Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Кемпірбайдың Әсетке айтқаны

Кемпірбай Бөгенбайұлы · 56 жол

Көңілді Әсет келді көтергелі,
Болмайды кеуде шіркін жөтелгелі.
Артыма бір-екі ауыз сөз тастайын,
Басымды жастықпенен көтер бері!
Өлсем де «Көк кептерге» бір соғайын,
Қу тақтай екі ішекті әпер бері.
Аузыма айрыларда сөз салмасаң,
Қонғаның, өлең шіркін, бекер ме еді?
Ал енді шіркін көмей былпылдасын,
Сөзімді әшиесіз кім тыңдасын.
Ішінде Арғын, Найман салдым айғай,
Не кылып шіркін көмей жыртылмасын!
Мойынға әзірейіл салса құқық,
Білемін ғазиз жанның құтылмасын.
Кемпірбай бұл дүниеден көшіп кетсе,
Білемін енді өзімдей ұл тумасын.
Суырған қынабынан наркескендей
Әр жерден қызыл тілім қылтыңдасын.
Көңілімді Әсет сұрап келгеніңде,
Шаба алмай кәрі тарлан сылпыңдасын.

Боз шапса, боз озбай ма буырылдан,
Мен шапсам, жер танабы қуырылған.
Жай тастап, құлашымды алып жылдам,
Жабының күнде озушы ем тұғырынан.
Біреумен алтын жүзді дос-жар болмақ
Өзіңнің бойға біткен пығылыңнан.
Келсе де тоқсан ақын, торай бермей,
Мен дағы озып жүрмін ығылымнан.
Ер Дәуіт жеті жаста иектеген,

Жасыңның суын іштім құдығынан.
Тереңдеп Сырдың суы қаптаса да,
Сонда да келмеуші еді жұлығымнан.
Әй, Әсет, осынау дерттен мен өлемін,
Науқасым меңдеу тартты бұрынғыдан.
Ұшса да қанат байлап аспанменен,
Өлімнің кім құтылар құрығынан.
Сұрасаң хал-жайымды, Әсетжаным,
Жатырмын ұшайын деп тұғырымнан...

Әсетжан, осы аурудан өлем білем,
Алланың аманатын берем білем.
Кеудемнен көкала үйрек «қош» деп ұшты,
Сол шіркін кәрі жолдас өлең білем.
Басымда отырды өксіп қимай, тоқтап,
Кете алмай бөтен жаққа, айналсоқтап.
«Серігім, қош, аман бол, Кемпірбай» деп,
Жылады бұрынғы өткен күнді жоқтап.
Әсетжан, осы ауру коймас білем,
Алланың әмірі екі болмас білем.
Қамығып, «қош» деп жылап, ұшып кетті,
Осы өлең Серкебайға қонбас білем.

Сәлем айт Арқадағы хан-қараға,
Қара Ертіс, Қарқаралы жандараға.
Атығай, Қарауыл мен өрдегі Үйсін,
Қараөткел таныс едім екі араға.
Семейде топырағым болар білем,
Кемпірбай – дұға қылсын бейшараға.

Біржан сал Қожағұлұлы өлеңдері

Барлық 83 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері