
Көзің қырын салып өт.
Жетім-жесір баланың
Мандайынан сипай кет!
Ердің өзі өлді деп,
Әруаққа болма шет!
Құдай салды, біз көндік,
Айықпайтын таптым дерт.

Біржан сал Қожағұлұлы өлеңдері

Барлық 83 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері