Құлманбет пен Бала Ораз айтысы (1-бөлім)
Құлманбет · 189 жол
Құлманбет:
Алып келді мені сөйле деп
Мына Балтаның ұлы Бекпенбет.
Мен жасымнан шешен туғанмын,
Сөйлер сөзге тым жендет.
Кейінгі өскен балалар,
Көрмегейсің тосырқап,
Аузы-басын түк басқан,
Сақал-мұртын шаң басқан,
Әлдекім деп жүрмеңіз.
Мен – кешегі бір күндерде
Алашқа бәйге бермеген
Белгілі тарлан Құлманбет.
Ер баласы ерге ұсар,
Базарда қымбат зерге ұсар.
Жұрт көшкенмен, тебіренбес,
Мінезі ауыр жерге ұсар.
Кәрі жыным келген соң,
Әруағы құрғыр төнген соң,
Мына отырған Оразға
Олай да былай сөз айтып,
Желкесінен бір тістеп,
Жүдетейін десем де,
Азырақ түсі меңзеп тұр,
Өзіміздің Тазға ұқсап.
Ақсұңқар құс секілді
Қанатым сүйір дөңгелек.
Қыран бүркіт секілді
Қауырсыны мықты шеңбірек.
Қары лашын секілді
Бауырым шұбар, сыртым көк.
Ашуым келсе, шыдатпас,
Менің аузым құрысын, –
Құрулы тұрған зеңбірек.
Жас алпысқа келгенде,
Бір сөйлейін барымды,
Келген жоқ па маған бір кезек?!
Бала Ораз:
Мен бір жасыма келгенде,
Балалықпен жүргенмін.
Екі жасқа келгенде,
Еңбектеп дәурен сүргенмін.
Үш жасыма келгенде,
Тілім шығып, сөйледім.
Төрт жасыма келгенде,
Ата-анама ергенмін.
Бес жасыма келгенде,
Ойын түрін білгенмін.
Алты жасқа келгенде,
Ағаға сәлем бергенмін.
Жеті жасқа келгенде,
Бала болдым зерделі.
Сегіз жасқа келгенде,
Жақсы менен жаманды
Ақылым жетіп тергедім.
Тоғыз жасқа келгенде,
Топтанған қолды көргенмін.
Он жасыма келгенде,
Ордаға жауап бергенмін.
Он бес жасқа келген соң,
Келдібай деген ауылға
Жиенмін деп еркелеп,
Өзімді өзім тыя алмай,
Олай да былай сөйледім.
Жиырмаға жасым жеткен соң,
Аспанның астын кезгенмін.
Сырдан шыққан Қуаңды,
Ырғыздан шыққан Торғайды,
Арқаның алпыс саласы,
Атпен жүріп айналып,
Сан қызығын көргенмін.
Айналасы алты айлық,
Төңірегі төрт айлық,
Шалқып жатқан Нарынды,
Үш жылдай кезіп келгенмін.
Сүйтіп алаштан озып жүргенде,
«Нағашың кім?» дегенде,
Қарақұл менен Құлманбет,
Екі жүйрік, сен дедім.
«Жиені кім?» деп айтқанда,
Төсімді қағып, мен дедім.
Ашулансаң, нарынды ал,
Назарыңды аулақ сал.
Сен алғанмен бір нарды,
Бөтенге кетпес еңбегім.
Құлманбет:
Дәулеті бар деп естігем
Сонау Жайықтан арғы Нарында.
Бұл күндері болғанда,
Нарыннан дәулет арылды.
Кешегі бір уақытта,
Нарын деген ар жақта
Иесіз қоныс көп еді.
Бұ күндері болғанда,
Нарындағы иесіз қоныстың
Біразы кетті хандыққа,
Біразы кетті қазынаға.
Қайырулы мал өспес,
Нарыннан дәулет арылды.
Сүйтіп шалқып жүргенде,
Кімнің жақсы, жаманы,
Кімнің адал, арамы,
Кімнің ұшқыр, шабаны
Бұл халыққа мәлім-ді.
Мен кешегі күнімде
Алашқа бәйгі бермеген
Құлманбет едім кәдімгі.
Жиенбеттің тойында,
Мұқыр судың бойында,
Мен аянып нетейін,
Шамаға келсе, барымды.
Жолымды менің алған соң,
Арқа терім тарылды.
Өзім жоқта нар беріп,
Өз қолынан ар беріп,
Мен Жиенбеттей көрмедім
Жұртқа қайтқан жарымды.
Бала Ораз:
Асу да асу ел көшіп,
Есепсіз ауыр жүк салып,
Бақалшағы майысса,
Түн қатқанда кірпігі,
Бір-біріне жақын келіп ойысса,
Қабағын шытып мұңаймас
Сен едің бітеу өркеш үлегім.
Қаршыға құстай қайқиған,
Тұрымтай құстай тұңқиған,
Ителгі құстай еңкейген,
Салқиғанда қаз ілген,
Қабағы тарса түйілген
Сен бір қыран түлегім.
Палуанның қолындай
Ұстауға мықты білегің.
Падишаның сойындай
Қашаннан болат сүйегің.
Қарақұл менен Құлманбет,
Сен екеуің тұрғанда,
Бір Тәңірден болмаса,
Кер келмес деп жүр едім.
Нағашым жүйрік сен едің,
Сойыңа тартқан мен едім.
Сен жоғары кеткен соң,
Төменгі болған жиынға
Жиенбет кез келген соң:
«Жүйрігім, сөйле!» – деген соң,
Айт деп рұқсат берген соң,
Астана жұртты көрген соң,
Көп ішінде көтеріп,
Біразырақ сөйледім.
Ашулансаң, жолыңды ал,
Назарыңды аулақ сал.
Қолыма тиген олжамды
Ұсынбай кетпен деп едім.
Құлманбет:
Мен жиырмаға жасым жеткен соң,
Талай да жерде сөйледім
Берендей безеп тілімді.
Сөйтіп шалқып жүргенде,
Қазаққа даңқым білінді.
Мен кешегі күнімде
Бір қазақтан кем бе едім?!
Бір қазақтан кем болсам,
Таз баласы, сынарсың,
Өшіріп таста үнімді.
Енді айтайын шынымды,
Жасырмайын мінімді.
Мен желігіп кеткен соң.
Ораз түгіл, қара Таз,
Бәріңе бермен тынымды.
Тынымды неғып берейін,
Жас алпысқа келгенде,
Жолымды берді деген соң,
Кәрілігім білінді.
Енді айрылман деп тұрмын,
Шамам келмей қалмаса,
Жез қармағыма ілінді.
Жиырмаға жасым жеткен соң,
Талай да айқай салғанмын.
Ел сыйлығын көп көрдім,
Өмірде жоқ-ты арманым.
Алшиып атқа мінген соң,
Арқадаға алты Әлім,
Желкедегі Жетіру,
Он екі ата Байұлы –
Аспанның астын шарладым.
Шарлап жүрген жерімнің
Өңгесін айтып нетейін,
Осы Таздың ішінен
Көргенімді-ақ айтып өтейін.